Тың идеяларды тоғыстырған көрме
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да оқушылардың техникалық шығармашылығына арналған «Жас техник-2013» көрмесі ашылды. 1993 жылы бастау алған аталған көрме жастардың ресурстық орталықтың патронаждық демеуі арқасында жұмыс істеп келе жатқан ірі шарасы болып табылады.
– Бұл көрме 11-12 наурызда қаланың барлық мектептерінде болып өткен аймақтық көрмелердің қорытынды кезеңі болып табылады. Оған жас техниктер станцияларының тәлім үйренушілері мен экоорталықтардың мүшелері 270 жеке экспонаттары мен ғылыми жобаларын, шығармашылық жұмыстары мен модельдерін ұсынды, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецов.
Бұл күні болашақ машина жасаушылар, инженер-конструкторлар, авиа және гидроинженерлер, байланысшылар, сондай-ақ, космосты игерушілір мен экологтар және басқа да мамандықты пір тұтатын балалар өз қарым-қабілеттерін байқатып бақты. Олар «келешекте шарқ ұрып аспандағыға қол созбай, нақты бір сала бойынша елімізге қызмет етуге міндеттіміз» деген өзекті ойларынан туындап, қолдарынан шыққан дүниелерін өзгелерге етене таныстырып жатты.
Талпыныстың төрін көрсеткен көрменің ең бір татымды тұсы оқушылардың келешек мамандықтары туралы бағыт-бағдар алуына дәнекер болатын университет зертханаларына нақты экскурсия ұйымдастыруы еді. Ал мұнда көрген-білгендері олардың алдағы уақытта «Идеялар жәрмеңкесі» шеңберінде өтетін жобаларға қатысуына кең жол ашқаны сөзсіз.
«Туған жерге туың тік» дейді халық даналығы. Сол себептен де осынау көрмелер арқылы өмірден өз орнын табуға ұмтылған бүгінгі балалар өздерінің техникалық ой-армандарын келешегі кемел қазақ елінің мүддесіне арнаса екен. Өйткені, ел келешегі осы жас қанат – жалынды жастарда емес пе?!