Өскеменде «Бүркіт» әскери-патриоттық фильмінің тұсаукесері өтті
Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы “Бүркіт” толықметражды көркем фильмі көрерменге жол тартты. Отандық фильмді киносүйер қауыммен бірге Өскемендегі «Шығыс» өңірік қолбасшылығының жеке құрамы да тамашалады, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.
Ұлттық ұлан туралы отандық “АЮ Синема” кинокомпаниясы түсіріп жатқан үшінші әскери фильмнің қоюшы режиссері – Қазақстан кинематографиясында “Алтыншы бекет” және “Қазбат” әскери кинокартиналарының бас продюсері ретінде танымал Данияр Ибрагимов. Аталмыш фильм – оның режиссерлік жұмысындағы дебюті. Әскери сахналардың продюсерлік жұмысы арнайы күштердің ардагері, күрең берет иегері және жауынгерлік офицер Камал Жақсылықовқа жүктелген. Басты рөлдерде танымал актерлер Санжар Мәди, Дәурен Серғазин және Асылхан Төлепов ойнайды. Фильмде сондай-ақ танымал әнші және музыкант Ғалымжан Молданазарды көреміз. Антқа және қызметтік міндетке адалдықты мақсат тұтқан туынды әскерилердің көңілінен шыққандай.
– Қызыл күрең берет алу жолында – қажымас күш-жігердің қажеттілігі фильмде айшықталады. Күнделікті міндеттері қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру болып саналатын арнайы жасақ көпшілікті өз Отанын қастерлеуге шақырады. Өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамы жауынгерлік рухты дәріптейтін өнер туындысынан ерекше әсер алды деп ойлаймын, – дейді Шығыс” өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Денис Ча.
Кинокартинаның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам әскери қызметші қатысқан. Мәдени іс-шараға “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының Семей, Павлодар қаласындағы әскери бөлімдері де атсалысты. Шым-шытырық оқиғаға толы фильм алғашқы минуттан-ақ қалың көрерменді баурап алды. Залда ине шаншар орынның жоқтығы – туындының жоғары деңгейде түсірілгенін аңғартады. Осы орайда үлкен экранға енді шыққан фильмді тамашалап үлгерген Өскемен қаласының тұрғындары өз әсерлерімен бөлісті.
– Кинодан алған әсерімді жеткізу мүмкін емес. Менің жолдасым да әскери қызметші. Үйде отырып, шұғыл жұмысқа жөнелетін кездері де болады. Мен бүгінгі киноны көріп, жолдасымның қызметін түсіндім. Аса зор жауапкершілікті талап ететін маман екендігін бүгінгі кинотуынды толығымен сипаттап бергендей. Жалпы, Отан қорғау жолында аянбай еңбетіп жүрген жандарға зор денсаулық және қажымас қайрат тілеймін, – дейді қала тұрғыны Зарина Сұлтанбекова.
– Киноны бір деммен көріп шықтық. Бұрын-соңды арнайы жасақ туралы түсірілген қазақстандық кино көрмеппін. Алдағы уақытта жора-жолдастарыма да бұл фильмді көруге кеңес бермекпін. Актерларға да рахмет. Өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдап, жұмысын мініз атқарды, – дейді Зәуре Шарипова.
– Мұндай шытырман оқиғалы, экшн-фильмдерді шетелдік кинолардан ғана көретінбіз. Енді міне отандық киноөнімге де таңдай қағып тұрмыз. Жалпы, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда осындай кинолардың көп болғанын қалаймын, – дейді қала тұрғыны Мейіржан Исаков
Еске салайық, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған көркем фильм Мемлекет басшысының әскерге шақыру жасындағы және әскерге дейінгі жастармен жұмысты күшейту, оларды отансүйгіштік және Отанға қызмет ету рухында тәрбиелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырмасымен түсірілген.
Didar ақпарат