Үш жылда 19 нысан пайдалануға беріледі
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында 11 ірі спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы денешынықтыру бөлімінің меңгерушісі Фархат Құсайынов мәлім етті.
– Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында облысымызда үш спорт нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсақ, олар: Алтай ауданының Серебрянка қаласында салынған денешынықтыру-сауықтыру кешені, Самар ауданының орталығында орналасқан жүзу бассейні, сондай-ақ Өскеменде бой көтерген Үстел теннисі орталығы, – дейді Фархат Құсайынов.
Оның айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында ел Шығысында тағы 19 еңселі спорт нысаны бой көтермек. Олардың арасында бес денешынықтыру-сауықтыру кешені, 11 спорт модулі және үш бассейн бар. Сондай-ақ жаңадан құрылған Абай облысында 11 нысан салынады деп жоспарлануда.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы өкілінің сөзіне сенсек, соңғы 15 жылда өңірде 25 ірі спорт нысаны пайдалануға берілген.
– Спорт ғимараттарының жалпы саны туралы айтар болсақ, Шығыс Қазақстанда мұндай 3 261 нысан бар. Бұл ретте, облыс екіге бөлінгеннен кейін, Шығыс Қазақстан өңіріндегі нысандардың саны 1 809-ды құрағанын айтқан жөн. Ал Абай облысына 1 452 нысан тиесілі, – дейді Ф.Құсайынов.
Айта кетейік, биылғы алғашқы жарты жылдықта өңіріміздегі спортпен шұғылданушылар саны 465 мың адамға жетіпті. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, былтырғы көрсеткіш 427 мың адам төңірегінде болған-ды.
– Біздің аймақта спорттың 90 түріне ерекше көңіл бөлінуде. Олардың 37-сі олимпиада бағдарламасына енетінін айтқан жөн. Бұл спорт түрлерімен 256 мыңнан астам адам шұғылдануда. Сол сияқты, 205 мыңнан аса жерлесіміз олимпиадалық емес спорт түрлеріне ден қойған, – дейді бөлім меңгерушісі.
Сәрсен Қабылым