Тұғылда «Алтын балық» қуыршақ театры ашылды
Тұғыл кентінде балалардың «Алтын балық» қуыршақ театры ашылып, кішкентай көрермендер үлкен қуанышқа кенелді.
Үш жүз кісілік Тұғыл мәдениет үйінің көрермендер залы балаларға лық толды. Мұнда тұңғыш рет халықтық негіздегі «Алтын балық» қуыршақ театрының тұсауы кесілді. «Алтын қуыршақ» театрының ашылуында құттықтау сөз сөйлеген ауыл әкімі Қ.Мамболов ерекше өнер орталығын ұйымдастырған өнерпаз жандарға алғыс айта келе, балаларды жаңа театрларымен құттықтады.
Сахна жасыл орман, аңдар, сәнді шыршалар, неше түрлі гүлдерге толы. Қоныстағы өнерпаз жандар Нұржан мен Галина Дүнгененовтар балаларға «Қорқақ қоян мен маса» атты ертегі жанрындағы комедиялық қойылымды ұсынды.
Қойылымның режиссері әрі костюмері Нұржан Дүнгененов екендігін естеріңізге сала кетейік. Нұржанның зайыбы сахна декорациясын тамаша етіп жасапты. Нұржан Дүнгененов қасқыр мен аюды, Галина Дүнгененова тышқанды, А.Орынбекова түлкі мен масаны, Г.Қабылқақова қоянды шеберлікпен ойнады.
Шынайы өнерге сусап қалған ауылдың балаларымен бірге ересек тұрғындары да қуыршақ театрын дүниеге әкелген Дүнгененовтар отбасына шынайы ризашылықтарын білдірді. Жоқтан бар жасап, сахнаға көз тартарлық декорация құрып, кішкентай көрермендердің көңіліне қуаныш сыйлай білген өнерпаздар алдағы уақытта жаңа ертегілерді сахналамақшы. Кент тұрғындары болса театр қойылымдарының бірде-бірін жібермей тамашалайтындарын, жаңа туындыларды асыға күтетіндерін айтады.
Шәкен Көпшікбаева
Тарбағатай ауданы.