Экономика

Тірек ауылдарды жұрт болып жұмыла дамытуымыз керек

Облыс аумағындағы тірек ауылдарды дамыту мақсатында ағымдағы жылы жалпы құны 18,1 миллиард теңгені құрайтын барлығы 815 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен өткен кеңесте мәлім болды.

Тірек ауылдарды жұрт болып жұмыла дамытуымыз керекОблыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас-қармасының бастығы Елена Ясинскаяның есебіне жүгінсек, 2012 жылы тірек ауылдарын дамытуға қатысты орындалатын бірқатар жобалар жоспарланған. Атап көрсетсек, ауыл шаруашылығы саласында – 237 жоба (құны 10,4 миллиард теңге), кәсіпкерлікте – 168 жоба (құны 1,6 миллиард теңге), әлеуметтік салада – 86 жоба (құны 2,3 миллиард теңге), инфрақұрылымды дамытуда – 100 жоба (құны 2,5 миллиард теңге), ауылдық елді мекендерді абаттандыруда – 172 жоба (құны 1,5 миллиард теңге) қарастырылыпты. Осы бағдарламалардың арқасында облыста 3 666 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қаржыландыру көздеріне тоқталатын болсақ, жеке меншіктің үлесі – 4,3 миллиард теңге (жалпы қаржы көлемінің 2,3%-ы), несиелік қаражат – 7,3 миллиард теңге (40%), республикалық бюджеттен – 3,1 миллиард теңге (17%), облыстық бюджеттен – 1,9 миллиард теңге (11%), жергілікті жердің бюджетінен 600 миллион теңге (3%) және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – 900 миллион теңге (5%).

– Аудандар мен қалалардың әкімдерімен тірек ауылдарды дамытудың арнайы жоспары бекітіліп, елді мекендердің төлқұжаттары әзірленіп, қазіргі келбеті көрсетілген фотоальбомдар жасалды. Бұл, әрине, бағдарлама аяқталған соң осы ауылдардың бастапқы кезде қандай болғандығын, енді қандай күйде екендігін салыстырып, нендей жұмыстардың орындалғанын анықтау үшін қажет. Қазіргі уақытта жобалар түгелдей дайын, аудандарға қажетті қаражат бөлініп қойды, – деп нақтылаған Елена Ясинская барлық басқармалар тірек ауылдарын дамыту бағдарламасына бір кісідей атсалысулары қажеттігін жеткізді.

Сонымен бірге жиында бірқатар аудандардың әкімдері сөз кезегін алып, өз өңірлерінде болатын тірек ауылдардың жайын баяндады. Енді осыларға жеке-жеке тоқталсақ.

Зайсан ауданы. Мұнда үш тірек ауылының жобасы бекітілген. Олар: Сарытерек, Қаратал және Дайыр. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің келтірген ақпараттарына сүйенсек, Сарытерек ауылында 236 313 мың теңгені құрайтын барлығы 14 жоба қарастырылған екен. Оның ішінде ауыл шаруашылығында – 8, кәсіпкерлікте – 2, әлеуметтік салада –1, инфрақұрылымды дамытуда – 1, абаттандыруда – 2 жоба. Нәтижесінде барлығы 137 жаңа жұмыс орны ашылса, мұның 41-і тұрақты, 96-сы уақытша болмақ.

– Сарытерек ауылында былтыр мәдениет үйі және отбасылық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Биыл облыс басшылығының тапсырмасымен балабақша ғимаратын жөндеуді қолға алдық. Оған қоса былтыр 25 орындық жеке меншік балабақша ашылған. Нәтижесінде біз аталған елді мекендегі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі орындармен толық қамтамасыз етеміз. Жалпы аудандағы үш тірек ауылын дамытуға қатысты 585 миллион теңгенің 40 жобасы бекітілген. Оның ішінде 201 миллион теңгесі қазынадан алынса, 314 миллион теңгесі жеке меншіктің иелігіндегі қаржы, – деп нақтылаған Серік Зайнулдин аталмыш елді мекенде қолға алынатын істерді айтып өтті.

Оның сөзіне сенсек, Сарытеректе «Нұр» шаруа қожалығы 650 бастық ірі қара малын бордақылау алаңын мың жарым басқа дейін ұлғайтуға 100 миллион теңге ( 72 миллион теңгесі өз қаражаты) көлемінде ақша шығарып, жұмысты биылғы қараша айында бітірмек.

