Тың жобаларымен көзге түскен оқушылар марапатталды
Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті биыл екінші жыл қатарынан балалардың шығармашылық қабілеттерін анықтауға, олардың арасында еріктілер қозғалысын дамытып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік беруге бағытталған «Менің идеяларым – менің еліме!» тақырыбында оқушылардың әлеуметтік бастамаларының ІІ облыстық қоғамдық тыңдауларын өткізді.
Қоғамдық тыңдаулардың алғашқы кезеңіне қала-аудандар бойынша 80-нен астам жоба қатысса, екінші кезеңіне 47 жоба ұсынылды. Оның ішінен үздік деп танылған әлеуметтік, ақпараттық, білімдік, экологиялық бағыттағы 18 жоба (Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Абай, Бородулиха, Глубокое аудандарынан) ІІ облыстық қоғамдық тыңдауға қатыстырылды.
Бас жүлдені «В ногу со временем» атты жобасымен Семей қаласының №8 отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Ерден Мұқатаев, 1, 2-орындарды риддерлік Ирина Шульгина мен семейлік Дастан Демеуғазиев, ал 3-орынды Абай ауданынан қатысқан Әлібек Рамазан иеленді.
Қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ, «Азаматтық Альянс», «Парасатты жастар лигасы» ҚБ, облыстық пікірсайысшылар қауымдастығы, «Шығыс» дебат, Қазақстан КТК одағының Өскемен филиалы жастар бастамасын қолдау, «Шығыс дарындары» балалар баспасөз орталықтары мен облыстық кәсіподақ кеңесі өкілдерінің және еріктілердің белсенді қатысуымен өткен қоғамдық тыңдаулар аймақ оқушыларын жаңа бастамаларға ынталандырып, олардың бойындағы шығармашылық және көшбасшылық әлеуеттердің дамуына ерекше ықпал етті.
ІІ облыстық қоғамдық тыңдаудың жеңімпаздары облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің грамоталарымен және ескерткіш сыйлықтарымен, сондай-ақ, барлық қатысушылар алғыс хаттар және «ВИТА» кәсіпорындар тобы» және «Құндыз» ЖШС-лерінің, «Тала» базарының арнаулы жүлделерімен марапатталды.