Әдебиет

Түрік кеңесіне мүше елдердің халықаралық Жазушылар одағы құрылды

Түрік кеңесіне мүше елдердің халықаралық Жазушылар одағы құрылды
Түркияның Эскишехир қаласында VI Түркі Әлемі әдебиет журналдарының төрт күндік конгресі болып өтті. Оған Қазақстан, Қырғыз республикасы, Татарстан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырым татарлары, Косова сияқты 17 бауырлас елдің әдебиетшілері қатысып, ортақ түркі әдебиетінің жайын талқылаған болатын. Бұл конгресс түрки бірлігіне зор үлес қосқан ұлы ағартушы, жазушысы Исмайл Гаспыралының туғанына 100 жыл толуына орайластырылды.
Қазақстаннан құрамында көрнекті жазушы Төлен Әбдік, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Алтын тамыр» журналының бас редакторы Несіпбек Айт, «Шығыс Ақпарат» директоры, «Отүкен» журналының бас редакторы Нұржан Қуантайұлы, «Қаламгер» журналының бас редакторы Мәлік Отарбаев бар үлкен делегация осы конгреске қатысты.
Жиында түркі елдерінің әдебиеті арасындағы байланыстар, әдеби журналдардың ақпарат алмасуы және көркем аударма мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ құрылтайға қатысушы түркі мемлекетінің жазушылары ортақ әдеби құндылықтарды насихаттаудың маңызды жолдарын қарастырды.
Конгресте қазақтың белгілі жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік «Түркі әлемінің үздік жазушысы» атанды. Мәртебелі атақ пен арнаулы сыйлықты ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен Ески-шехир губернаторы Гюнгор Азим Туна Төлен Әбдікке салтанатты түрде табыстады.
Айта кету керек, осы сыйлықтың пәрменімен қазіргі таңда қаламгердің шығармалары түбі бір, туыс 13-тен астам елдің тілдеріне аударылып, кеңінен таралып жатыр.
Сонымен бірге ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов конгресте баяндама жасап, ұсыныстар айтқан бірқатар қаламгерлерді арнаулы грамоталармен марапаттады.
Жиын соңында Түрік кеңесіне мүше елдердің халықаралық Жазушылар одағын құру туралы шешім қабылданды.

Ұлықбек Есдәулет,
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Түрік кеңесіне мүше мемлекеттер Түркі әлемі жазушылар одағын құрды. Бұл – үлкен табыс. Енді осы ұйым түрки халықтарының әдебиеті мен мәдениетін жақындастыруға үлкен қызмет көрсетеді деп ойлаймын. Түркі елдерінің әдебиеті және мәдениетімен таныстырып, ұлттар мен ұлыстарды бір-біріне жақындатуға үлкен рөл атқарады деген үміттемін.

Якуп Омероғлы (Түркия),
Еуразия жазушылар одағының төрағасы:

– Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерінің Жазушылар одағы Түркі әлемі жазушыларын біріктіретін болады. Бұл ұйым түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетін жақындастыруға үлкен қызмет көрсетеді деп ойлаймыз.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button