Қоғам

Тунис төріндегі алтын медаль

Тунис төрінде өткен рейтингтік турнирде еркін күресті серік еткен қазақ балуандары жеті медаль олжалап, командалық үшінші орынға табан тіреді. Қара құрлықта жүлде терген кіл мықтылар қатарында жерлестеріміз де бар.

Ұлттық Олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, дүбірлі додада қанжығаға байлаған қос алтын медальдің бірін 86 келіге дейінгі салмақта күрескен Азамат Дәулетбеков иеленсе, екіншісін 92 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Әбді-Манап Байкенжеев жеңіп алды.

Сонымен қатар Талғат Сырбаз (70 келіге дейін), Болат Сақаев (79 келіге дейін) және Мамед Ибрагимов (97 келіге дейін) осы бәсекенің күміс жүлдесін қанағат тұтты.

Ал Әділ Асқаров (65 келіге дейін) пен Әлішер Ерғалиға (125 келіге дейін) бұйырғаны қола медаль болды.

Турин жерінде өткен байрақты бәсекеде чемпион атанған екеудің бірі Азамат Дәулетбеков бұған дейін Шығыс Қазақстанның намысын қорғап келген. Осы жолы өзінің туған Абай облысының атынан өнер көрсетті және қадамы сәтті болды. Турнирдегі барлық белдесуінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, мықтылығын дәлелдеді. Нәтижесінде рейтингтегі жағдайын айтарлықтай жақсартып алды.

Семейлік балуан алғашқы белдесуінде Түркиядан келген Осман Гоченді 9:1 есебімен тізе бүктірді. Артынша жарыс қожайыны Сабри Мнасрияны 10:0 есебімен ойсырата жеңді.

Осы ретте айта кетейік, бұл салмақта спортшылардың аз болуы себепті белдесулер айналма тәртіпте өтті. Сондықтан үшінші кезеңде Азаматтың жолы Сабримен қайта түйісті, біздің жігіт бұл жолы да қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп – 11:0. Алтын медаль қоржында!

Африкада жалауы желбіреген осы аламанға дүниенің түкпір-түкпірінен Әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері де көптеп қатысқанын ескерсек, Азамат Дәулетбековтің жеңісін ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже деуге болады.

Didar aқпарат

Осы айдарда

Back to top button