Тәуелсіздік - 30

Үздік отыз жобаға үш миллион

Бүгінгі технология тетігі дамыған заманда ғылым мен білім жолында бәсекеге қабілетті болмасаң, жаһандану көшінен қалыс қаларың анық. Сондықтан да тәуелсіздік алғалы елімізде аздап болсын шығармашыл жастарды қолдауға көңіл бөлініп келеді. Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 30 үздік жобаға 3 миллион теңгеден берілмек

Тәуелсіз елдің жастарына арналған жоба бес бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде №469 Үкіметтің қаулысымен “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындау бойынша ережелер мен тұжырымдама қабылдады. Енді осы жоба негізінде 14-29 жас аралығындағы жастар игілікке жарайтын идеяларын іске асыруға мүмкіндік алмақ. Жобаның шартына сай жаңа идеяларды жүзеге асырып, қазіргі таңда қолда бар жобаларды дамытуға болады. Сондай-ақ ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріліп отыр.

– Грант жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалады деп жоспарланып отыр. Үміткерлердің үздік жобаларын таныстыру мақсатында жеңімпаздар белгіленеді. Комиссия орталық атқарушы органдар, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылардан жасақталады, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Жоба шартына сай белгіленген бес бағыттың біріншісі – ғылым саласы болса, екінші бағыт – мәдениет саласы. Ғылым саласы бойынша жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыру көзделсе, мәдениет саласы бойынша мәдени мұраларды елге таныстыру мақсат етілген. Келесі бағыт заман талабына сай ақпараттық технологияларға арналған. Бұл бағыт бойынша бақ сынаушылар жаңа «IT шешімдер» мен осы саладағы тың жобаларды, оның ішінде стартаптар әзірлеу көзделген. Төртінші бағыт бойынша бизнес саласы белгіленсе, бесінші бағыт ретінде медиа саласы таңдалып алынған.

Жобаға өтінімдер қабылдау 19 шілдеден басталып 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button