Одан бөлек 10 мың тонналық астық сақтау қоймасын қалпына келтіруге облыстық мәслихаттың депутаты, ауданның тумасы Болатбек Нұрасыл өз қалтасынан 15 миллион теңге шығарып отыр. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылады. Бидайды сатып алып, сақтауға арналған астық сақтау қоймасы қолданысқа енгізілгенде, «Зайсан-Астық» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және сапалы ұн өнімдерін өндіруге, тұрғындарды қолжетімді бағада ұн өнімдерімен қамтуға, нан өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұруға оң әсерін тигізбек. Бұған қоса Болатбек Нұрасыл 20 миллион теңге өз қаражатына механикаландырылған астық тазалағыш «ЗАВ-40» қондырғысын орнатып, көкөніс өсіретін жылыжай құрылысын жүргізбек. Жылыжай жобасы іске асырылған соң бес адам еңбекпен қамтылып, халықты сапалы, жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз етуге, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік туады. Ал механикаландырылған астық тазалағыш «ЗАВ-40» қондырғысы іске қосылған кезде «Зайсан-Астық» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Аудан әкімі Серік Зайнулдин сондай-ақ, Сарытерек ауылында атқарылатын әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылым, абаттандыру, кәсіпкерлік бағытындағы жобаларға да тоқталды. Бір айта кетерлігі, Сарытеректе қоғамдық монша, наубайхана жоқ екен. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осыны ескеріп, келешекте ол жерде халыққа қажетті осындай қызмет көрсету орындарын ашуды тапсырды.

Бұдан кейінгі кезек Тарбағатай ауданына келді. Бұл өңірде екі елді мекен, яғни, Жәнтікей мен Ақжар (бұрынғы аудан орталығы) тірек ауылдарының тізіміне ілініпті. 2012 жылдың іс-шаралар жоспарына сәйкес Ақжар және Жәнтікей ауылдарына жиыны 38 жоба бо-йынша – 840 миллион теңгеден астам инвес-тиция тартылмақ. Оның ішінде: жеке меншік қаражат – 153 млн. 700,0 мың теңге, қарыз қаражаттары – 21 млн. 500,0 мың теңге, республикалық бюджет – 449 млн. 714,0 мың теңге, облыстық бюджеттен – 138 млн. 676,0 мың теңге, аудандық бюджеттен – 40 млн. 583,0 мың.теңге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында – 36 млн. 600,0 мың теңге. Қосымша 145 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Біздің ауданымыз ауыл шаруашылығына басымдық беретін болғандықтан, осы салада барлығы 7 жоба қарастырылған. Олардың жалпы құны 164 миллион теңгеден асады. Дәлірек айтсам, бұл жобалар ірі қара малын бордақылау алаңдарын ашуға арналған. Мәселен, «Тұлпар» шаруа қожалығы 400 басқа арналған алаң ашуды жоспарласа, «Шәмшия» шаруа қожалығы да дәл сондай орындық бордақылау алаңын келешекте іске қоспақ. Қазір жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр, – деп баяндаған Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешев өзге салалар бойынша қолға алынған істерді таныстырды.

Жиында сондай-ақ, Шемонайха, Ұлан, Глубокое, Көкпекті аудандары мен Семей қаласына қарасты тірек ауылдарының жағдайы әңгіме арқауына айналды. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзінде Көкпекті ауданының Көкжайық елді мекеніне ерекше тоқталып, жоғары бағаланған «Елім-ай» жобасын тездетіп аяқтауды ескертті. Ол үшін тек аудан әкімдері ғана емес, басқарма басшылары да, тіпті, ауыл жұртшылығы да бірлесе қимылдау керектігін айтты.

– Бұл бағдарлама бұрынғы аудан орталығы болған елді мекендерді қайтадан көріктендіруге, дамытуға тамаша мүмкіндік береді. Сондықтан тірек ауылдарын дамытуды мықтап жүргізуіміз керек. Осы арада жергілікті тұрғындарға бәрін айтып, түсіндіріп, игілікті істі бірлесіп орындауға шақырғанымыз жөн. Әйтпесе, халықтың қолдауынсыз ештеңе де өнбейді. Мүмкіндігі барлар, әрине, өздерінің үйлерін, аулалары мен қашаларын жөндеуге, көшеттер отырғызуға өз қаражаттарын шығаруға міндеттелсін, жағдайы төмен отбасыларға немесе ардагерлерге мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетіледі. Сөйтіп, тізе қоса отырып ауылдардың жағдайын түзеуіміз керек. Және де бір ескеретін жайт, нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын жасаған кезде олардың жалпы құнына мән беріңіздер. Ол жобалар іске асатындай шынайы болуы керек. Ешкім бізді құны қыруар қаржы тұратын жобаларды жасаңдар деп мәжбүрлеп отырған жоқ қой. Ендеше, осы жағын естен шығармайық, – деп сөзін түйіндеген облыс Әкімі аталмыш жобалардың қағаз бетінде қалмай, өз уақытында іс жүзіне асырылуын қадағалауды бірінші орынбасары Серік Әбденовке тапсырды.

Сонымен бірге облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жиынды қорытындылай келе ағымдағы жылы әр ауданда тым құрығанда бір тірек ауылын жасауға тырысу керектігін жүктеді. Ал кеңеске қатысушылар болса, өңір басшысының бұл ұсынысын қызу қолдап, мүмкіндігінше алға қойылған мақсат-міндеттерді орындауда белсенділік танытатындарын жеткізді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button