Білім

ҰБТ-2022: қандай өзгерістер бар?

Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ десек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында білім беру мәселесіне ерекше басымдық беріп, «Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің негізгі міндеті» екендігін атап өтті. Білім беру ұйымдарының жұмысын айқын көрсетіп, білім сапасына қол жеткізетін көрсеткіштердің бірі Ұлттық бірыңғай тестілеу. Биылғы ҰБТ республика бойынша 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.

                 Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың айтуынша, биылғы оқу жылында 11-сыныпты 8859 түлек бітіріп шығады, оның 7510-ы (84%) ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр.

Биыл мемлекеттік білім грантына үміткерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, оқуға түсуші білім грантын алуға арналған конкурсқа қатысқанда неғұрлым жоғары балл жинаған сертификатын ұсына алады.

Енгізілген өзгерістердің бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге тест тапсырмаларын орындауға негізгі 240 минутқа қосымша 40 минут берілетін болды. Сонымен қатар оларға сурет, сызба және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалған.

ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштігі кестесі болады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жастардың жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру үшін биыл былтырғымен (410 грант) салыстырғанда білім беру грантының көлемі облыстық бюджет қаражаты есебінен 10%-ға ұлғайды, яғни 450 грант. Оның ішінде 222 грант Президенттің тапсырмасы бойынша IT мамандықтар, телекоммуникация, энергетика, механика, басқаруды автоматтандыру, металл өңдеу, тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру, сәулет, қала құрылысы, кадастр, стандарттау, көлік құрылысы сияқты техникалық мамандықтарға бағытталған, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Тест нәтижесі қандай жағдайда жойылады?

Облыста ҰБТ өткізетін үш пункт жұмыс істейді: Өскемен, Семей қалаларында және Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында. Аймақтық тестілеу орталығының басшысы Динара Мейірғазықызының айтуынша, ақпараттық қауіпсіздік мақсатында биылғы тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Енді тест тапсыру орнында әрбір тест тапсырушының тұлғасын сәйкестендіретін Face ID және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу мақсатында екінші камера орнатылған. Ереже бұзылған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға әрекет еткен жағдайда тәртіп бұзушылар анықталып, олардың тест нәтижелері жойылады. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-2022 бейнежазбасын күнтізбелік жылдың соңына дейін тексереді. Сондықтан барлық талапкердің тест тапсыру ережесін сақтауы маңызды.

– ҰБТ барысында талапкерлердің академиялық адалдықты сақтауында ілгерілеушілік байқалады. Тыйым салынған заттарды алып өту, оларды тестілеу кезінде пайдалану фактілері әзірге байқалмады. Бұл тестіленушілердің тыйым салынған заттарды пайдалану мүмкін еместігін және өз біліміне ғана сену қажеттігін көрсетеді, – дейді білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсұтова.

Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 572. Сала министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, егер «Алтын белгіге» үмітті талапкер ҰБТ-дан төмен балл алып, шекті балды жинай алмаса, онда мектеп басшылығы тікелей жауапқа тартылады. Сондықтан білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына аталған мәселені назарға алуды ескертті.

ҰБТ-ға қатыспай-ақ білім грантын жеңіп алды

Мектеп директоры Әділ Сайлаубектің айтуынша, барлық білім ордаларындағыдай Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінде де оқушыларды ҰБТ-ға даярлау қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтырғы оқу жылына тоқталатын болсақ, мектепті тәмамдаған 47 оқушының 23-і жоғары оқу орындарының грант иегері атанды. Алты түлек білімін жалғастыру үшін шетелдік оқу орындарын таңдаған.

– Түлектеріміздің жоғары білім алып, еліміздің дамуына өз үлесін қосуы – біз үшін мәртебе, – дейді мектеп басшысы. – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың күн сайын жаңа даму белесіне өтіп отыруы мұғалімнің де өзін-өзі үнемі дамытуын қажет етеді. Сол себепті оқыту барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электронды оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларын меңгеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. 11-сыныпқа сабақ беретін ұстаздардың барлығы дерлік білім жетілдіру курстарынан өткен, жоғары білімді, педагог-эксперт, педагог-зерттеуші санатындағы ұстаздар. Мектеп бітірушілерді әр пәннен даярлап шығару мұғалімнің шығармашылығына, жауапкершілігіне, ізденушілігіне байланысты десек, біздің ұстаздарымыз – оған қажетті барлық тиімді әдіс-тәсілді меңгерген білікті мамандар.

