Мәдениет

Туған аулым көлдің астында қалды

Туған аулым көлдің астында қалды


Қосағаш – аудан орталығы Күршімнен отыз шақырым жердегі кішкене ауыл. Қырықтан сәл астам түтін бар. Колхоздың шаруашылығы шағын. Техника атымен жоқ. Жұмысты қолмен істейді бәрі.

Мектебіміз өңірдегі басқа білім ошақтарынан құрылысы ерекше еді. Тас тұғырлы, еңсесі биік, терезелері үлкен. Бөлмелері кең. Тақтайы асқан шеберлікпен төселген. Тақта мен парталар қаладағыдай. Құдығы жалпақ қара таспен шегенделген. Суы тастай мөлдір. Қыстайғы отынымыз Ертістің қамысы еді.
Оқу құралдары: оқулық, дәптер, қарындаш-қаламсап, сия жетіспеді. Бармен базар едік. Сияға қазанның қара күйесін, қой терісін бояған қынаны пайдаландық. Жоққа жүйрік жетпейді.

Жазғытұрым сиырдың түлеген жүнінен доп жасадық. Атаман, голок ойнадық. Кейде жалаң аяғымыздың тырнағы сынып, қан ағады. Майда топырақ себеміз. Балтырымыз жарылады. Су тисе ашиды. Сағыныш екен бала кез. Амалым бар ма. Бұхтырма ГЭС салынып, туған ауылым Зайсан көлінің астында қалды.

Аштықта жеген құйқаның дәмі

Соғыстың зардабынан ауылдағылардың әл-ауқаты нашар болды. Салық төлейтін. Жалғыз сиырдың бұзауын етке өткізетін. Тортасын айырған майы және бар. Ішетініміз айран, жегеніміз ірімшік, құрт. Анда-санда бір уыс қуырған бидай жейміз. Нанды көрмейміз. Бірде күтпеген жағдай болды. Бір тойып, шала байыдық. Қабдыл есімді баланың әкесі Құмаш қабығы көп, дәні аз шекілдеуіктің жымығын әкелді. Қуанышымызда шек жоқ. Арпадай асадық. Өте дәмді. «Астың қадірін ашыққанда білесің» деген емес пе? Қазір алты мүшелден асқанда ойлаймын, Қалай ішіміз ауырмаған сол кезде?..

Қара бала

Жадыраған жаз. Ой мен қыр көк кілем төселгендей. Төртінші сыныпқа көшкен кезім. Ойыннан үйге келсем Тоқтар ағам Өскемен шаһарына жиналып жатыр екен. Менің көңілімді қалдырмай ертіп алды. Салып ұрып Зыряннан Путинцево станциясына жеттік. Халық көп екен. Иін тірескен жұрт. Құмырсқаның илеуіндей құжынайды.

Пойызға отырдық. Купеден дәлізге шықтым. Ашық терезеден мойынымды созып, жан-жағыма қызыға қараймын. Облыс орталығына бағытталған отарба екпіндей зулайды. Анда-санда ентігін баса аламаған қариядай сәл кідіріп, пыс-пыс етіп, түкірінген паравоз дауысын созып, жүйтки жөнеледі. Қою қара түтін мұржадан бұрқырайды. Қалың тұман іспетті. Балғаны жалықпай тақ-тұқ соққан ұстадай доңғалақтың тарсылы бір тынбайды. Жұлдыздай аққан пойыз орманды жарып өтіп, жазықты артта қалдырды. Діттеген жерге жақындадық. Мен купеге оралдым. Жолаушылар маған үн-түнсіз таңырқай қарасты. Көздерінен жас аққанша күлді. Айнаға қарасам бет-аузым адам шошырлық қара күйе. Көзім жылтырап, тісім ғана ағарады.

Мұртты көсеммен қоштасу

1953 жыл. Наурыз айының алғашқы күндерінің бірі. Зырян қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінің 5-сыныбында оқитын кезім. Ауылдағыдай емес, киім-кешек, азық-түлік, оқу құралдары жеткілікті. Кітапхана, мәдениет үйінде, кинотеатрда қызыл бұрыш жұмыс істейді. Қазақтар өте аз болса да ана тілімізде көркем әдебиет те, газет-журналдар да баршылық. Таңертен мектепке келсем бәрі жылап жүр. Олардың ішінде Ақыш Ахметов, Әнуәрбек Хасенов, Нұрмыш Хамзин және тағы басқа ұстаздар бар. Оқушылардың білегіне қаралы шүберек байлап, спорт залға сапқа тұрғызды. Радиолода қаралы музыка. Мәскеулік диктор Иосиф Сталиннің қайтыс болғанын қайғырып хабарлайды. Қайсы біреулеріміздің көңіліміз босамады, көзімізден жас шықпады. Қорыққаннан алақанымызбен көзімізді қалқаладық. Бүкіл қала халқы жылап сықтады. Қайғыға ортақтаспағандарды жауапқа тартты деген әңгіме де болды. Естіген құлақта жазық жоқ.

Пима киген сиыр

Желтоқсан айы. Күн жексенбі. Ымырт үйіріліп қалған. Қырбық қар жауып тұр. Көршім, сыныптасым Кеңесханмен М.Горький көшесіндегі күрежолға коньки тебуге шықтық. Машина сирек жүреді. Жол мұз айдыны іспетті. Еңгезердей екі жігіт пима киген сиырды бірі жетектеп, екіншісі соңынан шыбықпен айдап келеді. Мал алға жүрсе, пиманың басы кері түседі. Біз бұған қатты таңырқап қарадық. Оларға ұнамады. Бізге ашуланып, зекіді. Ертеңінде жеңгем Қайни дастархан басында – біреудің сиыры қорасынан жоғалыпты, – деді қаннен қаперсіз. Сөйтсек, ұрылардың сиырға пима кигізгені іс жасыру екен. Өмірде не болмайды. Адамнан айла қалған ба. Осындай кездер өткен бала шағымда.

Үмітхан Нұрғалиев
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button