«Төрелік» арқылы өтініш бере аламын ба?
-Сот саласына «Төрелік» атты жаңа ақпараттық жүйе енгізілді деп естідім. Осы жүйе арқылы тұрғындар өтініштерін үйінде отырып-ақ жібере алады дейді. Осы рас па? Толығырақ білгім келеді.
Айбек Есімханұлы
Семей.
Оқырман сауалына Өскемен қалалық сотының бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы Балжан Жұмабекқызы Қабытаева жауап береді:
– Азаматтарға сотқа атқарушылық құжаттарды, Әділет органдарына жолдау туралы арызды «Сот кабинеті» сервисінің «Сот ісін жүргізу» бөлімі арқылы жіберу мүмкіндігі пайда болғаны рас. Ол үшін азаматтар Жоғары Соттың сайтына кіріп, «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өтіп, «Сот ісін жүргізу» бөліміне кіріп, «Әділет органдарына жіберу туралы арыз» деген тармақты таңдап, электрондық форманы толтырады. Арызға тиісті құжаттарды тіркеп, өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойып жібереді. Осы сервис арқылы азаматтардың тізімдегі сот органдарына арызды жіберу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, арыздың жеткізілу кепілін ала отырып, тікелей «Сот кабинеті» сервисінде арыздың қаралу динамикасын да бақылай алады.
Қазіргі уақытта соттар жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне жататын атқарушылық құжаттарды да электрондық түрде жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына жіберуде. Олар өз кезегінде атқарушылық құжаттарды қағида бойынша жеке сот орындаушыларының арасында бөледі. Сотқа өндіріп алушыдан арыз түскен жағдайда атқарушылық құжат арызда тікелей көрсетілген жеке сот орындаушысына жіберіледі. Еліміздің барлық соттарында «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат бойынша аумақтық жеке сот орындау палаталарына және Әділет органдарына атқарушылық парақтарын орындау үшін жіберуі енгізілді.
Осы жаңалықтарды іске асырудың нәтижесінде бірінші кезекте атқарушылық құжаттар мен санкциялауға ұсынылатын қаулыларды қағаз жүзінде ұсынуға кететін уақыт анағұрлым қысқарады. Сондай-ақ, бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудің маңызды кепілі болып табылатын сот актілерін жедел әрі тиісінше орындауға мүмкіндік береді.
Электрондық түрде ресімделетіндіктен атқарушылық құжат жоғалмайтын болады. Сонымен қатар «Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылары құжаттардың орындалғаны туралы хабар алып отырады.
Әзірлеген – Ажар Сағатбекова