Биылғы оқу жылында аталған мектепті бітіретін түлектер саны – 40. Осы түлектердің барлығы өз бағын сынап, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Олардың ішінде облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары да бар. Осы оқу жылы көлемінде Лунара Тоқтарбекова, Маржан Омарғалиева сынды оқушылар экономика саласы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды.

28 оқушысының 23-і грант иегері

№46 орта мектебінен биыл 49 оқушы түлеп ұшса, оның 15-і – «Алтын белгіге», 8-і – «Үздік аттестатқа» үміткерлер. Осы 49 оқушының барлығы  жоғары оқу орындарына түсу мақсатында Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды жоспарлап отыр.

Мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаеваның сөзінше, оқушылардың таңдап отырған мамандықтары айқын болғандықтан даярлықтары да жоғары деңгейде.

Мектеп екі бағытта жұмыс істейді: жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық. Мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ-ға даярлау жұмыстарына басшылық етіп отырған директордың оқу-тәрбие ісінің орынбасары Бақытжан Мұхтарқызы тестілеуге жүйелі түрде даярлау үшін арнайы жоспар құрып, таңдап отырған пәндеріне сәйкес түлектерге қосымша сабақ кестесін  құру, ай сайын бақылау тестін алып, мониторинг жүргізіп, кемшіліктері мен олқылықтарын толықтыру мақсатында пән мұғалімдерімен, оқушылармен тығыз байланыс орнатқан. 10-11 сыныптарға сағат бөлген кезде мұғалімдер сараланып, педагог-зерттеуші, педагог-шебер санатындағы мұғалімдер сабақ беруіне басты көңіл бөлінеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде былтырғы оқу жылында 79 түлектің 16-сы «Алтын белгіге», 12-сі «Үздік аттестатқа» бітірген. ҰБТ-дағы орташа балл – 75. Жоғары оқу орындарына 73 оқушы түссе, соның 46-сы грант иегері атанған.

– Сынып жекшілері Г.Исаханова, Г.Сағатова, Ф.Нұрғалиева оқушылардың бейіміне қарай мамандықты дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беріп, қосымша сабаққа қатысуларына ықпал етіп, үнемі қолдау білдіріп отырады. Мәселен, Г.Исаханованың 11 «М» сыныбындағы 28 оқушысының 23-і грант иегері атанғанын мақтанышпен айтуға болады. Бұл – үлкен жетістік, – дейді Гүлфарида Базарбайқызы.

Оқушыларды жоғары деңгейде ҰБТ-ға даярлап жүрген мұғалімдер: қазақ тілі пәнінен Б.Ынтықпаева, Д.Сатенбаева, Г.Исаханова, математика пәнінен Қ.Амирова, Г.Сағатова, Э.Балғазина, Қазақстан тарихынан М.Аубакирова, Ә.Райымханова, дүниежүзі тарихынан Д.Мусаипов, химия пәнінен Н.Ақтанова, биология пәнінен А.Дабинова, физика пәнінен Г.Абдуғожанова, география пәнінен А.Түгелбайқызы, ағылшын тілінен А.Мусинова, Ж.Мұсахаеваның еңбектерін ерекше атап өткен жөн.     Бірқатар оқушы халықаралық, республикалық, аймақтық және қалалық сайыстар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жергілікті университеттермен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген түлектердің ол жақта да жақсы білім деңгейін көрсеткендері үшін ректорлардың атынан мектепке алғыс хаттар  келіп жатады.

Нейла Самат «Ақылды Awards» сайысының бас жүлдесіне ие болып, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің білім грантын жеңіп алды. Ерасыл Пазижанов аталмыш университет ұйымдастырған «Лидер «Жас талап-кз» физика пәнінен өткен олимпиадасында жүлделі ІІ орынмен қатар ректордың грантын жеңіп алып,  электроэнергетика және наноэнергетика факультетіне оқуға түсті.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Әлия Ермекқызы жүлделі ІІІ орынға ие болып, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың білім грантына ие болды. Ал республикалық олимпиаданың финалисі Альмади Асланұлы академик Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің грантын жеңіп алды.

Мектеп басшыларының айтуынша, ҰБТ-ға сапалы даярлау үшін басшылыққа алынатын – пәндік оқулықтар, «Онлайн мектеп «5+», «AmanSultan», «ІТ тест», информатика пәнінен Quizizz. com test, ағылшын тілінен excellence. kz, ent-online. ru., megamozg. kz.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button