Оқиғалар
Төрт мүйізді қошқар табылды
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Нәдір Хасантаевтың үйінде төрт мүйізді қошқар бар екен.
– Рас, қошқарымның төрт мүйізі бар, бірақ, бұған дейін ол жайында ешкімге айтпаған едік. Жасы енді төртке толатын қошқарым тамақ берсең, тоймайды, жей береді. Бірақ өзі бұқа секілді дәу де болып кеткен жоқ, салмағы бар-жоғы 43 келі, – дейді оның иесі.
Бұл қошқар тұрқы шағын болғанымен, өзінен әлдеқайда үлкен қошқарларды қорқытатын көрінеді. Болмысы бөлек малды «маған сат» деп, қомақты қаржы ұсынғандар да болыпты. Бір қарағанда, бұл қошқардың өзгелерден ешқандай ерекшелігі жоқ. Қызығы, дәл осы ауылда бұған дейін алты аяқты бұзау туып, тіпті, үш бұзау тапқан сиыр да болған екен.