Ұлттық рухани жаңғыру

Түгіскен төсіндегі дүбір

Хасен Зәкәрия, Күршім

Биыл біздің  өңірде жиі-жиі жиын болып, ас пен тойдың молайып тұрған жайы бар. Осындай басқосуларды жақсы көретін халқымыз екі жылдан астам уақыт әуреге салып, есіктес екі көршіні араластырмай, тығырыққа тіреген пандемияның зардабынан соң, «ақ түйенің қарнын қайтадан жара бастағаны» айқын байқалып тұр. Бұдан сескенудің керегі жоқ, өйткені олар үшін мемлекет қаржысы шашылмайды, шығын жеке адамдардың немесе қолы ашық меценаттардың қалтасынан шығып жатады.

Ал осы тойларда ата салтымен ат жарататын, спортқа ден қойып, күреске түсетін ағайындарымыздың бақ сынап, әжептәуір пайда көріп жататыны да бекер емес. Оған күнделікті тіршіліктің ауанымен томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан қарапайым қауымның қызық көріп, бір серпіліп  қалатынын қосыңыз.

Осындай дүбірлі тойдың Сарыөлең  мен Бесжылдық ауылдары орын  тепкен Түгіскен алқабында  өткенінен оқырман қауым хабардар. Оның өтуінің басты себебі қазіргі Сарыөлеңнің іргетасының қаланып, өз алдына совхоз болып құрылғанына 60 жыл толған торқалы тойы болатын. Аудан әкімінің қолдауымен, белсенді азаматтардың білек сыбана кірісіп, қолға алуымен осы  күні дүбірлі тойдың туы желбіреген еді. Ал ат бәйгесінің, балуандар күресінің жүлделерін өз мойнына алып, демеушілік жасаған белгілі меценат, осы өңірдің түлегі, Алматы қаласының тұрғыны Оразбек Базарбайұлына деген жұрт алғысының ерекше  болғаны шындық.

Ауыл тойы 7 қазан күні кешке Сарыөлең ауылдық клубының алдында өткен тамаша концертпен басталды. Оның алдында сахнаға көтеріліп, сөз сөйлеген Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев жиналған қауымды осы айтулы шарамен құттықтап, мерекелік көңіл-күй, халықтың келешек тірлігіне табыс тіледі. Бұдан соң өзгеше өрнекпен көркемделген сырттағы сахнаға аудан, облыс көлеміндегі айтулы өнерпаздар шығып, үш сағат бойы тыңдарман қауымды әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Осы мерекеге әдейілеп келген ауыл түлегі,  «Астана-Опера» театрының әншісі Берікхан Халелов пен Алматыдан арнайы шақырылған белгілі өнерпаз, әнші-сазгер Роза Әлқожаға көпшілік ықыласының ерекше болғанын айтпай кетудің жөні жоқ. Оларға ілесе келген Әділ Тұрғанбаев, Дастан Оразбеков сынды өнерпаздардың да жұрт қошеметіне ие болғаны рас.

Ертеңінде ойдан-қырдан жиналған қара-құрым жұрт тойдың негізгі бөлігі өтетін Бәйгетөбені бетке алды. Бұл жерде бүгін әдеттегідей алуан сәйгүліктің тұсауы кесіліп, бағы сыналуға тиіс болатын. Бір қиыны, осы күні таң ата басталып, қара топырақты бұрқыратқан қазанның қара дауылы ұзақты күн тыным таппай, халықтың мазасын кетіргені рас еді. Бірақ  бұл қазекеңнің бәйгеге деген ынтасы мен ықыласына тосқауыл бола алған жоқ. Жиылған қауым мезгіл жете тегіс осы төбенің басынан табылды.

Алдымен етектегі ойпауыт жерге төселген боз кілемде небір атпал азаматтардың сайысы өтіп, өзіне-өзі нық сенген апайтөс балуандар күш сынасты. Бұл сайыстағы түйе балуан сынағына 13 тәжірибелі спортшы түсіп, оқушылар арсындағы күреске 20 бозбала атсалысқан-ды. Екі сағатқа созылған қазақ күресі сайысының қорытындысында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандардың ішінен Абай облысынан келген қазақ күресінен Әлем чемпионы, самбодан Әлем кубогының төрт дүркін иегері Саят Шәмшиев бірінші орыннан көрініп,  топ жарды. Екінші орынды күршімдік белгілі балуан, қазақ күресінен спорт шебері Ерасыл Тұрсынбеков жеңіп алды. Үшінші орыннан семейлік спорт шебері М.Қабдоллаев бой көрсетіп, мықтылығын дәлелдеді. Қалған салмақ дәрежелері бойынша көзге түсіп, жүлделі болған азаматтар аз емес.

Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын қазақтың делебесін қоздырған бәйге де басталып кетті. Алдымен тай жарысы болып, үкіленген тай мінген 24 балдырған  шаңды будақтатып жөнеп берді. Екі айналымға белгіленген сайыстың алды болып, мәреге жеткен «Шұғыла» атты жүйріктің иесі Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген Үмбетовтер әулеті болып шықты. Сәйгүліктің бапкері Арықбаев Мұраттың  төккен тері ақталды.

Екінші орыннан Көкпекті ауданындағы «Талап» шаруа қожалығының «Айерке» атты жас тұлпары бой көрсетіп, бапкері Шайырғазин Русланның мерейін аспандатты. Осы қожалықтың «Нұртай» атты тағы бір жүйрігі үшінші орынды иеленіп, олжа салды. Бұл бәйгеде жүлде жеті атқа дейін берілген болатын, бірақ біз алдыңғы үш орынды жариялаумен шектелгенді жөн көрдік.

Осыдан соң кезек жер-су баспай, тайпалған жорғаларға келді. Он шақырымға жіберілген 19 жорғаның ішінен төрт айналымнан кейін мәре сызығын бірінші болып Қырғыз Республикасынан келген қонақ Жақыпбек Карыбековтің «Чиксон» атты  жүйрігі қиып, оның қожайыны бас жүлде «Chevrolet Cobalt» көлігінің кілтіне ие болды. Екінші орыннан «Төретоғам» ЖШС-нің «Лаурэн» атты жорғасы көрініп, ол да тиісінше 1000 000 теңге сыйлық алды. Үшінші орынды күршімдік Балғазы Қадыловтың «Эдельвейс» атты сәйгүлігі иеленіп, 500 000 теңгелік жүлдеге қол жеткізді.

Жиыны 42 тұлпар бақ сынасып, 15 шақырымға шапқан топ бәйгеде Алматы облысы, Жамбыл  ауданындағы Үмбетовтер әулетінің тағы бір дүлдүлі «Желқара» бәсекелестерінен оқ бойы озып келді. Бұл жүйріктің иесіне «Lada Granta»  автокөлігінің кілті ұсынылып, қошемет көрсетілді. Екінші болып жеткен  Павлодар облысының Баянауыл ауданынан келген Қайратов Азаматтың «Черновец» атты сәйгүлігі иесіне 1000 000 теңге олжа салды. Үшінші болып жеткен күршімдік Тұрсынғазы Мақсаттың «Нарқасқасы» да өзінің тебінді тұлпар екендігін дәлелдеп, оның иесі 500 000  теңгелік жүлдеге ие болды.

Қандай бәйгенің болмасын, ең қызығы да, дүркіреген дүбірлісі де аламан емес пе. Жұрт көңілі алабұртып, әсіресе осы үлкен жарысты күтулі болатын. Оның да кезегі келіп, тәуекелге бел буған небір сәйгүліктер он айналымнан тұратын осынау ұзақ шабыстың жолына түсті. Жер апшысын қуырған жүйріктерге жер алыс па, әне-міне дегенше дүркіреп бұл тұлпарлардың да алды келіп қалды. Дүрілдеген қатты желмен қабаттаса шыққан сансыз ысқырық пен қиқудың астында мәре сызығын бірінші болып тағы да сол алматылық бапкер Арықбаев Мұрат үкілеген Серіков Дәурен деген азаматтың «Нарқасқа» атты жүйрігі қиып өтті. Сөйтіп, бұл сәйгүлік иесіне  «Chevrolet Cobalt» автокөлігін олжа етті. Екінші орын иеленген тараздық Исламнұр Сабыровтың «Лайкон» атты дүлдүлі иесіне 1000 000 теңге ақшалай сыйлық алып келсе, осы азаматтың үшінші орыннан көрінген тағы бір «Рокот» деген жүйрігі 500 000 теңге сыйлықты тарту етті. Жоғарыда айтқанымыздай, жүлде жеті атқа тағайындалып, жетінші келген аттың өзі 50 мың теңге иеленіп жатты.

Сол бәйгетөбенің күншығыс беткейін ала 14 ақ отау тігілген болатын. Түс ауа осы киіз үйлерде қонақтарға күтім жасалып, сый көрсетіле бастады. Мол жайылған дастарқан басында дүбірлеп өткен тойға сараптама жасалып, орын алған жетістіктер мен жіберілген кемшіліктер жайлы ашық пікірлер ортаға салынды. Мұндай пайдалы кеңестердің кейінгі шараларда кәдеге асып, сол уақытта кемшілік жібермеуге кепіл болатыны рас.

Осылайша, Сарыөлең ауылының 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Жұртшылық ендігі қызықтарға 22 қазанда болатын Барақ батырдың 320 жылдық тойына орай өткізілетін шараларда кенелерміз деген үмітте.

Осы айдарда

Back to top button