Тұрғанбаевтың «Параллельдерін» тамашалаңыз
Шығыс Қазақстан өнер музейі Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ержан Тұрғанбаевтың жеке көрмесін ашты. Әртүрлі жанрлы, әр қырлы стильдегі «Параллельдер» аталған экспозиция көрермендер назарына бүгінгі облыс суретшілерінің ең бір дарынды қылқалам шеберінің 126 туындыдан тұратын графикасы мен кескіндемелік шығармаларын ұсынды.
Бейнелеу өнеріндегі ұрпақтар алмасуы елеусіз өтіп отырады. Қазір біз аймағымыздағы суретшілердің жаңа ұрпағының қалыптасу кезеңіне куә болып отырмыз. Олар әлемге үздік европалық және отандық шеберлер тәжірибесінің аралық әсері арқылы қарайды. Олардың көзқарасы еркін және көпқырлы. Кейде оларда бір емес, бірнеше көз бар сияқты көрінеді. Олар аса кең ауқымды сезімдерді түгел қамти алады. Олар үшін стиль мен кескіндемелік техника – автордың алдына қойған міндеттеріне байланысты өзгеріп отыратын өзіндік көркемсуреттік құрал.
Бүгін көрерменге осындай ерекше көзқарасы бар суретші таныстырылды. «Параллельдер» көрмесінде заманауи кескіндеме өнерінің барлық жанры қамтылған. Суретші 1971 жылы Марқакөл (қазір – Күршім) ауданының Боран ауылында туған. Сондықтан да шебердің еңбектерінде Марқакөл пейзаждары молынан көрініс тапқан. Соншалықты сүйіспеншілікпен салынған ауылдастар үйлерінің аса жайлы да ерекше сәнді ішкі көріністері. Классикалық натюрморттар. Күннің шуағы мен көк желек аясындағы замандастар портреттері – импрессионистер полотнолары сияқты.
Суретші шығармашылығындағы ерекше жетістік – оның реалистік формадағы, рәуішті және ою-өрнекті сюжеттік жұмыстары. Дәстүрлі халықтық элементтер авторға күрделі тақырыптар мен қазақ әдебиеті классиктерінің образдарын ой елегінен өткізуге, экологиялық және әлеуметтік проблемалары жетіп артылатын бүгінгі әлемге деген өзінің көзқарасын білдіруге көмектеседі. Семей педагогика институты көркемсурет-графика факультетінің 1994 жылғы түлегі – Ержан Сабырбекұлы біраз жыл Боран орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды. Шығыс гуманитарлық институтында, Өскемендегі кәсіби даярлық және сервис колледжінде сабақ берді. Алайда, ол ешқашан да оқу-педагогикалық қызметпен шектеліп қалған жоқ. Нағыз қылқалам шеберінікіндей, шығармашылығының ең басты құпия сырлары ол үшін оқу сыныптарында емес, өзінің үйі-шеберханасында, пленэрлерде ашылып отырды. Ержан – Шығыс Қазақстан өнер музейінің барлық дерлік арт-жобаларына қатысушы. 2013 жылы ол «Менің Қазақстаным» атты бейнелеу өнері облыстық көрме-байқауының бас жүлдесіне ие болған. Оның ең жақсы көретін жанрлары – пейзаж бен портрет.
Суретші – бір жаратушының басқаруындағы жан. Санасындағы шығармашылық үрдістерге кейде оның өзі де жауап бере алмайды. Соңғы бірнеше жыл бедерінде суретшінің қиялын абстрактылы сәулелі-түсті кескіндеме жаулап алды. Мұндай жұмыстарынан ләззат ала отырып, суретші көре білген осыншама таңғажайып бояу түстерінің реңкін суреттейтіндей тіліміздің қасаңдығына қынжыласың. Сіз қаншама ұзақ ғұмыр сүргеніңізбен, өмірде осындай да бояу түсінің болатындығына назар аудармағаныңызға өкінесіз.
Көрменің ашылуына қылқалам шеберінің ата-анасы, отбасы мен өскемендік, семейлік әріптестері, өнертанушылар мен облыс орталығының өнерді бағалай білетін жұртшылығы молынан жиналды. Ең алдымен Ержан Тұрғанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнефильм көрсетіліп, авторға түрлі сұрақтар қойылып, концерттік номерлер көрсетіліп, жиналған қауым мен әріптестері жылы лебіздерін білдірді. Музей қызметкері Лариса Костюк, Ержанның өнердегі ұстазы, Шәкерім атындағы Семей университетінің профессоры Ғұмар Макаров, қазір еңбек етіп жүрген Өскемендегі №26 орта мектебінің директоры Жазира Мұқашева, Өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева құттықтау сөз сөйледі.
Ержан Сабырбекұлының пейзаждары өте нәзік, терең мағыналы, соншалықты әсем болып келеді. Кескіндемешінің картиналары өзінің туған жері Боранның, Марқакөлдің ерекше табиғатын, ауылының тіршілік-тынысын, ауылдастарының іс-әрекеттерін өзіне бала күннен таныс көріністерді ерекше бір сағынышпен, перзенттік сүйіспеншілікпен әдемі де әсерлі бейнелейді.
Осы музейде әлі екі айдай жұмыс істейтін бұл көрмеге келген әр көрермен өлшеусіз әсерге бөленіп, өзімен бірге санасын нұрландыра түсер, шуаққа толы рухани азық ала кеткендігі сөзсіз…
Айтмұхамбет Қасымов,
Өнер музейінің бөлім меңгерушісі