Білім

Орақ Алиев: – Біз алдымен қазақты өзіміз жақсылап түсінуіміз керек

Орақ Алиев: - Біз алдымен қазақты өзіміз жақсылап түсінуіміз керек

«Тұран -Астана» университетінің жанында он бір жылдың көлемінде бірегей «Қазақстантану» ғылыми орталығы жұмыс істейді. Біз еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай орталықтың және осы аттас теориялық-семинардың жетекшісі, жыл сайынғы «Қазақстантану» жинағының бас редакторы, профессор, «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті Орақ Алиевпен (суретте ортада) жолығып, орталықтың атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгімелескен едік.

– Сексенінші жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің жанында бір әдістемелік семинар құрған едім, – деп әңгімесін әріден бастады профессор ағамыз. – Ондағы ойым – қазақ бөлімінде оқитын жастардың айналасында болып жатқан қоғамдық құбылыстарды зерттеп-зерделеп, соларды түйсіну деңгейлерін көтеру, ойлау қабілеті мен стилін ұштау еді. Өзім философия-экономика факультетін тәмамдаған осы университетте 1974 жылдан дәріс оқығанда, студенттеріме «айналайындар, мен сендерге алдымен ойлауды үйретемін» дейтінмін. Сол сабақтарыма кезінде қатысқан шәкірттерім – бүгінде белгілі Нұрсан Әлімбай, Бауыржан Омаров, Қуат Жандосов, Ерлан Арын, Рүстем Жоламанов, Тлеуберді Бабланов, былтыр марқұм болған Сәкен Аманжолов сынды азаматтар. 2005 жылы Астанаға Тұран университетінің ректоры болып тағайындалғанда, «қазақстантану» (моңғолтану, ресейтану іспеттес) аталымын (терминін) енгіздім. Сәл уақыттан кейін оны Сабыржан Мәдеев (университеттің бұрынғы ректоры) екеуміз ғылыми орталыққа айналдырдық, ал сол аттас семинар орталықтың жұмыс істеу органы болып табылады. Орталықтың іргесі қаланған 2005 жылдан бастап жыл сайын «Қазақстантану» халықаралық ғылыми конференциясын өткізіп келеміз.

Абай – бүкіл адамзаттың символы

– Орақ аға, сонда «Қазақстантану» орталығы қандай мәселелерді зерттейді?

– «Қазақстантану» дегеніміз бұл үлкен кең ауқымды зерттеу бағдарлама, оның 20-ға тарта бағыты бар. Ол, ең алдымен, адамтанудан басталып, әлеуметтанумен (социумоведение) аяқталады. Әр ұлттың рухын асқақтататын, мерейін тасытатын данасы мен даралары болады. Қазақты тану үшін оның ұлы тұлғаларын білу шарт. Ал қазақта Абайдан өткен кемеңгер, данышпан тұлға бар деп айта алман. Абай – қазақтың киесі, тіпті, білгенге ол бүкіл адамзаттың символы. Абайды көне қытайдың ұлы данышпаны Лао-цзы мен ежелгі грек ойшылы Сократтың деңгейіне қатар қоямын. Өйткені Абайдың «адам бол», «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген өсиеттері бүкіл адамзатқа өнегелі тағылым емес пе?! Болгария-Ресейдің көрнекті философы Георгий Гачев – Абайдың қара сөздеріне, қазақтың көшпелі тарихына терең талдау жасаған адам. Өзінің «Путешествие в казахский космос» еңбегіне Абайдың шығармашылығын арқау еткен.

Аты айтып тұрғандай, барлық көтеретін мәселелер өзімізге, қазаққа қатысты. Жеті қат ғалам туралы болсын, «Сингапур кереметі» болсын (Сингапур – отыз жылдың ішінде әлемнің ең озық елдерінің қатарына енген мемлекет – автор), қазаққа қандай пайдасы бар деген тұрғыдан қараймыз ғой. Аспан әлемін, жұлдыз ілімін бабаларымыз керемет меңгерген. Шолпан жұлдызы қалай туды, Темірқазық қалай жатыр? Соған қарап жолды, бағытты бағдарлағанды қойып, алдағы ауа райын, табиғаттың тосын сыйларын, қыстың ұзақтығына дейін айнытпай болжаған. Алдыңғы қатарлы ізгілікті елдердің қатарына қалай қосыламыз? Оған талпынудың қажеті бар ма әлде жоқ па? Мысалы, Жапон елін алсақ, олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін негізге алып, әлемдік деңгейге көтеріле білді. Сингапур да солай. Біздің діңгегімізді, күретамырымызды өзіміздің құндылықтарымыз құрап, басқа өркениеттің үлгілерін соған іле білуіміз қажет. Мысалы, отбасы тәрбиесін зерттеп жүрген Қайырбек Нағұманов деген замандасым бар. Көп ел-жер аралаған. Ілгеріде қызы Гүлнармен бірге АҚШ-тың Юта штатында болып қайтқан. Ол жақта бала тәрбиесі діни қағидаттарға негізделіпті. Біздің ата-бабаларымыз да ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген. Тентегін ақсақалдары мен билері-ақ жөнге салып отырған, түрме, абақты деген қазақ даласында болмаған.

