Мәдениет

ҚУ АҒАШҚА ТІЛ БІТІРГЕН ТҰРҒЫСЫНДЫҚ ҚАС ШЕБЕР

ҚУ АҒАШҚА ТІЛ БІТІРГЕН ТҰРҒЫСЫНДЫҚ ҚАС ШЕБЕР

– Күн қанша бұлттанса да, таң атпай қоймайды – дегендей, шынайы өнер туындысы да ұзақ уақыт шыңырауда жатқанымен күндердің күні жарыққа бір шығары хақ. Қарапайым ғана шаруа отбасында дүниеге келіп, бар мен жоқтың парқын біліп өскен Олег ағаштан ою оюдың қас шебері. Оның туындыларының ең кішкентайының көлемі түймедей ғана болса, ірілерін түйедей деуге болады.

ҚУ АҒАШҚА ТІЛ БІТІРГЕН ТҰРҒЫСЫНДЫҚ ҚАС ШЕБЕР

– Алдымда жатқан ағашты ала сап, пышақпен кез келген оюды оя берем деп айта алмаймын, – дейді бізбен сыр бөліскен шебер. – Ол да тіршілік иесі. Онымен тіл табыса білу керек. Шығармашылық – көбінесе адамның көңіл күйіне байланысты. Көңілің шалқып, қиялың қанаттанып тұрса қолға алған ағашыңның өзіне тіл бітіп, өзіңе не жасау, қалай жасау керектігін баяндап, бағыт-бағдар бере бастайды. Осындай көтеріңкі көңілмен бастаған ісіңді айналасы бір аптада аяқтап тастауға болады. Кейде бір істі өз-өзіңді күштегендей ықылассыз бастауға тура келеді. Ондайда қолың жүрмей, ойған өрнегің көңіліңнен шықпайды. Пышағыңды қайта-қайта жанып, жиі демалуға себеп іздеп, ақыры бастаған шаруаң шаршатып жібереді. Ал шынайы жүрек қалауымен атқарып жатқан ісіңді түннің бір мезгіліне дейін қиып кете алмай, ертеңгісін қайта қолыңа алғанша асығасың.

ҚУ АҒАШҚА ТІЛ БІТІРГЕН ТҰРҒЫСЫНДЫҚ ҚАС ШЕБЕР

Олегтің келіншегі Маргаританың да қолы не нәрсеге епті боп шықты. Осыдан 20 шақты жыл бұрын өздері тұратын Тұрғысын ауылында екі жақтап жүріп шағын ғана ағаш шеберханасын ашып, ұсталыққа қажетті балға, балта, қашау мен арадан бастап, басқа да толып жатқан ұсақ-түйек керек-жарақ саймандарды өз қаражаттарына бір түгендеп алғасын осы жұмыстарын бастаған көрінеді. Бұл жұптың шығармашылық саладағы тың ойлары, қосымша ақыл-кеңестері, түрлі туындылардың эскиздері бәрі-бәрі ортақ. Сондықтан да болар, бұлар жаңа кәсіптерін енді ғана бастап, шеберханаларын қалай атауды әлі ойлана қоймаған кездің өзінде ақ, жерлестері бұл екеуіне «Мастер и Маргарита» деп ат қойып, айдар тағып тастапты. Осылайша дүниеге келген ағаш шеберханасы бұл күнде Тұрғысын мен Зырянды айтпағанда, облыс орталығы Өскемен, тіпті, Астана жұртшылығына да танымал боп қалған жайы бар. – Бұл шеберхана қазір біздің отбасымыздың малтабары, – дейді Маргарита. – Ағаштан ою-өрнек жасау бір қараған адамға ешқандай оқу-тоқуды қажет етпейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда, ол айта салғанға оңай. Бұл өнер барынша ептілік пен төзімділікті талап ететін шұқыма жұмыс. Олег әлдебір туындысын соңына дейін тамамдағанша ұсақ-түйек мәселелермен мазасын алмауға тырысам.

ҚУ АҒАШҚА ТІЛ БІТІРГЕН ТҰРҒЫСЫНДЫҚ ҚАС ШЕБЕР

Зырян қаласының орталық алаңына барған адам Олегтің қолынан шыққан бірталай туындыларын тамашалай алады. Ондағы мүсіндер бір кездері жайқалып тұрған ағаштардың төменгі бөлігінен ойып жасалған. Бірде қаладағы арнайы мекеме қызметкерлері сол алаңдағы кәрі ағаштардың барлығын кесіп тастамақ болыпты. Осы кезде Зырянға әлдебір шаруамен кеп қалған шебер әлгілерге «Мына ағаштардың түбінен шамамен 1,5-2 метрдейін кеспей қалдыра көрсеңіздер екен» деп жат та кеп жалынады. Ақыры әкімдіктегілерге өзінің түпкі мақсатын білдіріп, әлгі ағаштардың әрқайсысынан бір-бір туынды жасап шығарады. Қазір осы туындылар қала көшелеріне өзіндік көрік беріп тұр. Көріністердің бірінде соғыстың басталған уақытында ұлын майданға аттандырып тұрған ана мен әскери киім киген жас сарбаз бейнеленсе, екінші көріністе омырауы орден-медальдарға толып, еліне жеңіспен оралған сарбаз бейнесі өте шеберлікпен кескінделген. Осыдан біраз жыл бұрын Олегтің бірнеше туындысын жергілікті әкімдіктегілер аттай қалап сатып апты. Олар қазір орталықтағы «Горняк» мәдениет үйіне айтарлықтай айшық беріп тұр.
Якубовичтер шеберханасынан шыққан өнімдерге ел арасында сұраныс та жоқ емес секілді. Алайда, бұқараның басым бөлігі мұндай өнер туындыларына атүсті қарайтындығына, туындының ішкі образына, яғни, шебердің сол туынды арқылы не айтқысы келгендігіне тереңірек үңілмейтіндігіне қынжылысын жасырмаған шебер өркениеті дамыған елдердің дәл осындай өнерге қалай қарайтындығын, оны қалай жоғары бағалайтындықтарын қызыға да, қызына баяндап берді.
Тұрғысын ауылынан өткенде байыптап қараған адам сол ауылдағы жол бойындағы ағаштан ойып жасалған көптеген аңдар мен құстарды, ертегі кейіпкерлерін көрері сөзсіз. Түрлі түсті бояулармен әдемілеп бояп қойған туындылар онсыз да тап-тұйнақтай ауылдың ажарына ажар қосып тұр. Бейне бір ертегілер әлемі дерсің. Бір ғажабы, қайсыбір елді мекендердегідей әлгі мүсіндерді ешкім бүлдіріп, қиратып немесе пайда көріп үйлеріне әкетіп жататын жабайы, пасық әрекеттер мүлдем жоқ бұл ауылда. Сонысына қарап, Тұрғысын халқының ішкі мәдениеті жоғары ма деп қалдық. Осы әдемі мүсіндердің барлығының авторы – Олег Якубович.
– Өзім осы ауылдың топырағына аунап, суына шомылып өскесін бе, Тұрғысын ауылы мен үшін ерекше ыстық. Сондықтан туған ауылыма мысқалдай болсын пайдам тиіп жатса – ол менің перзенттік парызым, – дейді Тұрғысынның тума таланты.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button