Тосыннан түсіріп алған
Жергілікті фотограф Андрей Куряшкин Семей өңірінде сирек кездесетін құс – таңшымшықты суретке түсірді. Құстар әлемін зерттеп, қанаттыларды суретке түсіріп жүргеніне талай жыл болған маман әлеуметтік желідегі оқырмандарынан сүйінші сұрады.
– Таяуда қаладағы Бейбітшілік аралында Ертіс өзенінің алқабында қоректеніп отырған таңшымшықты байқап қалдым. Бұл құс негізінен біздің өңірді мекен етпейді, ұя салмайды. Жаз кезінде де келмейді. Оны осы қала аумағынан көру – мүлде тосын жағдай, – деді Андрей Куряшкин.
Оның айтуынша, бұл құс бұған дейін Семейде 1924 жылдың желтоқсанында объективке іліккен. Екінші рет 1950 жылы түскен. Одан кейін 70 жыл бойы көрінбеген.
«Уикипедияның» мәліметіне сүйенсек, таңшымшық орманды жерді қыстайды. Бірақ ұясын тек қана Жайық өзенінің аңғарына салады.