Отандық кино

«ТОЙ BOY»-дың тұсауын кесті

Ынтымақ Толқын

Өскеменнің «Юбилейный» кинотеатрында жаңа туынды – «ТОЙ BOY» фильмінің тұсауы кесілді. Көрсетілімге туындының режиссері Нияз Әбдіғапар мен басты рөлді сомдаған актер, блогер, халыққа Territima лақап атымен танылған Темірхан Асылбек қатысты.

– Қазір қазақ киносы жақсы дамып келеді. Шынымды айтсам мен де қазақша кино көрмейтін едім. Бірақ кейінгі шыққан киноларды көріп жүрмін. Әр қараған сайын осы саланың даму үрдісін байқаймын. Менің ойымша қазір отандық кино ел арасында модаға айналғандай көрінеді. Ал өз кезегінде ол осы саланың деңгейінің одан ары көтерілуіне ықпал етеді, – дейді актер Темірхан Асылбек.

Комедия жанрында түсірілген бұл фильмнің негізгі идеясы – отбасы құндылығы. Сюжет бойынша миллиондаған оқырманы бар блогер бай кәсіпкер әйелдің үйіне ұлының сауық кешін өткізуге шақырылады. Алайда басты кейіпкер оның 10 жасар бала екенінен бейхабар болады. Осылайша танымал блогерге байдың ерке баласымен тағы екі апта тұруға ұсыныс түседі. Берілетін қаржысы қомақты болған соң Инстаграм жұлдызы келісімін беріп, ары қарай оқиға өрби түседі.

Отандық фильм бастан-аяқ Астанада түсірілген. Режиссердің айтуынша, түсіру барысында біраз қиындықтар болған көрінеді.

– Кастинг өткізу барысында 100-ден астам баланы қарап шықтық. Жастардың арасынан образға сай келетін баланы таңдау қиынға соқты. Дегенмен дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймын. Ал түсірілімге келер болсақ, бізге ең кедергі болғаны ауа райы. Астананы білесіздер ғой, мың құбылады. Ал алдағы уақытта комедия жанрынан бөлек фантастика түсірсем деген жоспарым бар. Өздеріңіз білетіндей отандық кино комедия жағынан озып кетті. Енді неге жаңа дүниені байқап, соны істеп көрмеске, – дейді режиссер Нияз Әбдіғапар.

Шынымен кейінгі жылдары түсірілген отандық кинотуындылардың басым бөлігі – комедия жанрында. Бұл жанр көрермендерге ұнағаны соншалық, тіпті кей күндері кинотеатрда орын таппай қалып жатамыз. Тұсауы кесілген жаңа кино да комедия болғандықтан көрерменнің қарасы көп болды. Жиналғандар танымал блогермен естелік суретке түсіп, фильмді көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады.

– Қазір қазақ киносы біраз деңгейге көтерілді. Кинотеатрларда қазақ фильмдеріне таңдау көп. Бүгін комедия жанрындағы «Тойboy» фильмін көрдім. Фильмнің негізгі идеясы – бала тәрбиесі, ата-ананың бала өміріндегі орны, қоғамдағы өзекті мәселе – ажырасу. Үлкен экранға бұндай идеяны комедия жанрында паш етіп, көрермен көкейіне күлдіре отырып ой салу – қажырлы еңбек, режиссерлік шеберлік, – дейді киноны тамашалаған өскемендік Еркежан Серікжанқызы.

Қала тұрғындарына арналған ерекше іс-шара «Юбилейный» кинотеатры мен «Казцинк» компаниясының бірлескен акциясы болды. Жаңа киноның тұсаукесерін шығыста өткізуге «Казцинк» компаниясы мұрындық болған.

– Біз қала тұрғындарына арналған мәдени және ойын-сауық бастамаларын әрқашан қолдауға тырысамыз. Ал «ТОЙ BOY» киносы –мейрам мен мектеп демалысы қарсаңында басталатын отбасылық комедия. Қазақстандық жас әртістер мен блогерлер ұлттық кинематографияны белсенді дамытып, таланттарының жаңа қырын ашып жатқаны қуантады, – деді «Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

 

Back to top button