ҚоғамТОП

Үш баспананы сыйға тартты

Баспанасыз жүру кімнің де болсын күйісін кетіріп жібереді. Торғайдың ұясындай болса да, үйің болғаны жақсы.

Әрине, мемлекет  тарапынан түрлі бағдарламалар шеңберінде пәтерлер, жер үйлер беріліп те жатыр. Дегенмен, ондай игіліктерге ілінбей жатқан отбасылар да аз емес. Оларға қайтпек керек?.. Көңілге медеу болатыны, тағдырдың сынағына түсіп, жоқшылықтың қамытынан құтыла алмай жүрген жандарға қоғамда қамқоршылық көзқарас бар. Таныс-білістері әлеуметтік желіге жариялап, жағдайын баяндап, көмек көрсету шараларын ұйымдастырып жатады. «Көп түкірсе, көл» дегендей, артынша сол отбасылардың қажытқан күрсінісі шат күлкіге алмасқанын жүздерінен байқапе көңілің елжірейді, қуанасың.

Бұдан бөлек, қолдауға мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық қорларының саны да артып келеді. Олар тек мемлекет көмектессін деп қарап отырмай, бір жағына шығысып, әлеуметтік әлсіз топтардың мәселесін шешуге бел шеше кірісіп жүр. Сондай ұйымдардың бірі – «Харекет» қайырымдылық қоры жуырда Ақжар ауылында өткен Қабанбай батырдың 330 жылдығында көпшіліктің көзінше тарбағатайлық үш отбасыны бақытқа кенелтті. Атап айтсақ, 719-баспана Мұрат Бітібаевтың отбасына, 720-баспана Жасұлан Тоқтағұловтың отбасына, 721-баспана Айнұр Нұрпейсованың отбасына берілді.

«Харекет» қайырымдылық  қорының себепші болуымен халықтың жинаған қаражаты есебінен үйлі болған үш отбасының мүшелері де қуаныштарын жасыра алмай, қалың елдің алдында ақтарыла сөйледі, алғыстарын білдірді.

«Харекет» қайырымдылық  қоры күні бүгінге дейін жеті жүз жиырмаға жуық отбасының баспаналы болуына ықпал еткен. Соның ішінде 50-ден астам баспана Шығыс Қазақстан облысындағы тұрмысы төмен жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, тұл жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар санатындағы отбасыларға табысталған. Салтанатты рәсімде үйдің кілттерін «Харекет» қайырымдылық қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Шынар Садықова, исламтанушы Қуат Қабдолда тапсырды.

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, қоғамның берекесін арттырып, адамгершілік қасиеттердің алға озуына септігін тигізетін де осындай игі қадамдар деп білеміз.

Ерлан Бапанов, Тарбағатай ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button