Қоғам

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

Өскемендіктер Тұңғыш Президент күні ерекше қуанышқа бөленді. Өңірдің бас шаһарында бірегей оңалту орталығы ашылып, заманауи үлгідегі студенттер жатақханасының қолданысқа берілуі, Жекпе-жек сарайында бұрын-соңды жұрт көрмеген ерекше концерттік бағдарламаның өтуі және осы салтанатты шараларға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВТІҢ қатысуы көпшіліктің көңілін марқайтып, рухын серпілткені рас.

Озық үлгідегі оңалту орталығы

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

Облыс орталығында тағы бір тамаша нысан бой тіктеді. Оның кереметтілігі алыстан көз тартар көркінде немесе ерекше салынған үлгісінде емес, адамдардың денсаулығына тигізетін орасан зор пайдасында.
– Президент ұстанған сарабдал саясаттың бірі – халықтың денсаулығын сақтау және нығайту. Осы мақсатта елімізде, өңірімізде талай жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – баршамыз куә болып тұрған мынау заманауи оңалту орталығының ашылуы. Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ел игілігіне берілген нысанда адамдарды сауықтыруға, оңалтуға барынша жағдай жасалған. Мұндағы шетелдік озық технологиялар, медициналық құрал-жабдықтар бүкіл халыққа, оның ішінде әсіресе, ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне және басқаларға жоғары дәрежеде дәрігерлік қызмет көрсетуге, ем-дом жүргізуге мүмкіндік береді, – деп орталықтың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген медицина ғылымдарының докторы Зейнолла Сұлтанбеков жиналған жұртты қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.
Бірегей оңалту орталығы бюджеттік емес қаражатқа, яғни, «Парыз» қорының есебінен салынған. Жаңа мекемеде ауруларды әлеуметтік маңызға ие сырқаттар бойынша оңалту, мүгедектік қаупін төмендету және ауыр науқастан кейінгі өмір сүру сапасын жақсарту қызметі көрсетіледі. Орталықтың тәуліктік қуаттылығы 80 адамды құраса, күндізгі стационарда 20 адамды қабылдауға әлеуетті. Сондай-ақ, бір ауысымда 50 адамды қамтитын емхана жұмыс істейді.
– Бұл – ересек адамдар оңалтудан өтетін еліміздегі алғашқы орталық. Оңалту шаралары негізгі үш бағыт: кардиология, травматология-ортопедия, неврология бойынша атқарылады. Былайша айтқанда, инсульт, инфаркт секілді ауруға шалдығып немесе түрлі жарақат алып, ота жасатқан науқастар біздің орталыққа келіп ем алады. Біздің дәрігерлеріміз Кореядан келген профессорлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, тәжірибе алмасқанына біраз уақыт болды. Шетелдік мамандар өздерінің бағдарламаларын үйретіп, шеберлік сыныптарын өткізуде. Бұл салада алпыс жылдан артық жемісті еңбек етіп келе жатқан кәріс дәрігерлерінің тәжірибесі өте маңызды, – дейді оңалту орталығының бас дәрігері Гүлмира Сағидоллина.
Маманның айтуынша, Оңтүстік Кореяның Дэгу қаласындағы Католик университетімен және Енсе университетінің Кангнам Северанс клиникасымен жасалған меморандум аясында аталмыш орталықтың жеті бірдей дәрігері корейлік емханаларда білімін жетілдіріп, біліктілік деңгейін көтеріп қайтқан. Ал биылғы шілде айында Кангнам Северанстың мамандары мен еріктілері біздің мамандарды Өскеменнің клиникаларында оқытқан болатын.
Тұңғыш Президент күні облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сынды құрметті қонақтардың қатысуымен тұсауы кесілген оңалту орталығында заманауи физиотерапиялық қондырғылармен қамтылған емдік қалпына келтіру бөлімшесі, емдік денешынықтыру залы, еңбек терапиясы кабинеті, логопед, психолог қызмет көрсетеді. Мұнда науқастар облыстың барлық елді мекендерінен алғашқы медициналық-санитарлық көмек және стационар дәрігерлерінің жолдамасы бойынша келіп түседі. Сонымен қоса, жарақат алған спортшыларымыз да сауықтыру шараларын осында өткізе алады.

