Туризм және құрылыс салаларына басымдық беріледі
Катонқарағай ауданы өзінің бірегей табиғатымен ерекшеленеді, сонысымен туристерді де қызықтарады. Ауданға кезекті жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осы бағыттың даму мүмкіндіктерімен танысты.
Аудан орталығында Дамитов атындағы мектептің оқушылары мен ұжымы қоныстойды күтуде. Өткен оқу жылында 300 адамға шақталған мектептің ескі ғимаратында бір жарым есе көп оқушы білім алып шықты. Қарапайым кабинеттермен қатар балаларға спортзалдары және еңбек сабағын жүргізуге арналған шеберханалар жетіспейді.
Жаңа нысан үш айдан соң тапсырылады деп жоспарланып отыр. Құрылысшылар жергілікті өндірістегі материалдарды қолдануға тырысуда, алайда, отандық материалдардың барлығы мектепке жарай бермейтінін облыс әкімі де назарға алды.
– Мұндай есіктер жарамайды, – деді Даниал АХМЕТОВ. – Қараңыздар мына тақтада қанша бұтанақтар бар. Бұл – сапасыз тауар.
Мердігер фирма – «Себанұр» ЖШС-нің директоры Нұрлан Можанов спортзалының жарақталуын француздық жабындыны пайдалана отырып жетілдіруді ұсынды.
– Ол оңай төселеді және көп күтімді қажет етпейді, – деді Нұрлан Можанов. – Жеңіл жуылады және жоғары беріктігімен ерекшеленеді. Бағасы жағынан ағаш жабынды сияқты болады, алайда, оны сырлау әсте қажет емес.
Мұндай жабындыларды осы құрылыс компаниясының мамандары облыстағы бірнеше нысанда қолданып көрген. Облыс әкімі аталған бастаманы құптады.
Мектептің ескі ғимаратын жақын маңдағы ауылдардан келетін оқушыларға арналған интернат ретінде жарақтау көзделген-ді.
– Көрші ауылдардан 12-35 баладан келіп оқиды, – деді Дамитов атындағы мектептің директоры Күлпаш Байжұмина. – Бұл ғимарат 100 адамға арналған интернатты ашуға мүмкіндік береді. Сонда балаларды ауылдан күн сайын тасудың қажеті болмайды. Олар Үлкен Нарында тұрып-ақ, білім ала бермек.
– Шағын ауылдағы толық емес мектепті жабу өте оңай, – деп қарсы пікір білдірді Даниал АХМЕТОВ. – Бірақ оны жапсақ, тұрғындардың кетуі деген жағымсыз үрдіс басталады. Мектептің болуы – ауылдың дамуы үшін, оның болашақ ұрпағын тәрбиелеу үшін басты шарттардың бірі. Сіз жабылуы тиіс деп санайтын мектептердің ұжымдары ары қарай не істейтіні туралы ойландыңыз ба? Жоқ. Сондықтан ауылдардағы шағын комплектілі мектептерді жабуға болмайды. Оларсыз елді мекендер құрдымға кетеді.
Үлкен Нарында бүгінде жеті қазандық жұмыс істейді. Жаңғыртудың арқасында негізгі жылу көзі қуатының айтарлықтай артуына қарамастан, ұсақ қазандықтар жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Мұнымен қоса, жаңа нысандар үшін жеке жылу көздері салынып жатыр.
Мысалы, Дамитов атындағы мектептің ғимараты үшін құны 34 миллион теңге болатын өзінің кішігірім қазандығы бой көтеруде. Бұл тиімсіз. Ғимаратты жылытуға және жылу көзін пайдалануға кететін шығындарды қысқарту үшін ауылдың жылу желілеріне қызмет көрсететін «Нарын Сервис» ЖШС-нің директоры Нығмет Шаухин жаңа қазандық салудың орнына негізгі қазандықтан 250 метр жылу желісін тартуды ұсынды. Алайда, мектеп қазандығына арналған құрал-жабдықтар сатылып алынған.
