Ата Заң

Тұтастықтың тұғыры

Қай дәуірде, қай қоғамда болсын, кез келген елдің, кез келген мемлекеттің пайда болуы, қалыптасуы, дәуірлеп-өрлеуі белгілі бір қағидаға сүйеніп жүзеге асатыны көне тарихтан белгілі. Ішкі іріткі мен сыртқы жаудан келген қауіп-қатерге сес болатын айбарлы Ата Заңы болмаған елдің тәуелсіздігі баянды, болашағы жарқын болуы екіталай.

Айбарлы­ Ата Заңымыздың қабылдануы тарихи сәттердің бірі болды. Конституция талаптары бойынша мемлекеттің басты құндылығы адам өмірі және азаматтардың құқықтары мен бостандығы болып табылады. Сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси жүйенің қауіпсіздігі, ішкі-сыртқы саясаттағы ел тынысы, атқарушы және өкілетті билік функциялары түбегейлі тұрғыдан Конституцияның басты баптарына енгізіліп, мемлекеттік тұтастықтың тұғырын биік етіп тұр.

Қалай болғанда да, тәуелсіздігіміз нығайып, әлем елдері алдында абырой-беделі бар елміз. Әлемдік қауымдастық алдында биік беделге ие болуымызға да, кейбір сын-қатерлер сәтінде бітімгерлік тізгінін ұстап, дағдарыс дақпыртында жолбасшылық жасауымызға да айбарлы Ата Заңымыздың демократиялық принциптері септігін тигізгенін де атап өткен жөн.

Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдың 5 маусымында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» республикалық референдум өткізілді. Аталған саяси шара бәрімізді толғандырды. Оған қатысу арқылы Қазақстанның жаңаруына өзіндік үлесімізді қостық деп есептеймін. Біздің ауданымыздың тұрғындары да үлкен үмітпен, таза ниетпен ертелеп тұрып белсенділікпен сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасап жатқандығын көзіміз көрді. Мұнда дауыс беруге келгендердің қарасы аз болған жоқ, біркісідей қатысты. Сындарлы сәттерде осылай бірігу керек дүние. Қоғам жаңа шекпенін киіп жарқырап, әлеумет армандаған игілікті жұмыстар жүзеге асады деп ойлаймыз.  Референдумда  Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Бұл ел тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті.

Жаңа әрі әділетті Қажақстан кеңістігінде əділетті экономика құрылып, қолдан жасалған монополиялар түбегейлі жойылып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылса екен дейміз.

Елден жылыстатылған қаржылар біртіндеп қайтарылып жатқанын ақпарат құралдарынан оқып-біліп, ішіміз жылыды, ертеңге деген үміт күшейді. Заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөніндегі мекемеаралық комиссия жұмысының қарқыны арта түсер деген қоғамның да қалауы орындалар. Әрине, өзгерісті тек мемлекет жасамайды, өзгеріс әр адамның санасында да жүріп жатуы тиіс. Өзім мектеп қабырғасында әскери бағытта ұстаздық еткендіктен, жас ұрпақтың бойынан батылдық, отансүйгіштік қасиеттердің барынша молынан қалыптасуына іс-тәжірибемізді арнап жатқан жайымыз бар. Ел басында күн туса, іргемізге қорған болар, ең бірінші кезекте, әскери азаматтарымыз екені белгілі. Ондай жауынгерлік қасиетті ерте жастан бойына сіңіру үшін мектептегі әскери тәлім-тәрбиенің алар орны бөлек.

Қорыта келгенде, Қазақстанның негізгі заңнамасының күні саналатын 30 тамыз – біздің байтақ даламыздың әрбір азаматы үшін мереке. Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық.

 Мұхтар Иманжан,

Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейінің әскери жетекшісі

Тарбағатай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button