Тұмса табиғатымен танылған Шығыс Қазақстанды туризмнің отанына, еліміздің асыл тәжіне теңеп жатамыз. Онымыз бекер емес. Көрген көзді сүйсіндірер ғажайып табиғаты Швейцарияға теңелетін Шығыста туризмнің әлеуеті зор. Бұған халқымыздың бай тарихы, археологиялық ескерткіштері мен адам аяғы баспаған ғажайып орындарының көптігі үлкен мүмкiндiк туғызады. Елімізде бүгiнде туризм саласы дамып келеді. Бұл үрдістен жастар да қалысып жатқан жоқ. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңында алғаш рет өткен «Туристік білім жолы» облыстық байқауында өңіріміздің дарынды оқушыларының «туризм саласына өз үлесімді қоссам» деген құлшыныстарын көріп, тәнті болып қайттық.
Облыстық білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырған экскурсиялық маршруттардың анықтамалығын әзірлеу байқауына облыстың барлық қала-аудандарынан жиналған 12-16 жастағы 60-тан астам оқушы қатысты.
– Шығыс өңірі табиғи ресурстарының бірегейлігімен, ландшафттарының алуан түрлілігімен және бай мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Мұның бәрі өңірде туризмнің барлық түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі байқау облыс әкімі Ермек Көшербаевтың бастамасымен тұңғыш рет өткізіліп отыр. Байқаудың мақсаты – балалар туризмін дамыту және туған өлкемізді зерттеу. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.
Қатысушылар «Менің кіші Отанымның экскурсиялық маршруттары» және «Облыстың экскурсиялық маршруттары» кезеңдерінде өздері әзірлеген аудандық және облыстық білім беру бағытындағы туристік маршруттардың сипаттамасы бар анықтамалықтарын таныстырды. Оқушылар әзірлеген жобаларда Рахман қайнары, Мұзтау, Ақбауыр, Қиын Керіш, Бұқтырма, Зайсан көлі, Алакөл, Сібе көлдері, Аблайкит, Берел қорымы, тағы да басқа Шығыстың інжу-маржанына айналған көрікті жерлердің сипаттамасы, оларға қалай баруға болады, ондағы базалар мен қонақ үйлердің құны, табиғи ерекшеліктері сияқты туристерге қажетті ақпараттар қамтылған.
Әмина мен Іңкәр паратуризмді дамытпақ
Жоба авторларының айтуынша, облыс аумағындағы табиғи және тарихи-мәдени нысандардың туристік әлеуеті зор болғанымен, өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі балалар туризмі жүйелі түрде ұйымдастырылмаған. Осы орайда Өскемендегі Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Әмина Әкімбаева сыныптасы Іңкәр Жарысқанмен бірлесіп, паратуризм немесе инклюзивті туризм саласындағы «Кіші қаладағы үлкен саяхат» атты тың жобасын таныстырды.
– Біз байқауға мүмкіндігі шектеулі балалар туризмін дамытуға бағытталған жобамызды ұсындық. Мақсатымыз іске асса, ерекше қажеттілігі бар балалардың тек қаладағы саябақтар мен мұражайларды ғана емес, сонымен қатар тарихи ескерткіштер мен табиғаты ғажайып туристік орындарды да көріп танысуға, табиғат аясында демалуына мүмкіндігі артады. Біз жасаған маршрутты туристік нысандарға саяхаттап, туған жермен танысу үшін пайдалануға болады. Жобамыз әкімдік немесе туристік фирмалар тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз, – дейді Әмина мен Іңкәр.
Олар Өскеменнен 85 шақырымда орналасқан Сібе көлдері маңында «Жасыл желек» атты лагерь ашып, паратуризмді кеңінен дамытқысы келетіндіктерін айтты. Әзірлеген жобалары бойынша экскурсиялық саяхат барлық туристерге арналған турмен бірдей, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне қарай бейімделген.
Аталған туристік маршрут бойынша ерекше туристер Қалба тауларын және Сібе көлдерінің – Садыркөл, Төртқара, Қоржынкөл, Қаракөл, Шалқар көлдерінің сұлу табиғатын тамашалай алады.
Осы орайда дарынды оқушылардың туризм бағытындағы талпыныстарын қолдап жүрген ғылыми жоба жетекшілері – жоғары санатты география пәні мұғалімі Дидар Дүйсенова мен «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» өлкетану бөлімінің меңгерушісі Елена Куликованың тәлімгерлік еңбектерін атап өткен жөн.