Бұл концерт бұрынғылардан өзгеше өтті

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

Небір дүбірлі спорттық жарыстардың жалауы желбіреген Жекпе-жек сарайы бұл күні әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің үнімен шалқыды. Тал шыбықтай бұралған бишілердің биімен тербелді. Елдің рухын көтеріп, айбынын асыратын әндер шырқалған кезде сахна төріндегі үлкен экраннан тәуелсіз Қазақстанның тарихы, осы жылдар аралығында Тұңғыш Президентіміздің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз бен жеңістеріміз, толағай табыстарымыз бейнероликтер арқылы көрініс тауып жатты. «Құлақтан кіріп бойды алған» әсерлі әннің құшағында еліткен көрермен қауым бейнешежіренің тереңіне сүңгіп, ұмытыла бастаған өткен күндерімен қауышты.
– Бұл – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының тарихи жетістіктерін айғақтаған мереке. Бұл күні барша қазақстандықтардың Ұлт Көшбасшысына деген шынайы махаббаты мен жоғары құрметі көрініс табуда. Президентіміздің арқасында экономикада және әлеуметтік салаларда халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған реформалар жүргізілді. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының негізінде ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясаты сәтті жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен өзара халықаралық ықпалдастыққа бағытталған сындарлы саясатты жүргізіп келеді. Ұлт Көшбасшысының жемісті еңбегі Отанға қызмет көрсетудің лайықты үлгісі болып табылады. Біз ұлы тұлғаның дәуірінде өмір сүріп, жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз, – деп сөйлеген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ айтулы мерекемен барша шығысқазақстандықтарды құттықтап, жақында ғана халыққа жол тартқан Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталып өтті.
Ақ тілектер ақтарылған құттықтаулар ән-жырға ұласып, мерекенің көрігін одан әрі қыздырды. Бір сәтте көптің қошеметімен сахна төрінен балғын спортшылардың тобы да байқалды. Кимано киген дзюдошылар, білек күштері бұлт-бұлт ойнаған еркін, грек-рим, қазақ күрестерінің балуандары, көркемдігі көз тойдырар гимнастшылар, желмен жарысқан велошабандоздар, сымбатты жеңіл атлеттер, бәрі, бәрі әншілердің шырқай салған әнімен кезек-кезек ортаға шығып, шағын өнерлерін көрсетті.
– Маған концерт ұнады. Есте қаларлықтай ерекше өтті. Ән мен биден басқа әртүрлі көріністер көрсетілуі, спортшылардың шығуы әдеттегі концерттердің форматынан өзгешелеп тұрды. Әсіресе, өнер ұжымдары кезекпен орындаған Елбасының сүйікті әндерінен попурри әсерлі болды, – дейді Өскемен қаласының жас тұрғыны Балжан Жұмаханқызы.

Жайлы жатақхана ашылды

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері үшін де биылғы Тұңғыш Президент күні айрықша есте қалатыны сөзсіз. Бір-бірімен қабаттаса келген шаттыққа толы сәттер университет жастарының жүздеріне қуаныш, жүректеріне сенім ұялатты. Бұл күні аталған жоғары оқу орнының №1 жатақханасы есігін айқара ашты. Жаңадан салынған студенттер үйінің ашылуына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВ, сондай-ақ, іргелі оқу орнын бітірген, бүгінде елге елеулі тұлғаларға айналған түлектер қатысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада он жатақхана салу мәселесі қолға алынған. Соның бірі – міне, Өскемен қаласында бой көтеріп, Тұңғыш Президент күні мерекесінде іске қосылып отырған 500 орындық жатақхана. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында дағдарысқа қарамастан еліміздің экономикасы алға басып, индустриялық-инновациялық бағдарламалар жалғасын таба беретінін, озық технологияларға негізделген тың жобалар іске асырылатынын айтты. Ол үшін, әрине, бізге білімді де білікті мамандар қажет. Мұндай мамандар қазіргі күні ШҚМТУ секілді жоғары оқу орындарында оқып жүр. Олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Ашылып отырған жатақхана да студенттердің қажеттілігін ескеріп салынды. Жастарды жаңа қоныстарымен құттықтаймын, – деп ағынан жарылған министр Аслан СӘРІНЖІПОВ студенттер үйін аралап, білімпаз жастармен тілдесті.

Тұңғыш Президент күні Өскеменде бір емес, бірнеше нысан іске қосылды

«Студенттік баспана» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғызылған бес жүз орындық жатақханада оқу және интернет кабинеттері, акт залы, асхана, тұрмыстық және жуыну бөлмелері бар. Бөлмелері кең, жарық, жылы. Кәдімгі пәтерден еш кем түспейді.
Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВ Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Химия-биология бағытындағы білім ошағының жетістіктерімен, оқу бағдарламасымен танысты. Құрметті қонақтар аталған мектептің оқушыларға көптілді оқыту әдістемесіне оң бағасын беріп, оны өңірдің өзге білім ұяларында да қолдануға болатынына ерекше мән берді. Білім беру мекемесінің директоры Күлфарида Раисованың айтуынша, бірінші сынып оқушыларын оқытқанда, грамматикадан гөрі дұрыс сөйлеуге, тілді жаттықтыруға, классиктердің шығармаларымен таныстыруға ден қойылады екен.
– Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытқан кезде оны күрделендіріп, грамматикамен балалардың басын қатыруға қарсымын. Оқушы кез келген тілді өзінің қалауымен, ынта-ықыласымен үйренгені дұрыс. Назарбаев зияткерлік мектебінде тілді оқытудың біз қалағандай жаңа үлгісі қолға алынғаны қуантады, – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Тұңғыш Президент күні орталық алаңда өткізілген концерттік бағдарламамен түйінделді. Сонымен қатар, осы кеште «Елбасыға – ақ тілекпен!» акциясының қорытындысы шығарылып, Ұлт Көшбасшысына ерекше лебіздерін білдірген жастар марапатталды. Соңында мерекелік отшашу болды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button