Туризмді дамытуға да мүмкіндік мол

Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көтеріліп келеді. Экономикаға инвестиция тартуда да тұрақты даму бар. Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков осы жөнінде әңгіме өрбітті.
-Ауданның бүгінгі әлеуметтік экономикалық жағдайы қалай?
– Ауданның экономикалық дамуының негізгі бағыты мал шаруашылығы, мал өнімін өндіру болып табылады. Биылғы бес айда мал өнімдерін өндіру жоспары артығымен орындалды. Асыл тұқымды шаруашылық саны 41-ге жетті. Тұқымдық түрлендіруге қатысатын шаруашылықтар саны бүгінгі күнге 150 шаруашылыққа артып отыр.
Саржал ауылдық округіндегі қымыз өңдеу цехы өз жұмысын жандандыруда. Төрт шаруа қожалығы 50 тонна қымыз өндіріп, субсидиялауға құжаттары өткізілді. Былтыр 450 тонна қымыз өндірілген болатын. Жыл сайын Саржалдың қымызына сұраныс артып келеді.
«Аргарлық несиелік корпорациясы АҚ филиалы арқылы биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылып, қазіргі уақытқа 4 шаруа қожалығы 47 млн. 900 мың теңгенің несиесін алып, 251 бас ірі қара мал сатып алды. Осы мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы және өз төлі есебінен мал басы жылма-жыл өсуде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы биыл бес айда 200 млн. теңге несие бөлінді. Бұның барлығы шағын кәсіпкерлікпен айналысуға, мал сатып алуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады.
-Тірек ауылдарын дамытуда қандай істер қолға алынды?
– Аудан бойынша үш тірек ауылы бар. Былтыр үш тірек ауылын үлгі ете отырып, барлық ауылдық округтердің, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді мақсат етіп қойдық.
«Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауылдан шыққан азаматтарды демеушілік көрсетуге шақырдық. Бірқатар шаруаларды бастап кеттік. Әрбір ауылда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ашылған сынып кабинеттері, саябақтар, хоккей корттары, спорт кешендері ашылып, халық игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ, бүгінгі таңда барлық ауылдарды жарықтандыру, көшелерді ретке келтіру, үйлерді ақтау, шарбақтарды жөндеу, ауылдарды күл-қоқыстан тазарту, аулаларды абаттандыру, көркейту жұмыстары жасалды. Соңғы жылдары Саржал, Архат, Тоқтамыс ауылдарында ауылдық клубтар қайта жаңғыртылып, Қарауыл, Құндызды, Көкбай ауылдарындағы мәдениет ошақтары, Қарауыл ауылында аудандық емхана күрделі жөндеуден өтті. Қасқабұлақ, Саржал ауылдарында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарауыл ауылында «Шыңғыстау» спорт кешені пайдалануға берілді. Келесі жылдары ауданның орталық стадионы күрделі жөндеуден өтпек.
– Ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Абай ауданы – тарихи өңір. Өнер мен мәдениеттің, өлең мен жырдың қайнар бұлағындай «Еуразия кіндігі», Жидебайдағы «Абай – Шәкерім» кесенесі, Бөрілідегі М.Әуезов мұражайы, оның сыртында «Еңлік-Кебек», «Кеңгірбай Би» кесенесі, «Қоңыр әулие» үңгірі, Тақырдағы Көкбай мұражайы, Құндыздыдағы Шәкір Әбенов музейі еліміздің түпкір-түпкірінен, қала берді алыс-жақын шет елдерден келетін меймандарды қызықтырмай қоймайтым сөзсіз.
Абай ауданы әлем таныған үш алыптан өзге Әнет баба, Кеңгірбай би, Өскенбай би, Мамай, Тоқтамыс батыр, Айпара ана, Нысан абыз, Ақтанберді жырау, Байкөкше, Құнанбай қажы, Көкбай, Шәкір сынды тарихи тұлғалардың қасиетті мекені. Осындай жағдайлар ауданда туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Абай ауданында туризм кластерін дамытуға арналған арнайы бағдарлама жасап, облыстық туризм басқармасына ұсынған болатынбыз. Жастар орталығының ұйымдастыруымен Семей-Қарауыл тас жолы бойындағы «Айгерім бұлағы» басында этноауыл жобасы жүзеге асырылуда. Ол биыл алғаш туристік маусымын бастады. Бұл жоба арнайы грант негізінде іске асырылуда. Бұл ауданның туристік әлеуетін арттырудағы алғашқы және батыл қадам болып отыр.