Шағын кәсіпкерлік

Тортасынан айырған майдың жөні бөлек

«Қалауын тапсаң, қар жанар» дегендей, Глубокое ауданында қазақтың көне тағамдарын жаңа заманға икемдеп, бизнес бастап жатқан адам бар. Ол бүгінде ұтымды жоба құрып, «Еңбек» деп аталатын бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр.  Грант мөлшері – 555 мың теңге.

«Эко», «Био» деп көрсетілгеннің бәрі таза өнім емес»

 Динара – көпбалалы ана. Динараның отбасы Белоусовка кентінде тұрады. Ол әйелдердің барлығы үй шаруасымен ғана айналысып отыруы керек деген заман өткенін айтады. Қазіргі уақытта тұрмысты да, бизнесті де қатар алып жүруге әбден болады дейді.

– Мен – төрт баланың анасымын. Атаулы әлеуметтік көмек аламын. Дегенмен, мұнымен ғана шектеліп, мемлекеттің ақшасына қарап отыра беруге болмайды деп ойлаймын. Мемлекет жаппай кәсіпкерлікті, орта және шағын бизнесті қолдап жатыр. Мүмкіндікті пайдалана білу керек қой, – дейді Динараның өзі.

Айтуынша, Динараны жаңа кәсіп бастауға жетелеген бір себеп бар. Ол – табиғи таза өнімнің тапшылығы.

– Балаларым дүниеге келгелі табиғи өнімдерге шындап көңіл бөле бастадым. Киім-кешек іздесем де, ойыншық дүкендерін араласам да, азық-түлік алсам да, заттардың құрамын мұқият оқып шығамын. Өзімше шағын зерттеу жүргізіп, ол туралы таныс мамандардан кеңес сұраймын. Қазіргі кезде дүкендерде «эко», «био» деген тағамдар көп-ақ. Алайда соның барлығы әрдайым табиғи болып шықпайтынына көзім жетті, – дейді ол.

Ендеше Динара ханым қандай кәсіп бастауға бекінді дейсіз ғой? Ол – балаларына табиғи өнімдерден тәтті-дәмді тағамдарды жасап шығаруға кіріскен.

– Мен жасаған йогурт, айранда ешқандай консервант болмайды. Сонымен қоса, барлығы «свежий». Ал тортасынан айырған (топленое) майдың жөні бөлек. Денсаулыққа өте пайдалы, – дейді Динара ханым.

 

Сары майдан не артықшылығы бар?

Динараға майды тортасынан айырып дайындау туралы идеяны құрбысы ұсынған. Кейіпкеріміздің айтуынша, оның құрбысы – нутрициолог-маман, дұрыс тамақтану жөніндегі кеңесші.

– Құрбым науқастарды емдейді. Ол зерттеуі барысында майдың пайдалысы тортасынан айырғаны екеніне көзі жетіп, оны емдеу шараларының хаттамасына қосқан. Бірақ қанша іздесе де, еш жерден нағыз тортасынан айырған майды таба алмаған, – дейді Динара.

Оның айтуынша, қайнаған кезде майдың ішіндегі тұзы бетіне қалқып шығады. Соны қалқып алып, майдың өзін суыту керек. Мұны қазақ «тортасынан айырған май» деп атайды. Ғылыми тілде «ГХИ» десе түсінікті. «Тұзы бар майды былай да жақтырмайтын адамдар бар. Оларға да таптырмас өнім осы деп ойлаймын», – дейді жас кәсіпкер.

– Оттың астын ақырын ғана қойып, майды баяу қайнатамын. Кәдімгі майда ылғал мөлшері 20 пайыз болса, тортасынан айырған майда небары бес пайыз ғана сақталады. Сонымен қоса дайындау кезінде лактоза (сүттің өзінде болатын қанты) мен казеин (ақуыз заты) да жойылады. Осылайша, денсаулыққа пайдалы, май қышқылы қою өнім дайындалып шығады, – дейді Динара.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл өнімнің кәдімгі сары майдан артықшылығы көп. Тортасынан айырған май бөлме температурасында ұзақ сақталады, жоғары температурада күйіп кетпейді, тамақ қуыруға да болады.

– Біріншіден, дүкендердегі кәдуілгі тортасынан айырған май пайдалану мерзімі өткен өнімдерден дайындалады. Екіншіден, оларды термиялық негізде өңдейтіндіктен, бұл әдіс өнім сапасына теріс әсер етеді, – дейді Динара.

