Білім

Тоғжанның жобасы Қыдырәлі Болмановты таңғалдырды

Тоғжанның жобасы Қыдырәлі Болмановты таңғалдырды

Білім нәрімен сусындап, оңы мен солын таныған әр шәкірттің ерекше қабілетін анықтап, оны ұштау – ұстаздың басты міндеті. Дарынсыз бала болмайды. Тек оны уақытында байқап, дамыту мұғалімнің парызы деп білемін.
Бастауыш сыныпта 27 жыл қызмет істеп келемін. Осы уақыт ішінде аңғарғаным, бұл бір жағынан қиын, жауапты іс болса, екінші жағынан, қызығы мен қуанышты сәттер көп, табандылықты, төзімділікті қажет ететін қажырлы мамандық. Әлі де ойынға тоймаған бүлдіршіндердің білімге құштарлығын оятып, ойната отырып бағдарламаны меңгертуің керек.
Сыныбымда оқитын Тоғжан Ахмедиева үнемі сабаққа қуыршақ әкеліп жүргенін, ал Асқар Тілеуғазының әңгімесі көрген мультиктері екенін байқап жүрдім. Олармен әңгімелесіп, қызығушылықтарын ескеріп, осы тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмысын ұсындым. Тоғжан балабақшаға барып, дүкендерді аралап, құрбыларынан сауалнама алып, ауылдағы жасы үлкен әжеден сұхбат алып, жұмысын қызыға бастап кетті. Бір күні «Бал-бала» ойыншықтарының авторы Қыдырәлі Болмановпен байланысқа шықты. Ол кісі Тоғжанды кездесуге шақырды. Тоғжан өзін ойландырған сұрақтарын қойып, сұхбат алды. Еліміздің жарық жұлдыздарының бірі өзінің инстаграммдағы парақшасында Тоғжанмен түскен суретін және Тоғжанның өжеттілігіне, зеректігіне тамсанғанын айтып, оған сәттілік тілейтінін жариялапты.

Тоғжанның жобасы Қыдырәлі Болмановты таңғалдырды

Ал Асқар болса түнімен мультфильм көріп, сабаққа кешігіп, үй жұмысын орындамай келіп жүрді. Ұнатып көретін мультфильмдерін саралап көрсем, ылғи шетелдік мультфильмдер екен. Содан тапсырма беріп, мультфильмдерден не үйренуге болады, жағымды кейіпкерлердің мінез-құлықтарын зерттетіп, өзіне қорытынды жасаттым.

Тоғжанның жобасы Қыдырәлі Болмановты таңғалдырды

Екеуі де біршама тер төгіп еңбектенді, ой түйді, қосымша әдебиеттер ақтарды. Жұмысты жариялау үшін мектепішілік ғылыми-зерттеу конференциясына және Алматы қаласында өткен «Бейбітшілік Әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған ІІІ ғылыми-зерттеу конференциясына қатысты. Еңбектері жоғары бағаланып, Тоғжан Ахмедиева І орынды, Асқар Тілеуғазы ІІІ орынды қанжығаларына байлап қайтты. Осы орайда оқушыларыма демеушілік көрсетіп, қолдау жасаған ата-аналарына алғысымды білдіргім келеді. Шәкірттеріме болашақта ел тізгініп ұстайтын, туымызды биікке көтеретін мықты азамат болады деп сенім білдіремін.

Сәлима Ахметова
Т.Рысқұлов мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button