– Тыңдап отырсам, 15-20 ғалымға емес, білдей бір зерттеу институтына жүк болатындай шаруалар екен. Ендеше орталықтың жұмысын қалай ұйымдастырып келесіздер?

– Семинарлар мен конференцияда алдын ала белгіленген тақырыптарға жасалынған баяндамаларды талдаймыз. Алдымен «Қазақстантануда» көтерілетін тақырыптардың барлық бағытын айшықтап алуды жөн көрдік. Осылайша, «қазақелінтану» ұғымы қосылды. Ал бұл ұғымның қамтитын аумағы шексіз. Бұған қазақтың тарихы да, экономикасы мен өркениеті де, мәдени қырлары да жатады. Техникалық ғылым тұрғысынан да зерттеуге болады. Ата-бабаларымыз жаратылыстану тұрғысынан нендей ұғымдар қолданған, қай салада қандай аталымдарды пайдаланған, ғылымы, ұрпаққа тәрбие беру саласы қалай дамыды, еліміздің жеткен жетістіктері мен олқылықтарын көрсету сияқты толып жатқан мәселелерді көтеруге болады. Айталық, қазақелінтануға басқа елдердің, мысалы, Иранның, алпауыт Қытайдың, Жапонияның, араб елдерінің, көрші Ресейдің көзқарасы қандай? Еуразиялық кеңістіктегі көшпелі мәдениет мұрагері ретінде қазақ мәдениетінің ұлттық брендін (ұлтсипатын) қалыптастыру және оны халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Ол да қазақелінтануға арналған, 21 бағыттан тұрды. Осы бағыттарда биылға дейін әртүрлі мәселелерді қамтыған он конференция ұйымдастырдық. Он бірінші конференцияны келесі жылға қалдырып отырмыз. Өйткені тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышты бағындырғанына биыл 25 жыл толуына арналған бір конференция ұйымдастыруды жоспарлап қойғанбыз. (ол жақында ойдағыдай өткізілді автор).

Назарда – тың тақырыптар мен жаңашыл жобалар

– Талқыға салынатын тақырыптар қалай таңдалады?

– Ғылыми орталықтың негізгі құрамы – әр ғылым саласының көзге түсер, бетке ұстар мамандары, басқаша айтқанда, сүт бетіндегі қаймағы. Басты ерекшелігіміз, семинарда күнделікті жауыр болған тақырыптарды көтермейміз. Тек тың тақырыптар мен идеялар, жаңашылдық жобалар ғана назарға ұсынылады. Не болмаса, бұрыннан белгілі, айтылып жүрген мәселе болса, оған басқа бір қырынан жаңа көзқарас болуын талап етеміз. Баяндамаларымызда өзіміздің қателіктерімізді әшкерелеп, керек жерінде сынап, орын алу себептері, одан шығудың жолдары ғылыми негіздемемен дәйектеледі. Біз алдымен қазақты өзіміз жақсылап түсінуіміз, түйсінуіміз қажет. Яғни, өз-өзімізге тақылеттестік мәселелерін көтереміз. Ал бұл дегенің – «біз кімбіз, қайдан келеміз, қайда барамыз» деген өзекті сұраққа жауап іздеу.

