Әлеумет

Тұрғындар жиі қоятын сұрақтарға жауап берді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары тұрғындардың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді.  

      Егер азамат зейнетке шығып, төлем ала бастаса, оның БЖЗҚ-дағы жинақтарының инвестициялануы тоқтап қалмай ма?

– Жоқ, тоқтамайды. Салымшы зейнет жасына толғаннан кейін салымшының жеке зейнетақы шотына бұған дейін түскен барлық ақша, оның ішінде МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ, сондай-ақ оларға есептелген инвестициялық табыс, өсімпұл және өзге де түсімдер бұрынғысынша оның зейнетақы активтерінің бір бөлігі болып есептеледі. Оларды «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Ұлттық Банк инвестициялайтын болады.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшы enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті, ұялы қосымша немесе электронды үкімет порталы арқылы өзінің инвестициялық табысын көре алады. Зейнетақы активтері қандай қаржы құралдарына орналастырылғаны туралы мәліметтер БЖЗҚ сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

      Досымның кеңесімен зейнетақы жинақтарымның бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударған едім. Мен оларды БЖЗҚ-ға қайтара аламын ба?

– Иә, қайтара аласыз. Оның тәртібі төмендегідей: 2022 жылдың 12 қыркүйегінен бастап күшіне енген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, зейнетақы аннуитеті шартын (бұдан әрі – ЗАШ) жасасқан адамдар оны жасасқан күннен бастап кемінде екі жылдан кейін ғана сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шартының талаптарына сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару бойынша өзгерістер енгізу туралы өтінішпен жүгіне алады. Бұл өзгерістердің әрекеті 12.09.2022 жылға дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға да қолданылады. БЖЗҚ-ға қайтарылуы тиіс ақша сомасы оған өзгерістер енгізілген күнгі ЗАШ бойынша сатып алу сомасы мен ЗАШ-қа өзгерістер енгізілген күнгі заңның 59-бабының 2-тармағында айқындалған төлем мөлшері негізге алына отырып есептелген сақтандыру сыйлықақысының сомасы арасындағы айырмаға тең. Заңның 59-бабының 2-тармағына сәйкес, сақтандыру ұйымынан төленетін айлық сақтандыру төлемінің мөлшері ЗАШ жасасқан күні қолданыста болатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің (зейнетақы аннуитеті шартын екі тұлға жасаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 еселенген мөлшерінен) 70 пайызынан төмен болмауы тиіс.

Сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартының талаптарын өзгерту туралы өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде қайтарылуы тиіс ақшаны БЖЗҚ-ға аударуға міндетті. Ал Қор өз кезегінде, БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен салымшының (салымшылардың) және (немесе) алушының (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бес жұмыс күні ішінде есепке алуы тиіс.

Осылайша, сіз ЗАШ жасалған сақтандыру ұйымына өтінішпен жүгінуге және егер бар болса, БЖЗҚ-ға ЗАШ-тың ең төменгі құнынан асатын сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтаруға құқылысыз.

      – Қазір біздің зейнетақы жинақтарымыздың «жоғалып кетуі» мүмкін екендігі туралы әңгімелер өте көп. Мен осыған алаңдаймын, сондықтан зейнетақы жинақтарымның сақталуына қандай кепілдіктер бар екенін білгім келеді.

– Қазақстан – зейнетке шыққан кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел.

«ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң (5-бап) алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген жарналар мөлшерінде БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.

Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы кірістілік жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған барлық кезеңдегі инфляция деңгейіне қатысты есептеледі. Егер осы уақыт ішінде зейнетақы жинақтарының кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет бұл айырмашылықты өтейді. Сондықтан салымшылар жинақтарының сенімді қорғалғанына алаңдамаса да болады. Бұл қаржы нарығындағы оқиғалардың қалай дамитынына және инвестициялық табысқа қатысты жағдайдың қалыптасуына байланысты емес.

Салымшылар мемлекеттің кепілдігі бойынша төлем алу құқығын зейнет жасына толған кезде алады. Бұдан басқа бұл құқыққа егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдар, МЗЖ, МКЗЖ аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, мұрагерлер ие болады.

      2021 жылы зейнетақы жинақтарымның жеткіліктілік шегінен тыс бір бөлігін алып алдым. Биыл тағы да алуыма бола ма?

– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 31-бабының 1-1-тармағының және 32-бабының 1-1-тармағының (бұдан әрі – Заң) ережелеріне сәйкес, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өз пайдасына немесе жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының емделуге ақы төлеуі үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығымен БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар төменде көрсетілген тұлғалар пайдалана алады:

1) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының (бұдан әрі – ТЖШ) ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын тұлғалар. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан электронды хабарлама алған күні Үкімет бекіткен зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары сомасы мен ТЖШ арасындағы айырма сомасынан аспауға тиіс;

2) зейнетақы мөлшері Үкімет белгілеген тәртіппен айқындалатын, алушының алмастыру коэффициентін орташа айлық табысының 40 пайыздан төмен емес деңгейінде қамтамасыз ете алатын адамдар. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан алғашқы электронды хабарламаны алған күні салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;

3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған жандар. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шоттарындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының мөлшерінен аспауға тиіс.

Заңнаманың жоғарыда көрсетілген талаптарына сәйкес келген жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемдерін салымшы (алушы) қолжетімді сома шегінде бірнеше рет пайдалана алады.

Осылайша, МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алуға болатын қолжетімді сомасының бар-жоғын БЖЗҚ не электронды үкімет сайтында немесе ұялы қосымшада 24/7 тәртібінде тексеруге болады.

Зейнетақы жинақтарын үнемі тексеріп отыру қажет пе және оны қалай істеуге болады?

– БЖЗҚ өз салымшыларына (алушыларына) жеке зейнетақы шотындағы (бұдан әрі – ЖЗШ) өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін қадағалауды, оның ішінде БЖЗҚ-дағы сіздің ЖЗШ-ға зейнетақы жарналарының/БЗТ-ның уақтылы аударылуына/түсуіне тұрақты түрде назар аударуға кеңес береді. Өкінішке қарай, жұмыс беруші өз міндеттемелерін толық орындамайтын немесе мүлде орындамайтын жағдайлар бар. Сондықтан өз ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының жай-күйін жүйелі түрде тексеру артық болмайды.

ЖЗШ-дан үзінді көшірме алу – салымшылардың (алушылардың) заңмен бекітілген құқығы. Сіз өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты электронды түрде немесе қорға келіп біле аласыз. Төменде көрсетілген әдістерді қолдануға болады:

– электронды үкіметтің (egov.kz) сайтындағы немесе ұялы телефондағы БЖЗҚ/ЕНПФ қосымшадағы Жеке кабинетте электронды цифрлық қолтаңбаны немесе пайдаланушының логині мен паролін пайдалана отырып;

– БЖЗҚ ұсынған мекенжайға электронды пошта арқылы хабарласа отырып;

– тікелей БЖЗҚ кеңсесіне келіп, жеке өтініш жасаған кезде;

– пошта байланысы қызметтері арқылы.

Естеріңізге сала кетейік, салымшы (алушы) 10 күнтізбелік күн ішінде БЖЗҚ-ға өз міндеттемелерін орындауға әсер ететін барлық өзгерістер туралы хабарлауы қажет.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button