Қоғам

Уақытыңды тиімді басқара біл

 Облыстық әкімдікте Өскемен горнизонының әскери қызметкерлеріне электронды сандық қолтаңбаны алу және оның мерзімін ұзарту бойынша арнайы семинар ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент пен  әскери прокуратураның бірлескен іс-шарасына онлайн режимінде Күршім, Жарма және Зайсан аудандары қатысты.

Бүгінгі күннің талабы сол- бүкіл әлемдік қауымдастық цифрлы форматқа өтіп жатыр. Бізде де «Цифрлық Қазақстан», оның ішінде «Цифрлық Шығыс» бағдарламалары қолға алынғаны белгілі. Елімізде тұтынушыларға 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылға дейін еліміздегі барлық қызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетілуі тиіс. Ал биылғы меже – 80 пайыз.

-Біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Облыста жеті мыңнан астам әкімшілік қызметші, одан да көп әскери қызметшілер бар.Біз бір мезетте қызмет алушы да, қызмет көрсетуші де болып табыламыз. Алайда тәжірибе мемлекеттік қызметшілердің өздері басқаларға қойған талаптарды аяғына дейін орындамайтынын көрсетеді. Корпорация қызметкерлері әсіресе қаңтар-ақпан айларында ХҚКО-да кісі аяғы қалың болатынын айтады. Өйткені таяуда мемлекеттік қызметшілердің барлығы деклорация тапсыруға тиіс. Ал қазір оның қағаз жүзіндегі нұсқасы қабылданбайтынын білесіздер. Тек электронды түрде өткізуге болады. Ол үшін ең алдымен электронды сандық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Бүгінгі семинарда корпорация мамандары сіздерге ЭЦҚ қалай алуға жәнеоның мерзімін  үйден шықпай қалай ұзартуға болатынын үйретеді, – деді семинар жұмысын бастаған Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Департамент басшысы семинардың мақсаты – азаматтарға өз уақытын тиімді басқаруды үйрету екенін баса айтты. Өткен жылы корпорация мамандары барлық бірінші басшыларға ЭЦҚ алуды үйреткен екен. Алдағы уақытта да ұйымдар мен мекемелерден өтініш түсіп жатса, корпорация бұл жұмысты жалғастыра береді.

-Мен де қайталап айтамын, біз уақытымызды басқарып үйренуіміз керек. ХҚКО-дағы мамандар ең алдымен сол жерге келген зейнеткерлерге, көпбалалы отбасы мүшелеріне, смартфонды пайдалана алмайтын тұрғындарға қызмет көрсеткені дұрысырақ. Біздің мамандар сіздерге осы жерде қалта телефоны арқылы ЭЦҚ қалай алу керектігін көрнекі түрде көрсетіп береді, – деп жалғастырды корпорацияның басқарма басшысы Антон Крамаренко.

Корпорация маманы Аяужан Қызырованың түсіндіруінше, ЭЦҚ-ның кілтін үйде отырып-ақ, қалта телефонына eGov mobile қосымшасын жүктеп, сол арқылы рәсімдеуге болады. Тек оны алу үшін міндетті түрде ХҚКО бару керек. Электронды қолтаңба бір жылға беріледі. Ал мерзімі аяқталған соң оны қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйде отырып та ұзартуға болады екен.

Маманның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда салық есебін өткізу, несие тарихы туралы анықтаманы алу, сонымен қатар мемлекеттік және әскери қызметшілердің жылжымас мүлкі бар-жоғы туралы анықтама алу қызметтері көп сұранысқа ие екен. Шара барысында мамандар кейбір әскери қызметшілерге жеке-жеке түсіндіріп, мобильді үкімет қосымшасына тіркелудің нұсқаулықтары жазылған бүктемелерді таратты.

Жанна Қабдолдақызы сонымен қатар электронды цифрлы қолтаңбаның кілттеріне сақ болуды, үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын қатаң ескертті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button