Бәрекелді

Тұңғыш рет қатысып тұғырдан көрінді

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі байқауында «Алтай» би ансамблі үздік үштікке ілікті. Астанада өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен кіл мықтылар жиналып, бақ сынаған.

«Астана балет» театрының сахнасында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби биші Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ би сайысы өтті. Екі кезеңнен тұратын жарысқа 40-қа жуық өтініш түсіп, 20 ансамбль мен 15 жеке орындаушы қатысқан. Қатысушылардың өнерін елімізге белгілі тұлғалармен бірге Әзірбайжанның халық әртісі Тарана Мурадова да бағалады.

Қазақ ұлттық хореография академиясы өткізіп отырған бұл би форумында Шығыстың өнерпаздары алғаш рет бақ сынады. Отыз адамнан құралған «Алтай» ансамблі бұл сайыста жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Республикалық би байқауына «Алтай» би ансамблі тыңғылықты дайындалған. Ұжым екі кезеңдік конкурсқа Тимур Қожахметовтің жаңа қойылымын ұсынды.

– Екі кезеңге де жақсы дайындықпен бардық. Бірінші кезеңде «Төр Алтай» биін биледік. Бұл ансамбльдің репертуарындағы жаңа туынды. Атауымыз да «Алтай» болғандықтан осы таңдау дұрыс деп шештік. Ал екінші кезеңге «Сақтар» биімен шықтық. Жалпы, бұл сайысқа Шығыстан тұңғыш рет қатысып жатқандықтан қазылар алқасын таңдандырып, өзгелерден дараланғымыз келді. «Төр Алтай» биінде қазақи болмысты көрсетсек, «Сақтарда» жауынгерлік өнердің қимылдарын паш еттік, – дейді «Алтай» би ансамблінің бишісі Кенжегүл Дамыс.

«Алтай» би ансамблі аймақ басшысының қолдауымен үш жыл бұрын құрылған. Осы уақыт арасында ұжым ел ықыласына бөленіп үлгерген.

Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ би сайысында «Алтай» би ансамблінің жетекшісі де марапатталды. Оған ұжымды дүбірлі додаға баптағаны үшін «Ең үздік балетмейстер» грамотасы табыс етілді.

– Байқаудан алған әсеріміз керемет. Сайысқа бірінші рет қатысып, бірден үшінші орынға ие болғанымыз бәрімізді шабыттандырды. Болашаққа деген сенім мен жігер және мүмкіндіктер сыйлады. Мықты қарсыластармен сайысып, тәжірибе де жинақтадық. Жарыс өте әділ өтті. Жалпы, бізді қолдап осындай мүмкіндіктерге жол ашып отырғаны үшін аймақ басшысына, мәдениет басқармасына және «Ертіс концерт» ұжымына алғысымыз шексіз, – деді Кенжегүл Дамыс.

 

 

Осы айдарда

Back to top button