Білім

Түлектердің шетелге кетуі азайды – ШҚО

Білімді түлектердің шетелге кетуі белең алған үрдіс болатын. Бұл мәселенің шешімін табу білім саласының басты мәселесіне айналған еді.

Елімізде «Білікті маман» жобасы жүзеге асырылып келеді. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша бұл жоба біздің өңірде де өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Шығыс Қазақстан облысында 2017 жылдан бастап мектеп және колледж түлектерінің  шетелдің жоғары оқу орындарына кетуін азайту мақсатында «Білікті маман» жобасы басталған. Аталған жоба аясында жергілікті бюджет есебінен жыл сайын өңірдің экономикасына қажетті мамандарды есепке ала отырып білім беру гранттары бөлінеді. Атап айтқанда 2017 жылы 200 білім беру гранты, 2018 жылы – 446, 2019 жылы – 400, 2020 жылы – 400, 2021 жылы – 410, 2022 жылы – 450 грант бөлінген. Осылайша 6 жыл ішінде түлектерге жергілікті бюджет есебінен 2306 білім беру гранты бөлінген.

– Биыл еңбек нарығын есепке ала отырып білім беру, өнер және гуманитарлық ғылымдар, бизнес, менеджмент және құқық, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, өндіріс және құрылыс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, медицина бағыттары бойынша 270 білім беру грантын бөлу жоспарланған, –  дейді С.Аманжолов атындағы университет жанындағы түлектерді қабылдау комиссиясының жауапты хатсышы Ләйлә Төлеубайқызы.

Жалпы қандай да жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден өту керек. Ағымдағы жылы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыру мүмкіндгіне ие болған. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, гранттар конкурсына қатысу үшін мамыр-маусым айларында негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыру қажет.

– Бүгінгі таңда осы жобаны іске асыру аясында оң нәтижелер бар, яғни мектеп түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуі 1800-ден 298-ге азайды, – дейді білім басқармасының өкілі Ләззат Кездікбаева.

Осылайша облыс орталығындағы оқу орындары «Білікті маман» жобасы арқылы кезекті түлектерін қабылдауын бастап кеткенін хабарлап отыр. Білімді маман болып шығамын деген адамға білікті оқу орындары өзімізде де бар екенін білген жөн.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button