Туындыларынан туған жердің иісі аңқиды

Танымал суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мұшесі Гүлнар Бекбердинованың туындыларына қараған сайын, жаныңыз жай тапқандай болады. Әлдебір жылылықты сезесіз, жазира даланың ерке желі бетіңізді өбіп, жусанның иісі мұрныңызды қытықтағандай күйді бастан кешесіз. Мамыра-жай бейбіт өмір мен тыныштықтың ләззатына бөленесіз. Бәлкім, суретші шеберлігі деген де осы болар.
Гардеробтың бетіне сурет салып тастайтын

Өзінің айтуынша, Гүлнар сурет салуға бала кезден әуес болыпты. Кішкентай кезінде үйдегі гардероб бетін бормен шимайлап, сурет салып тастайды екен. Әй, балалық-ай десеңші… Сонда қызының қылығына анасы марқұм қабақ шытып, ренжудің орнына жиһаз бетіндегі шимайларға көз тоқтатып, ойланып, тұрып қалатын. Бәлкім, ана жүрегі қызының болашақта суретші болып, өнер жолын таңдайтынын сезді ме екен, кім білсін. Әйтеуір кейін «сен кішкентай кезіңнен бастап сурет салатынсың» деп үнемі айтып отырушы еді.
Гүлнар 5-7-сыныпқа көшкенде Көкпекті ауданындағы Көкжайық орта мектебіне Алла Доценко дейтін сурет сабағының мұғалімі келеді. Ол – өз ісінің нағыз кәсіби маманы еді. Алматыдағы көркем-сурет училищесін тәмамдаған жас мұғалім мектеп оқушылары үшін суретшілер үйірмесін ашады. Сол үйірмеге Гүлнар да қатысады.
– Алла Николаевна бізге көп нәрсені үйретті, – дейді Гүлнар алыста қалған сол бір кездерді сағынышпен еске алып. – Әлі кішкентай болсақ та, бізді кәсіби суретшілерше қабылдап, табиғатқа қараңдар, бояулардың бәрі табиғатта деп жиі айтатын еді. «Зер салып қараңдаршы, анау бұлттың өзінде неше түрлі бояу бар ғой» дейтін… Біз сол кезде туған жердің табиғатын танып, бояулардың сырына терең қаныға түсіп едік. Әттең, үш жылдан соң, ол мұғаліміміз ауылдан кетіп қалды…
Оныншы сыныпты бітірген соң Гүлнар көп ойланбай-ақ Семейдегі педагогикалық институттың көркем-сурет факультетіне құжат тапсырады. Қызының бұл таңдауына анасының да ықпалы зор болды. Өйткені, Гүлнардың анасының өзі де жасынан он саусағынан өнер тамған, үй тұрмысына деген әдемі, көркем көзқарасы бар жан еді.
Ол кезде Семейдегі педагогикалық институттың көркем-сурет факультетінің беделі өте зор еді. Алматыдан кейінгі суретшілерді әзірлейтін мықты оқу ордасы да Семейдегі пединституттың осы факультеті болатын. Мұнда оқыған бес жылдың ішінде Гүлнар білікті мамандардан дәріс алады. Әсіресе, кескіндеме мен графикадан дәріс берген Иван Лихачев дейтін ұстазына Гүлнардың шәкірттік алғысы шексіз.
– Табиғаты әсем жерлерге плэнерлер ұйымдастырылып тұратын. Төртінші курстың соңында өңірімізге кеңінен танымал өскемендік суретші Ғұмар Макаров Сібе көліне плэнер ұйымдастырды, – дейді әңгімесін әрі сабақтаған Гүлнар. Ол Сібенің көркем табиғатын бейнелеген суреттерін алдағы өтетін дербес көрмесінде келушілер назарына ұсынатынын да айтты.
Ауылдың табиғатын бейнелегенді ұнатады

Институтты бітірердегі диплом жұмысын Гүлнар «беске» қорғайды. Сол жылы Семей қаласының 270 жыл толуына байланысты өткізілген іс-шараға да белсене қатысады. Семей облыстық телестудиясында арнайы хабар ұйымдастырылып, оған ұстаздарымен бірге Гүлнар да шақырылады. Өзге суретшілердің туындылары қатарында Гүлнардың да суреттері теледидардан көрсетіліп, оған өзі түсініктеме бергенін бұл күнде мақтанышпен еске алады. Ескі Семейді, жаңа Семейді және индустриялық дәуір бейнесі кескінделген триптихына беделді ұстаздардың өзі қызыға қараған болатын.
Институтты аяқтаған соң, Гүлнар Көкшетауға берілген жолдамадан бас тартып, суретшілік жолды таңдамай, туған ауылына оралып, мұғалім болуды жөн санайды. Сөйтіп, Көкжайық ауылындағы сол кездегі Ивановка орта мектебінде 7 жыл оқушыларға бейнелеу өнерінен сабақ береді.
– Ауылда мұғалім болып жүрсем де, қылқаламымды қолымнан тастаған емеспін. Ойымды қозғап, жүрегімді тербеген көріністерді майлы бояумен кенеп бетіне түсіруге әр кез асығып тұратынмын, – дейді Гүлнар. – Бірде әкемнің портретін салдым. Ол кезде әкемнің дүниеден озғанына төрт бес жылдың жүзі болған еді. Әкеге деген сағыныштан туған сол суретім өзіме сәтті шыққандай болды, әлі күнге дейін ыстық көрінеді.
Жалпы, ауыл көрінісі, туған жердің әдемі табиғаты – суретші Гүлнар Бекбердинованың сүйікті тақырыбы екенін де айта кеткеніміз жөн. Оның жүрегін үнемі ауылға деген сағыныш кернейді. Ауылға деген сол сағынышы кейде кенеп бетіне сурет болып көшіп те жатады.
Ұлы Абайды қамқор әке ретінде көрсеткім келді