Зайсандық оқушылар өз өңірлерінің ғажайыптарын ұсынды
Зайсан қаласындағы Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Нұрай Бауыржанқызы байқауға «Өлкемнің ғажайыптары» жобасын ұсынды. Ол туристік маршрутын «Сауырдың жабайы табиғаты», «Зайсан құпиялары», «Фотоаңшылық», «Зайсанның «Алтын сақинасы» атты бөлімдерге бөліп, онда әрбір туристік нысанға жеке-жеке тоқталған. Саяхат барысында ұшақ, спринтер автобусы, УАЗ-469, УАЗ-Патриот көліктері қолданылады және табиғат ерекшелігіне қарай кей жерлерге туристер атпен барады. Аудандағы «Рахат», «Зайсан», «Нұр-Жол» және «Арай» қонақ үйлерінде туристер үшін жайлы жағдай жасалғаны айтылды.
– Қазір Зайсан қаласында халық архитекторы Баязит Сәтбайұлының қолынан шыққан 26 ғимарат әлі күнге дейін сақталып, қызмет етіп тұр. Мысалы, халықаралық дәрежедегі саудагер-меценат Пидахмет Бобкиннің 1894 жылы салынған үйі қазір аудандық өлкетану мұражайы, – деді қазылар алқасына жобасын таныстырған Нұрай Бауыржанқызы.
Айтуынша, Зайсанда мұндай тарихи ескерткіштер көп. Мәселен, саудагер Смағұл Манаповтың үйінде 1916 жылы татар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызы» романын жазған, 1917 жылы «Искра-Ұшқын» газеті листовка түрінде басылып таратылған. Ал саудагер Жүніс Татановтың үйінде 1918 жылы «Алаш» партиясының штабы орналасқан. Зайсанның саудагер-байы Мәулет Шамсутдиновтың үйінде Сұлтанмахмұт Торайғыров тұрып, мектепте бала оқытып, 1915 жылы «Кім жазықты» романын жазғанын біреу білсе, біреу білмес.
Зайсанның ғажайыптары ретінде ең таза көлдердің бірі – Зайсан көлі, сақ қорғандарымен әйгілі Шілікті жазығы, Сауыр жотасы, Қараталдағы «Жеті оба», Айнабұлақ маңындағы «Темірсу» археологиялық нысандары мен Көкжыра ауылындағы алып ағаш жайлы қызықты деректер айтылды. Өңірде сақ-үйсін дәуірінің 200-ден астам ескерткіші бар болса, оның 50-дейі патша обалары деседі. Шілікті жазығының Бәйгетөбе қорғанынан 3 алтын адам, 430 дана алтын жапсырма әшекей табылған. Ал Көкжыра ауылындағы алып ағаш – 2-3 ғасыр тарихты бойына сіңірген ағаш. Бұл үйеңкі ағашының ені – 3 метр, биіктігі – 30 метр, ауданы 9 шаршы метрге тең. Ағашқа жеті адамның құшағы жетпейді. Мәуелі ағаш – туристерді қызықтыратын керемет жәдігерлердің бірі.
Жүзден жүйрік шыққандар марапатталды
Байқауға дайындықтары бірінен бірі асып түсетін 13 команданың жұмысын бағалауда Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірова, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нелли Краснобаева, С. Аманжолов атындағы ШҚУ экология және география кафедрасының сениор-лекторы Назым Қабдрахманова, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризм бөлімінің бас маманы Ислана Ластаева, мәдениет басқармасының бас маманы Толқын Тетепова және «М. Тойбазаров» жеке кәсіпкерлігінің Gastrotour.vko маманы Әйгерім Абеджанова төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жалпыкомандалық есепте жүлделі І орынды Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернат командасы, ІІ орынды Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат командасы және ІІІ орынды Ұлан ауданының командасы жеңіп алды.
«Менің кіші Отанымның экскурсиялық маршруттары» номинациясы бойынша І орынды Өскемен қаласының №46 орта мектебі, ІІ орынды Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен Глубокое ауданындағы Малоубинка орта мектебі, ІІІ орынды Катонқарағай ауданының Жас турист станциясы, Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты және Зайсан ауданының Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейі алды.
«Облыстың экскурсиялық маршруттары» номинациясы бойынша І орынды Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, ІІ орынды Зайсан ауданының Х. Мұстафина атындағы мектеп-лицейі, Тарбағатай ауданының Т. Рысқұлов атындағы орта мектебі, ІІІ орынды Өскемен қаласының №46 орта мектебі, Риддер қаласының №2 орта мектебі мен Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Облыстық «Дарын» орталығының басшысы Гаухар Рахымжанованың айтуынша, жүлдегерлер жазда өңірдегі лагерьлерде ұйымдастырылатын шеберлік сағаттарына қатысып, туристік маршруттарға шығуға мүмкіндік алады.
Конкурс соңында жас туристер Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Алтын Алтай» мұражайын тамашалады.