Мәдениет

ТУҒАН ЖЕРІН АРМАНСЫЗ АРАЛАДЫ

Қазақстан Жазушылар және  Журналистер одақтарының  мүшесі, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Заманбек Әбдешев туған жеріне ат басын бұрды.

Әлемнің бірқатар ұлы жазушыларының, бауырлас халық  қаламгерлерінің романдарын, повестерін, өлеңдерін, кинофильм, сериалдар мен деректі фильмдерді қазақ тілінде сөйлеткен, әдебиеттің түрлі жанрларында қалам тербеген  жазушы Заманбек Әбдешев – 70 жаста.  Осынау қуанышты сәтте ауданымызға Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов пен журналист-заңгер, Мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы жерлесіміздің шашбауын көтеріп келді.

Аудандық мәдениет үйінде  мерейтой иесімен тәрбиелік мәні зор поэзиялық әдеби кеш өтті.

– Ауданымыздан шыққан танымал тұлғалар туған жеріне келіп, өскелең ұрпаққа тәлім болатын өнегелі жол көрсетуде. Бүгінгі кездесу біз үшін ерекше. Елінің ардақтысы, ақын, аудармашы ағамыз Заманбек Әбдешев – 70 жасқа толған мерейтойында өзінің туған жері, өскен елінің ортасында.      Жерлесіміздің туып-өскен еліне сәлем бере келген қазақ зиялыларына аудан халқының атынан зор алғыс білдіремін, – деді
аудан әкімі Серік Қасымбекұлы.

Кеш барысында Заманбек Әбдешев балалық шағынан бастап, жалпы өмір жолынан сыр шертті. Зайсан ауданының Құрметті азаматтары Бекен Жапаров пен Қалибек Алтыбаев мерейтой иесінің қаламынан туған «Жылдарым – гүл бағым» атты жаңа кітабының тұсауын кесті. Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің орындауындағы, ақын өлеңдеріне жазылған әндермен жалғасты.

Шілікті өңірінде меймандар Тасбастау орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, сол ауылдағы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайындағы  тарихи құндылықтармен танысты. Мәртебелі меймандар Шілікті орта мектебінде, Жалши ауылындағы Шекарашы орта мектебіне де ат басын бұрды. Шекарашы орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары   мерейтой иесіне тамаша кеш сыйлап, зор құрмет көрсетті.

Өзінің мерейлі сәтінде туған топырағында, елінің ортасында болуды армандап келген Бақасудың тумасы Заманбек ағамыз  М.Мәметова атындағы мектепте болып, ауылдастарымен қауышты.

     Дәл осындай әдеби-танымдық кездесу Дайыр ауылдық мәдениет үйінде, ақын білім алған Мүкәрама атындағы орта мектебінде, сондай-ақ Қаратал орта мектебінде де болды.

 Нұргүл Халықова

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button