Туған жерінің мақтаныштары

Глубокое кентіндегі О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебінде еркін күрестен аудандық турнир өтті. Жерлесіміз Мерей Сабырбековті еске алуға арналған І аудандық ашық турнирге Өскемен, Зырян, Риддер қалалары мен аудандардан барлығы 15 команда қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Қалихан Байғонысов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерге тоқтала келе, Мерей Сабырбеков сынды туған еліне еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, оңды істерін кейінгі жастарға насихаттау патриоттық тәрбиенің бастауы екенін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Боз кілемде жиыны 223 балуан белдесті. 2007-2009 жылдар аралығында туған ұлдар мен қыздар әртүрлі салмақ дәреже бойынша сынға түсіп, нәтижесінде жауырыны жерге тимеген сайыпқырандар: Т.Мұрат, Т.Мансұр, А.Нұрбеков, Е.Қалибек, С.Сержанов, М.Ерланов, О.Бексұлтан, Н.Өмірбекұлы, Е.Советханов, А.Жакенов, Е.Есболатұлы, Н.Касымбек бірінші орынды жеңіп алды.
2004-2006 жылдар аралығында туған жасөспірімдер арасында Ш.Малғазин, Ә.Қадылжанов, Б.Сыбанбай, М.Бердыбеков, Н.Киноятов, Ә.Көксегенов, Ә.Бекенов, А.Бекенов, К.Ардалионов, Ж.Кабдерашим, Д.Сүлейменов, В.Филатов жеңіс тұғырынан көрінді.
Қыздар бәсекесінде А.Бақытбекқызы, А.Әшімова, Қ.Советова, Н.Әшімова, Н.Альбертқызының бағы жанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы медальдармен, мақтау қағаздарымен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл турнирдің өтуіне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі, «Шахан Ата» ЖШС-нің бас директоры Жанабай Тастанбеков демеушілік көрсеткенін атап өткеніміз абзал.
Жалпы айта кетуіміз керек, Глубокое ауданында қалталы кәсіпкерлердің қолдауымен көптеген іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Мәселен, облыстық «Туған жер» форумында ауданның бірқатар бизнесмендері «Менің мектебім» акциясы аясында 25 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсеткен. Олар: Николай Кузьмин, Людмила Цыбенко, Фарид Абитаев, Владимир Кошелев сынды атымтайлар. Ал 2022 жылдарға дейін біздің ауданның атынан акция аясында «Парыз» қорына 190 млн. теңге аудару көзделіп отыр.
Еліміздің өркендеу жолында қарапайым ауыл тұрғынының еңбегі елеулі екені рас. Осы орайда, аудан басшысы Александр Колупаев, Владимир Лаптев, Людмила Бурнашова, Вера Галиева, Жұпар Таныбаева сынды ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан жандарды марапттады. Сондай-ақ қол күресінен ел чемпионы атанған мүмкіндігі шектеулі Владимир Уфимцевқа ақшалай сертификат табыс етілді.
Салтанатты кеште «Нұр Отан» партиясының қатары жаңа мүшелермен толығып, мемлекеттік қызметке келген екі жас маман ант қабылдады.
Гүлнәр Мусина.
Глубокое ауданы