– Егер Сіз осы ұсынысты ерте жасасаңыз, ешқандай мәселе туындамас еді. Біз сол қаржыны басқа қажеттіліктерге бағыттаушы едік. – деді Даниал АХМЕТОВ. – Бірақ қазір уақыт өтіп кетті. Сіздерге қалай болса да шығындарды келешекте ескере отырып есептеу керек, осы жобаның артықшылығын негіздеу керек. Сонда ғана біз жылытуға кететін шығындарды азайту үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлеміз. Себебі, егер негізгі қазандыққа жүк түсірмесек, онда неліктен біз оның қуатын 12 гигакалорияға дейін арттырдық?
«Қазір ауылдың негізгі қазандығы жылумен 40-тан астам нысанды қамтиды. Шамамен 300 метр жылу желісін салу жылытуға кететін шығынды 60-70 миллион теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Нығмет Шаухин.
Облыс әкімі әрбір қазандықтағы бір гигакалорияның құнын есептеуді және осы мәселені түбегейлі қарастыру үшін барлық қажетті құжаттарды әзірлеуді тапрсырды.
Жылумен қамту мәселесінің шешілуін аудандық орталық ауруханадағы терапия корпусының ғимараты күтуде. Мұнда жылыту жүйесін жаңарту үшін 72 миллион теңге қажет. Даниал АХМЕТОВ оны шешуге көмектесетінін айтты.
Аймақ басшысы аудан орталығындағы спорт кешенінің құрылысы барысымен танысты. Құны 145 миллион теңге болатын жобаны іске асыруда қазірдің өзінде 132 миллион теңге игерілген. Құрылысты аяқтау ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланған. Мердігер – «Промтехмонтаж» ЖШС-нің директоры Әбілдабек Сақалбаев барлық жұмыстарды уақытында аяқтайтынына сенімді. Аймақ басшысы құрылысқа арналған құжаттарды әзірлеу кезінде қаржы үнемдеуге мүмкіндік беретін типтік жобаларды қолдану қажеттігі туралы тағы ескертті, сондай-ақ, Үлкен Нарындағы спорт кешені үлгісінде залдардың ауданын аздап ұлғайта отырып, типтік жоба әзірлеуді жүктеді.
Ново-Поляков ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығының базасында 100 бас ірі қараға арналған асыл тұқымды шаруашылықты – репродукторды құру бойынша ауқымды жоба іске асырылуда. Қожалық жетекшісі Шоқан Мұсабалин былтыр маусымда Аустралиядан мың бас герефорд тұқымды ірі қара мал сатып алған. Аймақ басшысы мал жақсы жағдайда бағылып жатқанын атап көрсетті, алайда, оны ары қарай жетілдіру жағы соңына дейін ойластырылмаған. Облыс әкімі өзінің орынбасары Дүйсенғазы Мусинге ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановпен бірлесе отырып, осы мәселені қарастыруды тапсырды. Даниал АХМЕТОВТІҢ пікірінше, мемлекеттік құрылымдар фермерлерге қызметтің нақты бағытын беріп, шаруа қожалықтарының тауарлары бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті жағдайларды жасаулары тиіс.
– Бұл ретте қайта өңдеу деңгейі туралы ойлану керек, – деп түсіндірді Даниал АХМЕТОВ. – Қандай бағытта жылжу керек екенін, өткізу нарығы қандай болатынын есте сақтау керек. Өйткені, мұндай элиталық малдың етін келісін 850 теңгеден өткізу – жерді «мерседеспен» жыртқанмен бірдей.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы аудандағы туризмнің даму мүмкіндіктерімен танысты. Ол 2011 жылдан бастап жұмыс істейтін жас техниктер станциясында болды. Мұнда жеті үйірме жұмыс істейді, оларға 100-ден астам бала барады. Сонымен қатар, станция аумағында түрлі кәсіпорындардың: қонақүйлердің, демалыс базаларының, пантымен емдеу емханаларының туристік мүмкіндіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Туристерді тарту үшін аудан орталығына әуежай қажет. Осы орайда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп қойған. Қазір құжаттар жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасында қарауда жатыр. Аймақ басшысы әуежай құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені өзінің қарауына ұсынуды сұрады.
Шығыс-Ақпарат