Тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асты
AMANAT-тың атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Павлодар облысында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.
– Біздің партия мемлекет пен қоғам арасындағы адал әрі ашық диалогты қолдайды. Үкіметтік емес ұйымдарға, коммерциялық емес қорларға қолдау көрсете отырып, біз азаматтарды саяси белсенділікке, ел басқару ісіне араласуға ықпал етеміз, – деді ол.
Одан кейін РСШ мүшелері Павлодар облысының бір мандатты сайлау округтері бойынша кандидаттармен кездесуде үгіт-насихат науқанын жүргізудің өзекті мәселелерін талқылады.
«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Дәулеткерей Кәпұлы Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесті.
Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаттығына кандидат қатысушылар алдында туған ауылына арналған өлеңдерін оқыды.
– «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда ауылдардың қарқынды дамуына баса назар аудара отырып, әр қазақстандықты жайлы өмірмен қамтуды, еңбек адамына деген бұрынғы құрметті қайтаруды, ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отыр, – деді ол.
Түркістандықтар кандидатқа мәселелерін айтып, сұрақтар қойды.
«Respublica» партиясының өкілдері Абай облысы тұрғындарының түйткілді мәселелерін талқылады.
Семейде олар зиялы қауым, өнер және жастар өкілдерімен кездесті. Тұрғындар қала мен облыс мәселелерін жан-жақты айтты. Халық полигоннан зардап шеккендерге көмек көрсету, білім мен денсаулық, Қытаймен визасыз режим мәселелерін көтерді.
– Өзімізге қоятын басты сұрақ – ұрпаққа не қалдырамыз? Менің таңдауым – халқым үшін өмір сүріп, халықтың мәселесін шешу. Бұл – басты мақсатым, – деді Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Руслан Берденов.
Мәжіліс депутаттығына ҚХП-дан үміткер Балжан Досмұхамбетова Атырау мұнай зауыты ұжымымен кездесті.
– Біздің партия халықтың әлеуметтік жағдайын назарда ұстайды. Өзекті мәселелерді Үкіметке жеткізіп, шешілуіне ықпал етеді. Жаңа Қазақстанға жұмысшылардың құқығын қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет, – деді ол.
Сондай-ақ Халық партиясы барлық жастардың тегін кәсіптік және жоғары білім алуын жақтайды. Ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыста істейтін еңбеккерлерді 50-55 жастан зейнетке шығару керек деп санайды.
«Байтақ» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Айтуар Туғанбеков Қарағанды облысы тұрғындарымен кездесті.
Ол «Байтақ» партиясы атынан облыстық мәслихатқа кандидаттармен бірге Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі ұжымдарымен кездесті.
Биологиялық әртүрлілікті сақтау – партияның негізгі міндеттерінің бірі.
Осы тақырыпта сөз қозғаған Айтуар Туғанбеков партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, табиғат қорғайтын мекемелер қызметкерлерімен пікір алысты.
Алматыда «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы Азат Перуашевтің қатысуымен митинг өтті.
Партия лидерінің айтуынша, үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз үкіметінің кемшіліктеріне жауапты болады.
– Өткен 30 жылда қаншама дағдарыс, девальвация, әкімдер мен министрлер арасында жемқорлық даулары болды – билік партиясы бірде-бір рет саяси жауапкершілікті мойнына алып, үкіметті таратқан емес, – деді ол.
Үкіметті парламенттік партия жасақтап, халық алдында есеп беретін кезде саяси жауапкершілік пайда болады.
ЖСДП Екібастұз қаласының көпшілік орындарында үгіт парақшаларын таратып, плакаттар ілді.
Олар бүгінге дейін түрлі еңбек ұжымдарымен, аймақтардағы сайлаушылармен 300-ден астам кездесу ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
– Облыс бойынша күніне 2-3 мыңға жуық үгіт парақшасын арнайы тақтайшалар мен көпқабатты үйлердегі хаттама жәшігіне орналастырамыз. Барлығы заңға сай жүзеге асып жатыр. Сайлауалды бағдарламамыз бен жалпы науқанның маңыздылығын түсіндіреміз, – деді ЖСДП Павлодар облыстық штабының басшысы Ажар Сағындық.