Мәдениет

Уақытты уысында «ұстаған»

Уақытты уысында «ұстаған»


«Уақытты тоқтатар құдірет суретшілер мен фотографтардың қолында бар деп кім айтты екен?» деп күбірледім ішімнен облыстық өнер мұражайында сурет көрмесін тамашалап келе жатып. «Бәлкім, қателескен шығар ол…».

Осы тұста ойымды бөле тұрып, мынаны түсіндіре кетейін: бұл – Суретшілер одағының мүшесі Николай Аштеманың Тұңғыш Президент күніне арналған көрмесі. Көрмеге тарихи тақырыпта жазылған жұмыстарын қойыпты. Тарих болған соң бәрі қамтылған: жаугершілік, отаршылдық, соғыс, азаттық және махаббат.

– Бала күнімнен аңыз-ертегіге әуес болып, тарихи кітаптарды жастанып оқыдым. Бұл тақырыпқа тосыннан келгем жоқ, – дейді Николай Аштема.
Келгендердің назарын ең әуелі екі портрет «мендұндалап» аударып тұрды. Біріншісі – елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген «Өзгерістер желі. 90-шы жылдар» деп аталса, екіншісі – қазақы шапан киген автордың автопортреті. Қылқалам шебері бұл екі жұмысты жазуға көп уақытын арнағанын айтады. Өкінішке қарай, Елбасымен жүздесудің сәті түспепті. Десе де, оны телеэкраннан жиі көретіндіктен, аса бір қиындық тумағанын айтады портрет жазу кезінде.

Уақытты уысында «ұстаған»

Екі суретке алма-кезек көз тастап, ой құшағында тұрған көрермен жігіттің жанына таядым.

– Шебер! Шебер! – деді өзін «Жас суретшімін, ныспым – Еркебұлан» деп таныстырған ол таңдана бас шайқап. – Бірақ неге? Неге соққан жел оның шашын артқа қайырып, галстугін алдында қалықтатып тұр екен?

– 90-шы жылдардың желі оңай болмаған екен. Ұйытқып соғып тұр-ау, – дедім әзілдеп. –Ал мына автопортрет жайында не дейсіз?

– Мен бұл жұмысы туралы автордың өзінен естіген едім. Ол өз-өзін айна алдында тұрып бейнелегенін айтқан. Шапаны қандай жарасымды, ә, солай емес пе? Николай Аштема нағыз патриот адам ғой, көрмесін «Менің Отаным – Қазақстан» деп атауы тегін емес, – деді жас суретші.

Бұлардан әрі қарай Томирис патшайымды, Шыңғыс ханның сатқындық жасаған Жамұқаны жазалауын бейнелеген картиналар орын теуіпті. Ал сосын «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі», сосын «Өлімші болып жараланған Төлегеннің жабайы қаздарға сөз айтуы» деп аталатын екі картина қойылған. «Әуелеп ұшқан алты қаз» және жаралы Төлеген…

Уақытты уысында «ұстаған»

Айта кету керек, мұнда облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі Азамат Шалабаев және Тарбағатай ауданынан Әлібек Шоқанов, Семей қаласынан Құмар Макаров сынды Суретшілер одағының мүшелері келіп, мерейтой иесін 75 жасқа толуымен құттықтады.

Одан кейін арнайы дайындалған автор туралы шағын фильм ұсынылды. Фильм Николай Аштеманың қылқаламды алғаш қолға ұстаған бала кезінен бастап, майталман суретші атанып отырған бүгініне дейін баяндайды.

Біз көрмені қайта бір аралап шықтық. Өткен шақтарды жыр ететін, тарихи оқиғаға негізделген туындылар манағы ойдың шоғын қайта үрледі: «иә, уақытты тоқтатар құдірет суретшілер мен фотографтардың қолында тұр деп кім айтты? Уа, соны айтқан адам қателесіпті. Олар естігені мен көргенін бар болғаны естелік етіп қалдыра алатын шарасыз пенде екен. Көзім жетті».

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button