Төртеуі де жүлдегер

Өскемендік төрт оқушы Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында ментальды арифметикадан өткен ХХІІ халықаралық олимпиадада топ жарып, жүлделі орындарға ие болды. Олардың біреуі бірінші орын алса, екеуі екінші, тағы біреу үшінші орынға ие болды.
Шығыстың ғана емес, бүкіл ел мерейін үстем етіп, бүкіләлемдік білім бәсекесінде жеңіске жеткен жерлестеріміз UCMAS Халықаралық академиясының Өскемен қаласындағы филиалында журналистермен кездесті. Төртеуінің көздерінде от, жүздерінде шаттық бар. Қастарындағы ата-аналарының да қуаныштары қойнына сыймай тұрғандай. Енді ше, үміт артқан баласы бәйгеден келсе, қай ата-ана бөркін аспанға атпайды дейсіз. Қалай десек те, кішкентай жеңімпаздар қандай мақтауға да лайық екені сөзсіз.
Малайзияға Қазақстанның атынан 49 бала қатысты. Олардың тоғызы бірінші орын алса, көпшілігі екінші, үшінші орындарды иеленді. Бұл олимпиадаға Өскеменнен төрт бала барып, олардың төртеуі де жүлдегер атанып, үмітімізді ақтады. Бұл – біздің Өскемен қаласы филиалы үшін өте үлкен жетістік. Былтыр ғана Дубай қаласында өткен ХХІ олимпиадаға бір баламыз қатысып, бірінші орын алған еді. Осындай жоғары жетістікке жеткеніміз үшін биыл UCMAS Халықаралық академиясы біздің филиалға берілетін квотаны ұлғайтқан болатын. Жалпы, Өскемен қалалық филиалы нәтижелері бойынша Қазақстанда үздік үштікке кіреді. 2015 жылы құрылғаннан бері біз республикалық олимпиадалардан үш бірінші орын, 15 екінші орын, төрт үшінші орын алдық. Ал халықаралық олимпиадаларға биыл екінші рет қатысып отырмыз. Былтыр Дубайда өткен олимпиададан Темірлан Закариянов деген баламыз бірінші орын алып келген еді. Бұл жарысқа 57 мемлекеттен 4 мыңдай бала қатысқан болатын, – дейді UCMAS Халықаралық академиясының Өскемен қаласындағы филиалының директоры Ержан Бағданұлы Домалатов.
Бірінші орын алған жеңімпаздың аты-жөні – Әдемі Ергешбаева. Ол Өскемендегі №43 мектептің 5-сыныбында оқиды. Әдемінің ментальды арифметикамен айналысқанына бір-ақ жыл болыпты. Бірақ ол осынша аз уақыттың ішінде үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр.
– Әрине, әлемнің әр түкпірінен келген қарсыластары да өте мықты екен. Бірақ қызым да олардан қалысқан жоқ. Десе де сәл қобалжыды. Бұрын 8 минутта 200 есеп шығарып жүрген бала 190 ғана есеп шығарып қалды. Соның өзінде жүлдені қолдан бермеді, – дейді Әдемімен Куала-Лумпурға бірге барған папасы Мақсат Ергешбаев.
Бұл халықаралық жарыста №44 мектептің 2 «б» сыныбының оқушысы Рамина Нұрсабитова екінші орынға ие болыпты. Ол 8 минутта 124 есепті шешкен.
Сондай-ақ №16 мектептің 4-сынып оқушысы Әлинұр Құдайберген мен 7 жастағы Айым Ілияс үшінші орыннан көрініпті. Айым осынау халықаралық олимпиадаға қатысқандардың ішіндегі ең кішкентайы екен.
Анасы Дина Мауытқанованың айтуынша, ментальды арифметикамен ол бес жасынан айналысып келеді.
Ал Әлинұр ментальды арифметикадан өзге ағылшын тілі мен домбыра үйірмелеріне де қатысатын көрінеді. Келер жылдың 5 қаңтарында ол домбырадан Астана қаласында өтетін халықаралық додаға қатыспақ.
Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ментальды арифметикадан өткен ХХІІ халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дмитрий Журавлев қала әкімі Қуат Тұмабаев пен «Нұр Отан» партиясы ШҚОФ бірінші орынбасары Ә.Мұхтархановтың алғыс хаттарын табыс етіп, алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Жалпы, UCMAS Халықаралық академиясының Өскемен қаласындағы филиалында бүгінгі таңда 100-ден аса бала оқып жатқан көрінеді.
-Көптеген ата-аналардың бағасы қымбат болса да, біздің филиалды таңдайтынының өзіндік себебі бар. Өйткені біздің филиалдың қызметкерлері әр балаға сапалы әрі нәтижелі білім береді, – дейді UCMAS Халықаралық академиясының Өскемен қаласындағы филиалының директоры Ержан Бағданұлы Домалатов.
Мейрамтай Иманғали