Қоғам

Тұсауын Елбасының өзі кескен бала Өскеменде тұрады

Тұсауын Елбасының өзі  кескен бала Өскеменде тұрады

Осыдан он алты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі тұсауын кескен өскемендік Ислам Асқарұлы жуықта арнайы шақыртумен Астанаға барып қайтты. Ақордада өткен шарада Премьер-министр Кәрім Мәсімов кезінде Мемлекет басшысымен жүздесу бақыты бұйырған балаларға «Президент пен перзент» атты кітапты сыйға тартты.
Еліміз бойынша Елбасымен әртүрлі шараларда кездескен 23 бүлдіршін бар. Қазіргі кезде олар үлкен азамат болып, он төрті шетелде білімдерін жалғастырып жүр. Ал Президент батасын беріп, тұсауын кескен Ислам Асқарұлы бұл күндері Өскемендегі Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті.
– Астанадан қоңырау шалып, сонда келу керектігімді айтты. Содан кейін досым екеуіміз пойызбен Астанаға шықтық, – деп бастады әңгімесін Ислам Асқарұлы. – Елордаға жеткеннен кейін тынығып алдық та, Ақордаға бет алдық. Ол жерде бізді Премьер-министр Кәрім Мәсімов қарсы алды. Кездесуге барған балалардың барлығы Астанада тұрады екен. Өскеменнен барған мен ғана болдым.
Тоғыз баланы қарсы алған Кәрім Мәсімов Ақорданы аралатып көрсетіп, әр баламен әңгімелескен екен. Сабақтары, болашақ армандары төңірегінде сұрақтар қойып, өзінің ақыл-кеңесін де айтыпты. Балалармен кеңінен әңгіме өрбіткен Премьер-министр кездесу соңында әр балаға жаңадан жарық көрген «Президент пен перзент» атты кітапты сыйлаған. Кітаптың бірінші бетінде «Айналайын, Ислам! Өзіңді бала күніңде көріп, тілегімді арнаған едім. Сол үмітті ақтап келесің. Мен сенің бұдан да зор биікке шығатыныңа сенемін» деген Елбасының тілегі жазылып, қолы қойылған. Бұл тілектің өзі Исламға үлкен жауапкершілік жүгін артып тұрғандай. Ішкі беттерінде Президент жүздескен бүлдіршіндердің бүгінгі таңдағы өмірі туралы баяндалады. Соның ішінде өскемендік өрен Ислам Асқарұлы туралы да жазылған. Сонымен қатар, кішкентай кезінде Елбасымен бірге түскен суреті де осы кітаптан орын алыпты. Ол суретке түскенде Исламның бір жасқа толған кезі екен.

Тұсауын Елбасының өзі  кескен бала Өскеменде тұрады

– Сексеннің біріне келген анамның сіңлісі Достық үйінде жұмыс істеп жүрген еді. Сондағы Достық үйінің директоры тұсауы кесілмеген қазақтың қара баласын іздеп, шешемнің сіңлісі арқылы ұлым Исламды тауып алады. Ислам ол кезде жүре алмайтын, – дейді анасы Ғалия өз әңгімесінде.
Сөйтіп, 1998 жылдың 25 маусымында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ келіп оюлы тақия мен камзол киген, ырым бойынша аяғы ала жіппен байланған Исламның тұсауын кесті. Тілегін айтып, арыстан тәрізді жұмсақ ойыншық сыйлады. Кейіннен тұсауын Елбасы кескендігі туралы ақпарат өзі оқыған мектептің қабырғасында ілініп тұрды.
– Алты-жеті жасымда тұсауымды Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кескендігін білгенде қатты қуандым. Сол оқиға маған күш-жігер, болашаққа деген талпыныс беріп келе жатқандай. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Осы үмітті ақтауым керек, – дейді Ислам.
Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп жүрген Ислам болашақта техникалық мамандық иесі болғысы келетінін айтады. Колледжді тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түсіп, білімін шыңдау да ойында бар. Ислам Асқарұлының тағы бір арманы – алдағы уақытта Елбасының қабылдауында болып, әңгімелесу. Өзі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ үлгі тұтып, еліктеп, спортты, өнерді жанына серік етеді.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button