Орақ Алиев: - Біз алдымен қазақты өзіміз жақсылап түсінуіміз керек

Семинардағы тақырыптарды магистранттар мен докторанттардың дәрістеріне қосам, олардың тақырыптарын, керісінше, өзімізде талдауға шығарам. Мысалы, жаңашылдық (инновация) немесе жаңғыртушылық (модернизация) дегеніміз не? «Кәсіпкер» сөзін бәрі қолданады, ал оның негізгі бес түрі болатынын, «мемлекеттік кәсіпкерлік» деген ұғым барын көпшілік біле бермейді. Үкімет бірінші кәсіпкер болу керек, ол үшін осы ұғымды жақсылап түсіну керек. Кез келген мәселеге қатысты белсенді сөздік қоры болады, оны ұғымдық-категориялық аспап дейді. Осыларды жете зерделеп, барлығын білгеннен кейін ғана мемлекеттік тұжырымдама қабылдап, бағдарлама құру керек. Жан-жақты да терең зерттелмеген мемлекеттік бағдарламаларымыз кейін аяқсыз қалып жатады.

Семинарға қазақ философия мектебінің іргетасын қалаған Жабайхан Әбділдин, қазақтың кемеңгер математигі Мұхтарбай Өтелбаев, ұлттық теңге авторларының бірі Ғалым Байназаров сияқты еліміздің белгілі тұлғалары қатысып жүреді. Сонымен қатар, семинардың Еуразия университетінің профессор, доценттері – Д. Әубәкіров, Т. Садықов, М. Кемел, З. Кабылдинов, А. Доғалов, Т. Бабланов, М. Мырзахметов бастаған Қ. Нағұманов, С. Керімқұлов, Т. Бакенов, Ж. Шымшықов, З. Қожахметов, Б. Әбдікәрім және тағы басқалар қостаған тұрақты мүшелері бар. Бір қызығы, Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Костроманың, Орынбордың, тағы басқа да қалалардың ғалымдарының өздері мұндай теориялық-әдіснамалық семинардың еш жерде жоқтығын айтады.

Семинарға алыстан ат арытып қарапайым азаматтар де келеді

– Ғылыми орталықта қаузалған мәселелерді қалың бұқараға жеткізуде қандай жұмыстар істелуде?

– Бұл енді біздің нағыз кемшін тұсымыз екенін мойындауымыз керек. Бір жағынан, бұл менің «ауызша айтылған сөздер тарихта қалып, жазбалар көбінде ескерусіз қалады» деген дүниетанымдық көзқарасыма да байланысты шығар. Жоғарыда айттым ғой, айналамда 20-30 қолдаушым бар, ақырындап алға жылжып келеміз. Семинарларға солардың достары, достардың таныстары, осылайша біреуден-біреу естіп, келе береді. Сонау Алматы мен Жезқазғаннан, мына Көкшеден арнайы келіп, сабағымызды тыңдап кеткен қарапайым азаматтар бар екенін қуанышпен айта аламын. Демек, әлеуметке керек мәселемен айналысып жүрміз. Қасымдағы көмекшілерімнің бірі осыны мықтап қолына алуы керек сияқты. Дегенмен, осы жерде талданған бірнеше тақырыптарды жоба түрінде жоғары жаққа ұсынып, грант ұтып алған кездеріміз де болды.

«Мәңгілік ел» – ата-бабамыздан қалған асқақ мұрат

– «Мәңгілік ел» идеясына қалай қарайсыз? Бәзбіреулер «мәңгілік ештеңе жоқ, бұл утопия» деседі.

– Жалпы «Мәңгілік Ел» идеясын қолдауға болады. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына 2015 жылға арналған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» деген болатын.

Сонымен бірге «Мәңгілік Ел» идеясы бұл алдымен тікелей қоғамға қатысты ұғым екенін түсінуіміз керек. Әйтпесе, бетін аулақ қылсын, табиғи апат бола қалса, біз не, анау алпауыт Америка не, кете береміз ғой. Құдайға шүкір, біздің талай мыңжылдық өркениетіміз бар, ғаламат құндылықтарымыз бар, тарихи жадымыз бар, ізгілікті әдет-ғұрып, дәстүріміз бар. Бабаларымыз аңсаған жасампаз тарихымызды барынша нығайту үшін алдымызға асқақ мұрат қоя білейік. Міне, осы идеяны жүзеге асырудың оңтайлы теориялық негіздемелерін, жоспарын, бағдарламасын, тетіктерін, жарақтауымыз керек. «Мәңгілік Елдің» мәні мен мазмұны, мұрат-мақсаты қандай, құрамы неден тұрады, оның әлеуметтік, экономикалық, рухани негіздері, яғни, өркениет, мәдениет жағы қалай, кім үшін, не үшін даму керек? Айналып келгенде, бұлар «Қазақстантану» орталығы көтеріп жүрген мәселелерге тіреледі.

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button