Білім

Түркияда топ жарды

Қазақта білімімен биікті бағындырып, өзгені өнерімен таңғалдырған талай-талай тұлғалар болған. Бүгінгі таңда да алған білімін қару еткен жастарымыз алты құрлықты аралап жүр. Болашақта өнер-біліммен өзгеден озсақ деген жастар өсіп келеді. Солардың бір тобы жуықта Түркияға барып, топ жарып қайтты.

Облыс орталығында шоғырланған мектеп оқушыларының білімде шоқтығы биік, аты озық. Осындай озат оқушылардың біразы Өскемен қаласындағы №46 және №48 мектептерде білім алып жатыр. Олар осы күзде Түркия елінің Анталья қаласындағы Туризм академиясы ұйымдастырған «XIV Халықаралық пәндер олимпиадасына» қатысып, бақтары мен баптарын сынап қайтты. Халықаралық пәндік олимпиадаға Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қазақстан мемлекеттерінен барған жастар қатысып, білімдерін бәсекеге салған.

– Біз бірқанша оқушы Түркия елінде өткен олимпиадаға барып қайттық. Жай ғана бармай білімімізді бәйгеге салып, жүлделі оралдық. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен мектеп директоры Ауғанбаева Гүлфарида Базарбайқызы және олимпиадаға басшылық жасап, бізді жоғары деңгейде дайындап алып барған №46 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Мұсахаева Жанар Мұратханқызына алғысымызды білдіреміз, – дейді №46 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрай Жеңісбек.

Түркия елінде өткен білім бәйгесінде №46 орта мектептің 10 сынып оқушысы Аружан Тілеуді ағылшын тілі мен дүние жүзі тарихы олимпиадасынан II, III жүлделі орынды иеленсе, осы мектептің 9 сынып оқушысы Нұрай Жеңісбек  ағылшын тілі мен география пәнінен II, IV орындарға ие болды. Ал 8 сынып оқушысы Нартай Қалелов орыс тілі пәнінен жүлделі II орынды және ағылшын тілі пәнінен жүлдегер атанды. Сондай-ақ 8-сынып оқушысы Айзере Адылқанова  математика мен ағылшын тілінен II, IV орынды қанжығалап қайтты. Тағы бір 8-сынып оқушысы Алан Қайырбек ағылшын тілі мен география пәнінен жеңімпаз атанып IV орынға, 8 сынып оқушысы Бақжан Дәлелхан биология пәнінен жүлделі оралды.

Сонымен қатар №48 орта мектептің оқушылары да олимпиадада озық шығып, жүлдегер атанды. Аталмыш мектептің 11 сынып оқушысы Айзада Адылханова биология  мен химия пәндерінен жүлделі орындарға табан тіреді. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Айша Мұратханова физика мен ағылшын тілі пәндерінен қатысып, II орынды еншілеп қайтты.

Осылайша, облысымыздың озат оқушылары жүлделі болып, білімді жастар өсіп келе жатқандығын дәлелдеді.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button