Туындылары тарихтан сыр шертеді

Зыряндағы өлкетану залында өңірімізге белгілі суретші Петр Гавриленконың жеке көрмесі ашылды. Қыстың көзі қырауға қарамастан, қылқалам шеберінің қолынан шыққан туындыларды тамашалауға зыряндықтар көптеп жиналды.
Суретші, патриот
Бүгінде суретші бақилық болса да, оның мол мұрасын балалары мен немерелері көздің қарашығындай сақтап келеді. Шығыстың таңғажайып табиғаты мен өзен флотының тыныс-тіршілігіне арналған картиналар өңір тарихынан сыр шертеді.
-Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды,-дейді Зыряндағы өлкетану залының меңгерушісі Денис Никитин. Аталмыш шара екі бірдей атаулы күнге арналып отыр. 90 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1928 жылғы 17 қаңтарда кеңес өкіметінің шешімімен Зырян ауданы құрылды. Дәл осы жылы Гусиное ауылында Петр Павлович Гавриленко дүниеге келген.
Болашақ суретшінің балалық балғын шағы Бұқтырма мен Ертіс өзендерінің жағалауында өтті. Есейе келе ол өзін теңіз тұңғиығынан шыққан адам деп атайтын. Оның себебі де жоқ емес. Бұқтырма су электр стансасы іске қосылған кезде Ертістегі өзге елді мекендер сияқты Гусиный ауылындағы айлақты да су басып кеткен еді. Пайда болған су қоймасы шеберді кіші Отанынан айырды. Дегенмен, шығармашылығындағы біршама сюжеттерге арқау болды.
Көрмені Зырян аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова мен суретшінің қызы Надежда Березина салтанатты түрде ашты.
-Көрмені ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Әкем 2011 жылы өмірден озды. Қазір арамызда болса, бұл игі шараға сөзсіз қуанар еді. Соғыс жылдары ол басқа да жасөспірімдер сияқты туған ауылында білім алып, ұжымшарда еңбек етті. Соғыс аяқталған соң, Семей қаласына барып, сондағы өзен училищесіне түскен. Оқуды тәмамдаған соң, қалада жұмыс істеп, капитан шеніне дейін көтерілді. Одан кейін кеме шаруашылығы басқармасында еңбек етті. Оның бүкіл өмірі өңіріміздегі өзендермен байланысты болды, – дейді әкесінің өмірі мен шығармашылығы жайында тебірене сөйлеген Надежда Березина.

Петр Гавриленконың еңбектері Қазақстан Суретшілер одағы тарапынан құрметке ие болды. Кәсіби суретшілер ортасында ол этюд шебері ретінде танылды. Өмірдің қас-қағым сәттерін бірден байқап, әсері мен толғанысын бірден кенепке түсіретін талант иесі еді.
-Қатардағы ауыл баласы сурет өнерін арнайып оқып, үйренбеген,-дейді Надежда Березина. – Соғыс жылдарында шағын ғана ауылда сурет сабағының өтуіне де күмәнім бар. Бірақ әдемілікке, табиғат сұлулығына құштар болған ол суретшілікке өздігінен ден қойған. Есейе келе табиғат көріністерін айнытпай бейнелейтін болды. Алдымен әйгілі шеберлердің еңбектерін көшіріп сала бастайды. Одан кейін сұлбаның нобайларын, этюдтер салады. Кейін оны облыстық көркемөнер көрмесіне шақырып, бақытына орай, сол жерде жолыққан кәсіби суретшілерден бағыт-бағдар, ақыл-кеңес алады.
Ар-ұятты жоғары қойған
Сегіз жыл бұрын суретшінің немересі Денис Березиннің бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде зыряндық өнерсүйер қауым шебердің қолынан шыққан туындыларды алғаш рет тамашалаған еді. Ол кезде көрме қалалық кітапханада өткендіктен, қылқалам шеберінің барлық туындысын толығымен қоюға мүмкіндік болмаған. Ал қазіргі өлкетану залында бұған мүмкіндік бар.
Керемет табиғат көріністері, Ертіспен сырғып бара жатқан кемелер, Семей, Зырян ауданының әсем табиғатын әспеттейтін картиналар өлке тарихынан сыр шертеді.
-Бұл көрменің біз үшін маңызы зор, – дейді Лариса Гречушникова. – Осы ғажайып туындыларды тамашалауға мүмкіндік берген суретшінің туған-туыстарына алғысымыз зор. Бүгінде қоғамдық сананы жаңғырту туралы көп айтамыз. Рухани жаңғыруымыздың өзі туған жерімізге, оқытып, тәрбиелеген Отанымызға деген сүйіспеншіліктен басталады.
Көрмеге суретшінің саналы ғұмырында салып кеткен 60-тан астам туындысы қойылған. Автордың алғашқы еңбектері 50-ші жылдардың аяғында, соңғы шығармалары 2000-шы жылдардың аяғында салынған екен. Туындылардың басым бөлігі Зырян ауданының ғажайып табиғатына арналған.
Суретшінің қызы педагогикалық институтты тәмамдаған соң, жұмыс бабына орай отбасымен Зырянға келеді. Петр Павлович оларға жиі қонаққа келіп тұрған.

-Табиғат көріністеріне арналған этюдтар салуға өзен жағалауларына, Бұқтырма су қоймасына әкемізбен бірге баратынбыз, – деп еске алады Надежда. – Әкеміз шығармашылық адамы болса да, отбасындағы тәрбиеге өте жауапкершілікпен қарайтын. Әпкем екеуімізге «Не істесеңдер де, артынан ұятқа қалмайтындай жасау керек», деп үнемі айтып отыратын.
Әкеміздің өмірге деген осындай көзқарасы оның еңбектерінен де көрінеді. Әрбір сурет автордың өмір жолынан, мінез-құлқынан сыр беретін мозаиканың бөлшектері іспеттес. Өзеннің иірімдері, тау, қар басқан ағаш бұтақтары мен айдынды көл анадайдан көз тартады.
Петр Гавриленко ұрпақтарына мол мұра қалдырып кетті. Туындыларының бір бөлігі Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы облыстық өнер мұражайының қорында сақтаулы. Жеке коллекцияларға көрік беріп тұрған суреттері қаншама.
Суретшінің немересі алдағы уақытта тағы бір көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ол көрмеде өнерсүйер қауым шебердің аяқталмаған туындыларымен, суреттердің нобайларымен таныса алады. Бұл бастама зыряндықтарға да ұнады.
-Былтыр жерлестеріміздің шығармашылық жұмыстарына арналған оннан астам көрме өткіздік, – дейді Денис Никитин. – Өңірімізде бүкіл елге танымал талантты адамдар аз емес. Олардың бірі де бірегейі – туған жерінің сұлу табиғатын кенепке түсіріп, бүкіл елге паш еткен талантты суретші Петр Гавриленко еді. Оның өмірі мен шығармашылық жолын кейінгі ұрпақ біліп үлгі тұтқаны жөн. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Келемін деушілерге есік ашық.
Оксана Сосновская
Зырян ауданы