Тоқсаныншы жылдардың басында Гүлнар Бекбердинова шалғайдағы ауылдан қалаға, өзі білім алған Семейіне қайта оралады. Осындағы республикалық Абай мұражайында экскурсовод, аға ғылыми қызметкер болып қызмет істейді.
Қазақтардың сәндік қолданбалы және «Абай тұлғасы бейнелеу өнерінде» атты тақырыптардағы оның зерттеу жұмыстары ғылыми жинақтарға енгізілген де болатын.
Гүлнар Миғражқызы үшін қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевтің көзінің тірісінде мұражайға тапсырған Абай тақырыбына байланысты шығармашылығын зерттеу, көпшілікке паш ету зор мақтаныш, абырой болған еді.
Десе де, Гүлнар өзінің кәсіби суретші екенін ешқашан ұмытқан емес. Осында жүріп суретшілердің республикалық, облыстық деңгейде өткен байқауларына шығармаларын ұсынып отырды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған суретшілердің республикалық көрмесіне Гүлнардың да туған жердің сұлу табиғаты бейнеленген туындысы қатысты. Сол көрмені Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тамашалағаны да Гүлнардың есінде.
Өткен жылы Гүлнар «Менің Қазақстаным» атты облыстық байқауға қатысып, үшінші орынды еншіледі.
Суретші Гүлнар Бекбердинованың «Ашық аспан» атты картинасы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Суретшілер Одағы ұйымдастырған республикалық конкурстың ең үздік шығармалар тізіміне енгенін де айта кеткеніміз абзал.
Ал былтыр күзде ғана өткен «Абайды танып, біл» атты бейнелеу өнері туындыларының бесінші облыстық байқауында Гүлнардың салған еңбегі «Тарихи нақтылық» аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Бұл картинасында Гүлнар Семей қаласына балаларын оқуға алып келе жатқан Абай бейнесін сомдаған болатын.
– Абай тақырыбы менің жаныма жақын. Өйткені, Абайдың заманын суреттеу Абай мұражайында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүргенімнен көңілімде жүрді және бұл суретті салғандағы бірінші мақсатым – Абайды балажан, асқар әке ретінде көрсету болды, – дейді Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Гүлнар Миғражқызы.
Отыз жылдан астам уақыт Семейдегі республикалық Абай мұражайының шырақшысы болған Төкен Ибрагимовты Гүлнар өзінің рухани ұстазы санайды.
– Төкен аға бізді әдемілікті, сұлулықты сүюге үйретті. Сен суретшісің, сенің жан дүниеңмен бірге жүріс-тұрысыңның өзі әдемі болуы керек дейтін, – дейді Гүлнар.
Шынында да, Гүлнармен жақын араласқан адам оның тұла бойының тұнған сұлулық екенін байқар еді. Осы орайда талай суретшінің Гүлнардың портретін салуға өтініш білдіргені де тегін болмаса керек. Олардың Гүлнардың образы арқылы қазақ қыздарының портретін жасағысы келгені де анық. Өкінішке орай, өзі суретші болғандықтан ба, Гүлнар талай суретшінің «сіздің суретіңізді салсам» деген өтінішін жауапсыз қалдырды.
Көл бетінде қанаттарын керіп, би билеген аққуларға мен ұзақ қарадым. Бір қызығы, Гүлнар бұл картинасын түсінде көрген көрінеді. Осынау картинада түстердің керемет бір үйлесімі бар. Бір қарағанда, көп бояу да жоқ. Бар болғаны ақ пен сары, көк түс. Бірақ, суретші бояуды ойната білген.
– Екі-ақ түспен де сурет салуға болады, – дейді суретші.
Қазір Гүлнар Бекбердинова – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи- ландшафтық мұражай-қорығының «Жібек жолы» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі. Мұражай-қорықтың Сол жағалау кешені аумағындағы «Ертегілер елі» атты балалардың көрме-ойын кешеніндегі «Ғасырлар қойнауынан», «Бала қиялдардың әлемі» атты этнографиялық мазмұны терең көрмелерде Гүлнардың да қолтаңбасы бар.
Сурет салу – оның қашан да сүйікті ісі. Алдағы уақытта аталған мұражайда Гүлнардың жеке шығармашылық көрмесі өтпек. Қазір Гүлнар сол көрмеге қызу әзірлік үстінде.
Мейрамтай Иманғали