Мәдениет

Қуаныштың шабысы қуантты

Қуаныштың шабысы қуантты

Қуаныштың шабысы қуантты


С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 65 жылдығына орай «Біз жырлаймыз тағылымды тарихты» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Өскемен қаласы Металлургтер мәдениет сарайында өткен сөз барымтасына 12 жас қатысып, бағын сынады. Айтыс шымылдығын ашқан Өскемен қаласы Абай атындағы №33 мектептің қос оқушысы Ардақ Адалбекқызы мен Ерасыл Ермекұлы болашақта айтыс әлемінен алатын еншісі бар екенін дәлелдеді. Сөз бастаған қос талантқа қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ардагер ақын Мәуітқазы Зүкенов ақ батасын берді. Жас түлектерге ыстық ықыласын білдірген ақсақалға ұйымдастырушылар шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ақтангер ақын Абаш Кәкенов бастаған қазылар алқасы ақтық сынға төрт ақынды өткізді. Суырылып шыққан төрттіктің алғашқы жұбы болып семейлік Манарбек Сатыбалды мен өскемендік өрен Жұлдызай Маратбекқызы сөз қағыстырып, ой жарыстырды. Жастайынан айтыс сахнасын көріп өскен семейлік жас өзінің төселген ақын екенін дәлелдесе, ақын қыз «оңай шағылатын жаңғақ емес» екенін көрсетті. Мәреге қатарласа жеткен қос талантқа қазылар тең деген баға берді. Ал алғашқы айналымда ел назарын ерекше бұрған өскемендік Қуаныш Еркінұлы мен Нұржан Қайратұлы ақтық сында да аянып қалған жоқ. Оқу орнының бүкіл жетістіктерін жырға қосып толғаған Қуаныш білікті ұстаздарды да ұмыт қалдырмады. Қызыл тілі қызғанда соңғы жылдары тарих факультетіне қосылып кеткен филология кафедрасын қайтаруды сұрады басшылардан. Өйткені тіл ғалымы Сәрсен Аманжоловтың атын алып отырған оқу орнында филологтардың өзге факульететке кіріптар болуы көңілге қаяу түсіреді деген ойын бүкпесіз жеткізді. Оқушы кезінде оза шауып, біраз жылдық кідірістен кейін айтыс аламанына қайта қосылған Нұржанның екпіні де бөлек болды бұл күні. Латын әліпбиі, ұлттық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі туралы орамды ой өрбіткен ол көрермендер үшін шоу да жасап жіберді. Қуаныш інісінің көрермендер қатарында отырған жұбайын сахнаға шығарып, шай құйғызып, елді күлкіге қарық қылды. Сахнаға классикалық үлгіде киініп шыққан әріптесіне Қуаныш ұлттық шапанын сыйлады. Бұл бәсекеде бірінші айналымда әдемі айтысымен көзге түскен Ақиық ақындар мектебінің студенттері де жаман айтысқан жоқ. барлығының алға ілгерілеген қадамы қуантты.
Қысқарта айтқанда, Өскемендегі айтыс көшінің аяқ алысы жаман емес. Талантты жастар бар, бірақ соларды демей білетін, жебей білетін алдыңғы буынның ақылы мен осындай айтыстар көптеп керек, әрине.

Сонымен айтысқа тігілген бас жүлденің 50 мың теңгелік жүлдесін Қуаныш Еркін еншіледі. Бірінші орынның 40 мың теңгесі Нұржан Қайратұлында. Екінші орынға қойылған 30 мың теңгені қазылар алқасы Манарбекке тапсырса 20 мың теңгелік үшінші орынның жүлдесін айтысқа қатысқан жалғыз қыз Жұлдызай еншіледі.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button