Мәдениет

Тоғжанның әдемі әлемі

 Тоғжанның әдемі әлемі


8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Өскемендегі музей-қорықтың «Алтай» галереясында суретші Тоғжан Оспанованың кескіндемелерден тұратын дербес көрмесі ашылды. «Әйел көзқарасы» атты көрменің ашылуына суретшінің шығармашылығымен жақсы таныс, өзін танып-білетін және ардақ тұтатын жандар жиналды.

«Музей кеңістігіндегі жаңа есімдер» атты ұзақ мерзімді жоба аясында ұйымдастырылып отырған бұл көрме Тоғжанның алғашқы дербес көрмесі. Бала кезінен-ақ қылқаламға жақын болса да, жеке көрмесін өткізудің сәті енді ғана түсіпті. Келушілер 50-ден астам еңбегі қойылған суретшінің бұл көрмесінен көктемнің лебін сезінгендей болады. Тегінде көгілдір көктем мен әйелдің табиғаты ұқсас. Тоғжанның әр картинасынан мөлдіреген сезім мен жүректі кернеген шаттық, қуаныш менмұндалап тұр. Суретшінің «Ағараңдаған желкен», «Тау етегінде», «Кофе ханшайымы», «Жұлдызды аспан», «Нөсер», «Белгі панносы» атты картиналары сізге мынау әлемге әйелдің көзімен қарауға мүмкіндік береді. Бір өзгеше әсем әлемге қалай еніп кеткеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз.

Өзінің айтуынша, әсемдік пен әдемілік атаулыға Тоғжан бала кезінен ғашық болыпты.

– Балабақшада болсын, мектепте болсын менің қолымнан шыққан дүниелердің барлығы, мейлі ол пластилиннен жасалған нәрсе болсын, мейлі сурет болсын әрқашан мақталып, мадақталып жататын. Тәрбиешілерім мен ұстаздарым әкеме «Сіздің қызыңыз өте талантты» дегенді жиі айтатын. Бірақ әкем геолог болғандықтан, үнемі көшіп-қонып жүретінбіз. Бойдағы бар дарынды дамытуға кейде мұрша да болмайтын. Әйтеуір Қарағандыдағы көркем сурет мектебіне барған екі жылдың ішінде сурет салудың әліппесін меңгеріп алдым, – дейді Тоғжанның өзі.

Бірақ Тоғжан мектеп бітіргеннен соң, өнерді емес, өзге жолды таңдайды. Алғашқы мамандығы бойынша педагог болса, екінші мамандығы заңгер. Бірақ бәрібір бойда бар талант ешқашан бұғып жатпайды екен. Балалары өсіп, бос уақыты пайда болған соң, Тоғжан қылқаламды қайтадан жанына серік ете бастайды. Өмірлік жары да оны үнемі қолдап, қолпаштаудан шаршаған емес.

– Бүгінгі көрмеге қойылған еңбектерімнің барлығында менің өмірге деген көзқарасым, ойларым мен сезімдерім бар. Біржағынан өзім біртүрлі жалаңаштанып қалғандай күйде тұрмын. Өйткені, араласатын ортам – жақындарым мен әріптестерімнің арасында менің сурет салатынымды білмейтіндер де бар. Бұл көрме олар үшін нағыз жаңалық болды, – дейді ол.

«Талантты адам барлық жағынан да талантты» дегендей, Тоғжан сурет салумен бірге өлең жазып, ән де салады екен. Тумысынан нәзік осынау жанға шығармашылық тек қана шабыт сыйлайды. Талантты суретші Тоғжан Оспанованың әлі өнер деген өлкеден өзіне ғана тән дара жолды таппайынша тыным таппайтыны да анық.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button