555 мың теңге алды

 Кейінгі жылдары мемлекет жаппай кәсіпкерлікті дамытуға байланысты үлкен жобаларды іске асырды. Карантин шектеулері кезінде де кәсіпкерлерге белгілі мөлшерде жеңілдіктер қарастырылды, сонымен қоса жаңадан бизнес бастаймын дегендерге жәрдемдесу де тоқтап қалған жоқ. Бұл мақсатта Глубокое ауданында біршама іс-шара атқарылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, «Еңбек» бағдарламасы аясында биыл 38 адамға қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарланса, соның 28-і қажетті соманы қолына алып та қойды.

– Қазіргі таңда 28 адамға барлығы 15,5 млн. теңге көлемінде грант берілген. Оның ішінде 17-сі – көпбалалы аналар. Қалғаны – жұмыссыз жастар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедек жандар мен жұмыссыздар. Берілген гранттардың сомасы бір адамға 555 мыңнан басталады, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Алтай  Қалиғожин.

Сондай-ақ ауданда биыл 13 тұрғынға 48 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген шағын несие берілген. Оның ішінде үшеуі – көпбалалы аналар.

Оның айтуынша, ауылды жерде NEET санатындағы жастар, яғни еш жерде жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын жастар бар. Сол секілді декретте отырған аналар да жетерлік. Қазір оларға жаңа кәсіп бастауға зор мүмкіндік жасалған.

– Кез келген жұмыссыз адам жұмыспен қамту орталығына келе алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. «Еңбек» деген бағдарлама аясында келушілерге өңірдегі ең керекті деген мамандықтар бойынша қалаған курстарын оқытамыз. «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары аясында өздерінің бизнес-жоспарларын жазып, грант ұтып алуына көмек көрсетеміз. Ұтымды жобалар бойынша кеңес те береміз, – дейді Алтай  Қалиғожин.

Milky Kamila – бренд

Алтай Қалиғожин ұтымды жобалардың иесінің бірі ретінде Динара Орымбаеваны ерекше атап өтті.

– Экологиялық таза өнім қашан да сұранысқа ие. Тек оны барлық жерден табу мүмкін емес. Сондықтан таза өнімдер қатары көбейіп жатса, тұтынушы саны артып, бастаған кәсіп дамып кететініне сенімдіміз. Біз Динараның ұтымды жобасын қуана құптадық, – деді жұмыспен қамту орталығының директоры.

Динара өзінің өнімдерін қызының есімімен атаған. Болашақта брендке айналады деп сенеді.

– Грантты жазда ұтып алғанмын, алайда карантин шектеулеріне байланысты іске енді ғана кірісіп жатырмын. Алғашқы өнімімді осыдан үш апта бұрын ғана шығардым. Балаларым йогурт пен айранды таласа-тармаса ішіп-жеп, тамсана тауысып қойды. Жалпы, менің балаларымның ішінде қызым тамаққа талғаммен қарайды. Сол себепті де өнімдерімді Milky Kamila деп, қызымның атына байланыстырып атадым, – деді Динара.

Ол дизайнерге арнайылап тұрып логотип жасатқан. Бүгінде логотипі бар қағаздарды типографиядан басып шығартады. «Бұл дегеніміз – кәсіпкердің іске шындап кіріскенінің көрінісі», – дейді жұмыспен қамту орталығының директоры.

Кәсіпкер өзінің өнімін қандай адамдар тұтынатынын да айтып берді.

– Мәселе сырқатыңнан сауығу үшін ем-дом жасауда емес. Өзінің денсаулығына ұқыпты қарайтын кез келген адам менің өнімімді пайланады. Клиенттерім тамақ пісіру үшін, кофе, какаоға қосу үшін де алып жатады. Бұрын апаларымыздың бәрі осы майды шайларына қосып ішетін. Қазіргі кезде бұл үрдіс bulletproof coffee деп аталады. Яғни жастар жағы кофеге қосып ішеді, – деді грант иегері.

Динара бүгінде тұтынушылар қатары артып келе жатқанын айтады. Ол өз өнімдеріне қажетті сүтті жақын маңдағы шағын шаруа қожалық иесінен алады. Ол: «Осылайша, жергілікті шаруа қожалығын да қолдап отырмын», – дейді. Динара алдағы уақытта өнімдерінің түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Алдымен сыр жасап шығармақшы.

Тасқын Болатұлы

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button