Білім

Уақыт талабына сай мамандар даярлайды

Уақыт талабына сай мамандар даярлайды


Семейдегі Құрылыс колледжі уақыт талабына сай мамандар даярлап келе жатқан ең көне оқу орындарының бірі. Бұл оқу ордасына басшылық жасап отырған Қайрат Тастекеев колледжде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мағлұмат берген болатын.

– Колледжде қазір 500-ден астам студентіміз бар, олар 12 мамандық бойынша білім алуда. Қысқа мерзімде құрылыс-жол саласындағы барлық мамандықтар бойынша даярлайтын ресурстық орталық өз жұмысын жүргізуде.Республикалық «Серпін» бағдарламасы бойынша 84 студент оқиды. Олардың барлығы еліміздің оңтүстік өңірінен келген.

Колледждің инженерлік-педагогикалық құрамында бірінші, екінші санатты оқытушылар мен шеберлеріміз бар. Біздің студенттеріміз әрдайым көптеген қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар, сайыстар мен конференцияның жеңімпаздары. Оның айғағы, қазіргі кезде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша ерекше көңіл бөлініп жатқан техникалық және кәсіптік білім беру құзыреттіліктерін анықтайтын әлемдік шеберлік сайысы – «WorldSkills» чемпионаты. Бұл чемпионат облысымыздың білім басқармасы және техникалық кәсіптік білім беру орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келеді. «Кірпіш қалау», «Құрғақ сылақ жұмыстары», «Ағаш шебері», «Әрлеу жұмыстары» және «Слесарьлық жұмыстары» құзыреттіліктері бойынша біздің студенттеріміз төрт алтын, екі күміс медальдарымен марапатталды. Бұл біздің шеберлеріміз бен шәкірттеріміздің үлкен еңбегі деп білеміз. Алдағы уақытта Махан Рахат Будапешт қаласында өтетін еуропалық Евроскиллс кәсіптік шеберлік сайысына «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша қатысуға жолдама алып отыр. Елімізге абыройлы оралады деп ойлаймыз. Астана қаласында өтетін Ұлттық Kazakstan WorldSkills чемпионатында Шығыс Қазастан облысының намысын қорғау үшін төрт студентіміз жол жүргелі отыр. Бұл балалардың барлығы да осы өздері оқып жатқан мамандықтарын жақсы меңгеріп, білімдерінің нәтижесін көрсетуде.

Колледждің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда, биылғы оқу жылына үш жарым миллион теңгеге тренажер-автокөлік краны алынды. Осының барлығы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасы. Заманауи қондырғылар мен аппараттар оқу сапасын одан ары жақсартады деген ойдамыз. Студенттердің ынталары да ерекше, – дейді колледж директоры.

Ең бастысы, қоғамға қажетті, заманға сай мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің қарасы көп екендігіне қуанып қалдық. Иә кәсіптік мамандықтардың ешқашан құнын жоғалтпайтынын көріп жүрміз.

Ерлік Ерікұлы, техникалық құрылысшы мамандығы

бойынша білім алушы,:

– Мен бұл колледжге Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қаратал ауылынан «Серпін» бағдарламасы бойынша 11-сыныпты бітіріп келіп отырмын. Бұл бағдарлама бізді тегін оқытып жатыр. Ай сайын 16500 теңге шәкіртақы төленеді. Үш уақыт тамақпен де қамтамасыз етіп отыр. Осының барлығы Елбасымыздың қамқорлығы деп ойлаймын. Осы оқуымды аяқтап, еліме, жеріме пайдамды тигізетін мамандық иесі атанғым келеді. Менің оқу мерзімім – екі жыл алты ай. Осы уақыт ішінде көптеген дүниелерді үйренемін деп ойлаймын. Оқуымды бітіргеннен соң, өзім туып-өскен Алматы облысында жұмыс істеп, үлкен-үлкен ғимараттар салғым келеді. Келешекте «Архитектор» мамандығы бойынша білім алмақпын.

Ақнұр Сәбитқызы, колледж студенті:

– Мен де осы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен келіп отырмын. Арманым құрылысшы болу. Семей құрылыс колледжінің 1-курс студентімін. Бүгінгі күнде өзімнің қиялымнан туған бірнеше сызбаларым мен макеттерім бар. Соларды келешекте жүзеге асырғым келеді. Бұл колледжге түсіп, білім алып жатқаныма өте қуаныштымын. Біздің әлі үйренетін дүниелеріміз көп.

Уақыт талабына сай мамандар даярлайды

Марат Жексенбеков, өндірістік практика шебері:

– Бізге осы жылы келген аппараттармен жұмыс істеу өте қолайлы. Бұл электронды аппарат бұрын-соңды болмаған еді. Болашақ мамандарды жан-жақты даярлап шығуға бұл қондырғының тигізер пайдасы зор. Осы электронды кран арқылы студенттер кірпішті қалай қою керектігін меңгеруде. Мұның тиімді жақтары өте көп. Қандай биіктік, қанша градус барлығын өзі көрсетіп тұрады.

Асқар Нәбиұлы, өндісітік практика шебері:

– Оқушыларымыз бүгінде көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінде облыс пен республикалық жарыстарға қатысып, сылақ сылаудың бірнеше үлгілері және әлемдік стандарттарға сай кірпіш қалау сияқты түрлі жарыстардан колледж студенттері алтын және күміс медальдармен марапатталып отыр. Осындай жетістіктермен жолдамалар алып, жақында Будапешт қаласына жол жүргелі отырмыз. Махан Рахат Қазақстан құрамасында ұлттық чемпионатқа дайындалуда.WorldSkills станадарттары өте қиын. Еуропалық стандартқа сай кірпіш қалау үлкен шеберлікті талап етеді. Осыны біздің студенттеріміз жақсы меңгеріп алды. Кірпіш қалауда әрбір миллиметр, сантиметріне дейін өлшеп қойылады. Бұл жұмысты атқаруға 7 сағат уақыт беріледі. Артық-кем жерлері арнайы станоктармен ғана қиылады. Әрбір миллиметр қымбат. Егер ауытқу болса, жинаған балдарын шегеріп тастайды. Студенттеріміз нағыз шеберліктерін көрсетіп жүр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Білімнің салтанаты жалпыға ор¬тақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себеשּׁтері бар. Технологиялық революцияның беталы¬¬сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт¬та қазір¬гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ¬дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер¬туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», – деген болатын. Заман көшіне ілесе жүріп, мамандықты меңгеріп, оны кәдеге жарату, білімді де білікті ұрпақтың міндеті болмақ.

Ал, Құрылыс колледжі түлектерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп, үлкен өмірге қанаттандыруда. Мұндағы студенттердің барлығы ертең ел игілігі жолында еңбек етері анық.

Мақпал Самархан
Семей.

Осы айдарда

Back to top button