Мәдениет

Туған ауылдың түтіні

Туған ауылдың түтіні


Кеше Шығыс Қазақстан өнер музейінде тарбағатайлық қылқалам шебері, Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқановтың «Туған ауылдың түтіні» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Көрменің ашылуы атаулы күн – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған. Көрмеге автордың Отанына, туған жері мен еліне деген қайталанбас сезімін беретін кескіндеме, графикалық жұмыстары қойылған.

Әлібек Шоқановтың шығармашылығы ең алдымен, өзіндік ерекшелігі бар, бояуы жағынан аса талғампаз кескіндеме ретінде қабылданады. Кез келген суретші суды, қарды, айналадағы құбылмалы атмосфераны ұнатып, бейнелеп бере алмайды. Ал бұл көрмеден тұман, жаңбырлы ұшпа бұлттар, түрлі-түсті ымырт, мұнар уақытын көруге болады. Бұл суретшіге кез келген адамның бойында кездесе бермейтін шыдамдылық пен байсалдылық тән, сондықтан да заманауи өнерде көп кездесетін әсіре бейнелеу мен психологиялық жайсыздықтан жалыққан көрерменді оның суреттері қызықтыра тартады.

Көрмені суретшінің жерлесі, танымал айтыс ақыны, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Аслан Ғафуров қылқалам шеберіне деген арнау өлеңімен ашты. Көрме иесін, сондай-ақ суретші Е.Тұрғанбаев, өнертанушы Т.Быкова, облыстық мұрағаттың басшысы Т.Түсіпбеков, тағы басқа облыс орталығы мен өңірлерінен келген әріптестері, жиналған өнер сүйер қауым өкілдері мен мәдениет, білім беру саласының қызметкерлері құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қызырбек Дүргімбаев жетекшілік ететін «Шабыт» жас ақындар мектебінің ақындары жырдан шашу шашты. Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева суретшіге аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Қылқалам шеберінің «Ұлттық натюрморт» триптихы мен қазақ халқының сан ғасырлық ғұмырын бейнелейтін «Қобыз» атты сюжетті полотносынан көне қару-жарақтарды, музыкалық аспаптар мен ыдыс-аяқтарды көруге болады. Бұл шығармаларда барлық айқын контурлар мен шекаралар кеңістікте жойылып, қараңғылық қап-қара болмай, сұр, жоса және сангинаның әртүрлі реңктерімен нұрлана көрінеді. Бұл жерде көрермен көзге ұрып тұратын қызыл мен жасыл түстерді іздеуін бірте-бірте тоқтатып, автордың айрықша, жабырқау тартқан жер-топырақтың түстері мен бояуларының құбылып, өзара үйлесуіне көз үйретіп алады. Тек сонда ғана көрермен өзінің алдыңдағы – замана пластикасына жол ашқан мықты кескіндемешінің ересен еңбегі екеніне анық көз жеткізеді.

Қатал академист осы туындыларда ауаны бейнелеуге қажетті аса жеңіл көгілдір түсті де ажырата тауып ала алады. Алыстағы таулар нәзік сұр, көгілдір және күлгін ауа қабатымен боялған («Арғанаты»). Бірақ таңғажайып «Ұлттық натюрморттар» композиция тұрғысынан жетілген, зеңжар уақытпен бәсеңдетілген ерекше жұмсақ інжу-сұр түсте жазылған. Онда кешегі өткен шаң басқан дәуірлер, оралмасқа кеткен ғасырлар қасіреті көрініс тапқан. Кейде Әлібек Шоқанов заманауи пейзажға осындай уақыт кезеңінен: өткен шақтан ба, жоқ болашақтан ба, күнделікті тіршіліктің өтпелі дүние екендігіне иланған философиялық түсінікпен қарайтын сияқты. Суретші стиль мәселесіне келгенде ұзақ ойланбайды. Бұл тұрғыдан ол толыққанды және тәуелсіз. «Қазақ биі» суретіндегі қара түс, бүгілме айшықты фигуралардың контуры, қыздарға тән қолдың қозғалысы – Германияда пайда болған бейнелеу мәнерінің тек сыртқы белгілері ғана, өйткені Шоқановтың сезімдері мүлдем басқа. Шындығында суретшінің осы шығармашылық тәуелсіздігін қалай түсіндіруге болады? Мүмкін, оның мінезімен, мүмкін, қала өмірінің мәдени және көркемсурет орталықтарынан шалғай жүргендігінен, сондай ортамен қарым қатынастың болмағанымен бе? Ол өзінің туған жерін, Отанын жан-тәнімен сүйеді. 1993 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика университетінің көркемсурет-графика факультетін бітірген соң, университеттің жолдамасымен Талдықорған қаласындағы Жоғарғы кәсіби өнер лицейінде сурет пәнінен сабақ берді. Екі жылдан соң туған жері Тарбағатайға оралады. 1969 жылы 7- сәуірде Жетіарал ауылында дүниеге келген. Қазір Ақжар ауылында тұрады және балалар өнер мектебінің директоры болып жұмыс істейді.

Педагогикалық қызметінің 16 жылында Әлібек Төкенұлының шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталған, бірнешеуі өз тағдырларын бейнелеу өнерімен байланыстырған. Сондай-ақ, суретшінің жеке шығармашылық жетістіктері де жоғары бағаланды. 2004 жылы осы өнер музейінде оның алғашқы жеке көрмесі өткізілген болатын. 2005 жылы Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. 2010 жылы Әлібек Шоқанов «бейнелеу өнері» номинациясы бойынша облыс әкімі сыйлығының иегері болды, сол жылғы сәуірде Белоруссияға халықаралық пленэрге шақырылып, одан үлкен марапатпен оралды.

Ашылған көрмеге суретшінің музей қорындағы үздік жұмыстары, сондай-ақ оның жаңа туындылары қойылып отыр. Өскемендіктер мен қала қонақтары көрмедегі Әлібектің әсем әлемін алдағы жылдың наурыз айына дейін тамашалай алады.

Айтмұхамбет Қасымов, өнер музейінің қызметкері

Осы айдарда

Back to top button