Тұрғын үй

Тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Биыл Ұлан ауданының бес елді мекенінде салынып жатқан жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы аяқталады.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың хабарлауынша, биыл Қасым Қайсенов кентіндегі 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің және Таврия, Мамай батыр, Сағыр, Герасимовка ауылдарындағы екі пәтерлі жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған екен.

– Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қасым Қайсенов кентінде 40 пәтерлі екі несиелік үйдің құрылысы басталған болатын. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 85 пайызға орындалған. Аяқтау ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланып отыр. Қасым Қайсенов кентіндегі 36 пәтерлі несиелік үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – дейді Ренат Құрмамбаев.

Сонымен қатар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша Мамай батыр, Таврия, Герасимовка ауылдарында он үй салынып, пайдалануға берілмек. Бүгінгі күні аудан орталығында екі пәтерлі тоғыз үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, Сағыр ауылындағы осындай үш үйдің құрылысы аяқталған.

– Мамай батыр ауылында салынған екі пәтерлі тұрғын үйлердің кілттері  көпбалалы төрт отбасына берілді. Сонымен қатар «ШҚ Бекон» кәсіпорны Восточное ауылында 70 млн. теңгеден астам сомаға төрт пәтерлі екі тұрғын үйді қалпына келтіретін болады, – дейді Ренат Құрмамбаев.

Бұдан бөлек, биыл аудан әкімдігі Қасым Қайсенов кентінде құрылысы жүргізіліп жатқан  320 орындық мектептің құрылысын аяқтауды, аталмыш кенттегі балалар музыка мектебінің, жастар саябағының, емхананың құрылысын бастауды, Таврия, Бозанбай ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтауды, Айыртау ауылында осындай кешеннің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button