«Туған жерге ту тіккендер»

Өңірімізге белгілі азамат Бекен Теміров «Туған жерге ту тіккендер» атауымен «Саржал» кітабының екінші бөлімін жарыққа шығарды. Еске сала кетейік, былтыр аталмыш еңбектің «Саржал: ауылымның тарихы – елімнің тарихы» деген атаумен алғашқы бөлімі оқырманға жол тартқан еді. Туынды авторы әлдебір рудың, яки белгілі бір әулеттің шежіресін насихаттауды көздемеген. Мұндағы мақсат – өлкенің әлімсақтан бүгінге дейін жеткен тарихына жан-жақты тоқталу, сондай-ақ жер-су атауларына қатысты аңыз-әпсаналарға ғылыми түсінік беру.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бұл сөздері кімді болса да ойландыратыны анық. Рас, Тәуелсіздікті алғанымызға ширек ғасырдан асқанын ескерсек, осы күнге дейін өлкетануға қатысты бірде-бір көлемді еңбектің жарық көрмегенін байқау қиын емес. Бұл пікірмен келіспеуге әркім құқылы. Әйтсе де мектептерді былай қойғанда, жоғары оқу орындарының өзінде бұл бағыт әлі жолға қойылмаған. Міне осының орнын толтыру үшін Бекен Теміров «Саржал» атты кітапты жазып шыққан екен. Осы тақырыпта қалам тербеу оған таңсық емес. Бекен Нұғыманұлы ұзақ жылдар Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайын басқарған. 500 данамен басылған туындыда өткен ғасырдың 30-40 жылдардағы құнды мұрағат деректері қамтылыпты. Атап айтқанда, мұнда Шыңғыстау өңірі, Шаған өзенінің бойын мекендеген елдің тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік оқиғалар жан-жақты көрсетілген.
– Саржал туралы кітап жазуыма бірнеше себеп болды. Біріншіден, бұл аймақта өткен ғасырда әрі одан арғы заманда небір тарихи оқиғалар болған. Екіншіден, Саржалдың қымызы ауылдың даңқын мұқым елге асқақтатты десем қателеспеймін. Бірақ көпшілік әлі де болса бұл өңір туралы білмейді. Және де жас ұрпақтың туған жерінің тарихын біліп жүрсін деген ниетпен осы жұмыс қолға алынды. Енді тарихи-деректі хикаяның жалғасы ретінде «Туған жерге ту тіккендер» деген екінші бөлімі әзірленді. Мұнда сол жерде туып-өсіп, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан жандар туралы айтылады. Сондай-ақ жұмыс бабымен бұл аймаққа келіп, халықтың құрметіне бөленген азаматтар туралы да жазылған. Бұдан бөлек бүгінгі күннің ерлері, ауылдың гүлденуіне күш салған тұлғалар жөнінде де көлемді мәліметтер келтірілген. Жалпы айтқанда, кітапта 440 адамның елеулі істері жинақталған, – деп атап өтті Бекен Нұғыманұлы.
Бұл жұмыста жер-су атауларына да ерекше көңіл бөлініпті. Мәселен, кітаптың үшінші тарауында елу шақты жер-су аттары енгізіліп, олардың шығу төркіні туралы түсінік берілген. Бұдан басқа айтулы еңбекте көптеген фотоқұжаттар бар.
– Мысалы «Тоқым тыққан» деген жер бар. Оның осылай аталуына не себеп? Бұл сұрақ әжептәуір ойландырды. Сөйтсе, бір дөңнің етегінде құдық қазылыпты. Оны қазу кезінде жан-жақтан су атқылаған көрінеді. Бұрқыраған судың арынын тоқтату үшін оның көзін тоқыммен жапқан екен. Содан бері сол жерді «Тоқым тыққан» деп атап кеткен. Міне осындай қызықты мәліметтер көп, – деп тілге тиек еткен Б. Теміров тарихи-деректі туынды оқырмандар үшіе қызықты болатынын жеткізді.
Жақсылық Мұратқали
Семей.