Қоғам

Тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткіздік

Тәуелсіздік жылдарында толағай табыстарға қол жеткіздік

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да 300-ден аса адам қатысқан «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 23 жылы» атты форум өтті. Оған қаланың белгілі қоғам қайраткерлері, ірі кәсіпорындардың және жастар ұйымдарының өкілдері, аталмыш оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері қатысты.
Форумның алдында жоғары оқу орнының фойесінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге университеттің студенттері жасаған түрлі инновациялық жобалар үлгісі, облыстағы, еліміздегі белгілі ғимараттардың көшірме макеттері қойылды. Сондай-ақ, сахна төріне орналастырылған үлкен LED экраннан Мемлекет басшысы туралы, егемендік жылдарда еліміз қол жеткізген жетістіктер жайында бейнематериалдар көрсетілді.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков өткізіліп отырған бұл шараның маңыздылығына тоқталып, тәуелсіздік жылдарында еліміз жеткен толағай табыстарға жастардың назарын аударды.
Осыдан жиырма бес жылдай уақыт бұрын студенттерде шетелде оқу мүмкіндігі болған жоқ, шетелден ешқашан Өскеменге білікті профессорлар келіп дәріс оқымады. Тек соңғы үш жылда ғана біздің университетке 197 профессор келіп дәріс оқыды. Біздің университет елімізде ең үздік он жоғары оқу орнының қатарына еніп отыр. Мұның бәрі – мемлекеттің қолдауы, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер, – деді ол.
Сондай-ақ, ректор аймақта тәуелсіздік жылдарында жеке меншіктегі жеңіл көлік саны 88 мыңнан 315 мың бірлікке дейін артқандығын, 143 елді мекен ауызсумен қамтылғанын, 120 өнеркәсіп және қайта өңдеу кәсіпорындары салынғандығын, мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, көптеген инфрақұрылымдар жөнделгенін келтірді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ольга Булавкина елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын, көп партиялы Парламент, 18 мыңнан астам қоғамдық үкіметтік ұйымдар қалыптасқанын, екі жарым мыңнан аса бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейтіндігін жеткізді. Ең бастысы, ЮНЕСКО әлемнің бейбітшілік қаласы деп таныған әсем Астананың тарихы мен Қазақстанның тағдыры ажырамас бүтін дүние екенін атады.
Ал «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Екібасова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Ахаев, осы оқу орнының доценті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Э.Столярова және тағы басқалар. Мемлекет басшысы жастарға үнемі үлкен сенім артатындығын жеткізді, президенттік сайлауға белсене қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды. Форумның жұмысы аталмыш жоғары оқу орнының елуден аса студентінің қатысуымен ұйымдастырылған «Алға, Қазақстан» патриоттық флеш-мобымен жиналған жұрт қосыла шырқаған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button