Турецкийдің хоры қазақша ән салды

Өскемендегі Республика алаңында Ресейдің белгілі тобы «Хор Турецкого» ән мерекесін ұйымдастырды. Қаламызда осымен екінші рет өтіп отырған көпшілікпен бірге «Халықтық караоке» кеші облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тамашалады.
Шығысқазақстандықтардың сүйікті әншілері бұл жолы қазақ тілінде «Туған жер» әнін шырқап, тыңдармандарын үлкен қуанышқа бөледі. «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім – ауылым» деп әуелеткен әншілер сахнаға қазақтың ұлттық шапандарымен шыққаны жанкүйерлердің ықыласын одан сайын күшейтті. Бұдан кейін топ «Ваше благородие, госпожа Удача» әнін шырқады. Белгілі топтың жетекшісі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Михаил Турецкийге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жүрекжарды тілегін жеткізді.
-Мен жиналған қауымды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтаймын. Бұл – әр отбасының мерекесі, өйткені еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті, өзара келісімді бейнелейді. Біз Қазақстан қоғамы деген жаңа қоғамды қалыптастырудамыз. Осындай тамаша мерекені бізбен бөлісу үшін келген достарымыз, талантты музыкант Михаил Турецкийдің ұжымына алғысымыз шексіз. Бұл топ – Ресейдің мәдени құндылығы болып табылады, – деген облыс әкімі Михайл Турецкийге Алғыс хат тапсырып, еліміздің символы Күміс барысты сыйлады. Халқымыздың дәстүрі бойынша иығына құндыз жағалы шапан жапты. Сахна төріне облыс басшысының ықылас гүлі шығарылды.
-Біз Өскемендей тамаша қалаға екінші рет келіп тұрмыз. Сонау көктен-ақ шаһардың әсем де көркем екені бірден байқалады. Облыс және қала басшыларының ыстық ықыласына, құрметіне ризамыз. Ұшақтың баспалдағынан шашу шашып қарсы алғандарыңызға мың алғыс. Біз бауырлас халықпыз, достығымыз жалғаса береді, – деп ризашылығын жеткізді Михайл Турецкий.
Ән кешіне жиналған қауым сүйікті әншілерімен бірге шырқап, би билеп, көңіл көтерді. «Халықтық караоке» деп аталған кештің мақсаты да тыңдармандарымен бірге ән салу болатын.
Биылғы бағдарламаның өзгешелігі – өскемендіктердің алдында Михайл Турецкийдің қызы Эммануель өнер көрсетті. Әйгілі «Катюша» әні шырқаған дарынды қыз жиналғандармен қосылып бірнеше ән орындады.
Михайл Турецкийдің айтуынша, топ еліміздің он қаласын аралап, осындай ән кешін ұйымдастырмақ. Ресейлік белгілі топ жайлы толығырақ «Дидар» газетінің алдағы сандарының бірінен оқитын боласыздар.
Кәмәл Естай