Мәдениет

Әубәкірова өз әлемімен таңғалдырып кетті

Әубәкірова өз әлемімен таңғалдырып кетті

Осы апта классикалық музыканы сүйетін өскемендіктер мен қала қонақтары үшін ерекше есте қалды. Облыстық драма театрында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, есімі күллі әлемге танымал пианист Жәния Әубәкірова шығармашылығына 30 жыл толуына орай үлкен концерт берді.

Оқырмандарға Жәния Яхияқызын таныстырудың, мақтаудың әсте қажеті жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемге Жәния Әубәкіровасымен мақтанып жүр. «Сырт көз сыншы» дегендей, Жәнияның өнерін тамашалау арқылы шеттен келгендер еліміздің музыка өнерінің қаншалықты деңгейде екенін біліп, бағамдайды. Ендеше, сондай жарық жұлдыздың Өскеменге келіп, өнер көрсетуі облыстың мәдениет саласы үшін үлкен оқиға екені сөзсіз. Әсіресе, классикалық музыка өнерін құрметтеушілер үшін бұл – ерекше мереке. Өз кезегінде өңірімізге осындай өнер шеберінің келуі тыңдармандардың талғамының да өскенін білдірсе керек.

Сөйтіп, өнерсүйер қауымның тағатын тауысқан концерт те басталып кетті. Екі бөлімнен тұратын концертінің алғашқы бөлімін Жәния Яхияқызы неміс композиторы Иоганн Себастьян Бахтың, екінші бөлімін поляк композиторы Фридерик Шопеннің шығармаларына арнады. Күйсандықтың пернесінен төгілген бірде сырлы, бірде мұңды тәтті әуен облыстық драма театрының кең залына жиналған тыңдарманның жанын бірден баурап алды. Шеберлікке қашан да шек жоқ қой. Жәния Яхияқызы ешқандай нотаға қарамай-ақ, күйсандықта Бах пен Шопеннің шығармаларын ойнағанда, тіпті өзін де ұмытып кететіндей көрінді бізге. Бахтың буырқанған сезімі мен Шопеннің шалқыған шабыты пианистің қиялына қанат бітіріп, тым алысқа алып кететіндей ме, қалай? Өнер шеберінің залдағы көрерменге көңіл бөліп, концерттің арасында классикалық музыканың тарихы мен жанрлары жайлы әңгімелеп беруі де бізге керемет әсер етті.

– Баллада деген не? Бұл, шындығында, кәдімгі әңгіме. Немесе ертегі, батырлар жыры деуге де келеді. Балладаға да қандай да бір драмалық оқиға өзек болады. Шопеннің №3-ші балладасы сұлу болғанымен, бірақ зұлым сиқыршы туралы. Ол өзінің сұлулығымен арбап, жолаушыларды жолынан адастырады, құздан лақтырып, өлтіреді. Шопеннің №4-ші балладасында да қандай да бір драмалық оқиға суреттеледі. Десе де, бұл балладаны тыңдаған кезде тыңдарман оқиғаның қалай өрбитінін сезіп, қиялына ерік береді. Шындығында, мұның бәрі адамның эмоцияларының ойыны. Мұнда кез келген адам басынан өткеретін қуаныш та, қайғы да – бәрі бар, – дейді Жәния Яхияқызы.

Концерт соңында өнер шеберіне облыс атынан ықылас гүлі табыс етілді.

– Мен сіздерді осынау ғажап ғимараттың ашылуымен құттықтаймын. Рояльдарыңыз құтты болсын. Пианист үшін мұндай рояльда ойнау – нағыз бақыт. Бүгін шымкенттіктер де хабарласып, осындай «Стэнвэй» роялін сатып алғандарын айтты. Қуанышымда шек жоқ, – деді өнер шебері.

Ертесінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, есімі күллі әлемге танымал пианист Жәния Әубәкірова Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенттеріне шеберлік класын өткізді.

– Біз, пианистер, театрдағы актерлер сияқтымыз, шығармадағы оқиғаны сезінуіміз, не туралы ойнап отырғанымызды білуіміз керек, – деді Жәния Яхияқызы студенттерге арнап өткізген шеберлік сабағында. Маэстро әрбір студентті жеке-жеке тыңдады, ақылын айтты, жарқын болашаққа үміттендірді. Өзінің ұлы музыкант қана емес, нағыз ұстаз екенін көрсетті. Биыл Жәния Яхияқызының Құрманғазы атындағы ұлттық өнер ордасын басқарғанына тура 20 жыл толып отырған көрінеді.

Десе де, жұртшылықтың көңілінде бір ой қалды. Президентіміздің өзі өнеріне табынған, қолын қысқан Жәния Әубәкірованы атқамінерлеріміз неге елемеді? Әлде Жәниядай күллі әлемді мойындатқан өнер шебері біздің өңірімізге күнде келіп жатыр ма? Өнер шеберінің облыстық драма театрында өткен концертінде тым болмаса облыстық мәдениет басқармасының басшысы төбе көрсетуге болар еді ғой. Жәния ешқандай қолпаштауға мұқтаж емес, бірақ ол өнерге көрсетілген құрмет болар еді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button