Қоғам

Туристік маршруттар түгенделді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2019 жылдың 7 қарашасындағы  бұйрығымен «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Әлемді», «Әлет», «Қусақ», «Қарабас» атты 4 туристік маршруттарының паспорттары бекітілді.

Сондай-ақ 2020 жылдың 30 желтоқсанында «ҚР Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 38-бабына сәйкес құрастырылған жеке және заңды тұлғаларға табиғи кешендерді туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануы кезінде оларға ақылы қызметтер көрсету тарифі бекітілді.

2021 жылдың сәуір айында «Қарабас» туристік маршрутына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Маршрут басына шлагбаум қойылып, арнайы демалыс орындары белгіленіп, екі күрке үстел-орындығымен қойылды. Демалыс орындарының жанына екі дәретхана, қоқыс жәшіктері орнатылды. Туристік маршрутта өзін-өзі ұстау ережелерінің ақпараттық тақтасы және маршрут бойына бірнеше аншлаг орналастырылды.

Былтырғы  мамыр айында «Әлет» туристік маршруты абаттандырылып, маршрут бойына киіз үй, күрке, дәретхана, ақпараттық тақталар және бағыттауыштар орнатылды. Сонымен қатар монша мен демалыс үйі салынып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Қарабас» және «Әлет» туристік маршруттары абаттандырылғандықтан, 2021 жылдан бері туристерді толыққанды қабылдауда. Ал «Әлемді» және «Қусақ» туристік маршруттары абаттандыру жұмыстарына әзірлік сатысында.

Барлық маршруттардың жүктемесіне келсек, қозғалыс жасау түрі бойынша аралас, яғни автокөлікпен де, жаяу да жүретін жолдары бар. Маршруттарға туристтерді қабылдау мерзімі мамыр айынан қазан айына дейін жалғасады.

Экскурсия маусымының ішіндегі әртүрлі кезеңдер бойынша жол берілетін рекреациялық жүктемелерге келсек, маусымдық қолданыс кезінде өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне кедергі келтірмей, айына 20-50 адамнан жыл ішінде 200 адамға дейін жүріп өтуге жол беріледі. Ұйымдастыру нысаны – топтық және жеке. Топтағы адамдардың ең көп саны 10-15 адамнан аспауы керек. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес бір маршрутқа рекреациялық жүктеме күніне туристердің 1-3 тобына рұқсат етілген.

Биыл аталған туристік маршруттар түгенделді. Соқпақ бойына орнатылған күрке, дәретхана, аншлаг, ақпараттық тақта, бағыттауыштар мен маршрут картасы жөнделіп, жаңарту жұмыстары атқарылды.

Қазіргі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумаққа (ЕҚТА) келуші жеке және заңды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында туристік маршруттарда төтенше оқиға орын алған жағдайда көмек көрсету үшін мобильді топ дайын. Сондай-ақ ЕҚТА-ға арнайы белгілер қойылып, басшылықпен тексерілді.

Демалыс орындарының маңына қоқыс жәшіктері орнатылса да, қоқыстың шашылмауы, қорғалатын аумақтарға кірген туристердің тазалық сақтауы аталмыш аумақтың мемлекеттік инспекторлары мен экскурсия жетекшілерінің қадағалауында.

Алдағы уақытта жоспарланған барлық туристік маршруттар толығымен іске қосылғанда Үржар ауданының халқына жұмыс көзі ашылып, экономикалық және әлеуметтік жағдайлары жақсарары анық. Туристерге көрікті жерлерімізді, флора мен фаунамызды, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді тамашалаумен қатар, маршрут бойындағы ауыл тұрғындарының, омарташылардың өмірімен танысуға толық мүмкіндік бар.

Әсем Көбенова, «Тарбағатай» МҰТП  экологиялық ағарту инженері-мемлекеттік инспектор

Осы айдарда

Back to top button